Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Такси тарифтері 9,1 пайызға өскен
«Energyprom.kz» мәліметінше, такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы бір жылда (2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында) 17 пайызға өсіпті. Осы кезеңде такси қызметін пайдаланатын адам саны азайған. Былтырғы қаңтар-қарашада такси секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция бір жыл бұрынғымен салыстырғанда өсіп, құндық мәндегі инвестицияның жылдық өсімі 51,8 пайыз болған. Инвестицияның ең көп көлемі Алматы қаласына түскен.
2022 жылдың желтоқсанында такси тарифтері өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9,1 пайызға өскен. Өңірлер бойынша ең көп өсім Алматы қаласында, ең аз жылдық өсім Маңғыстау облысында тіркелген. Тағы үш облыста — Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстанда баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ такси қызметінің құны 0,61 долларды құрап, ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткішті тіркеді.
Арман ақиқатқа айналмай тұр
Еліміздегі такси нарығының ең үлкен көлемін алып отырған ірі такси платформасы – ресейлік «Яндекс» компаниясы. Одан бөлек, «inDrive», «Enrive», «Aparu», «Region» сияқты шағын такси сервистері бар. Өз такси агрегаторымызды жасайық деп айтылғалы біраз болды. Алайда бұл білек сыбанып кірісіп кететіндей оңай шаруа емес. «NEO AI» негізін қалаушы, ІТ маманы Айдын Маутханның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың өзіндік қиындығы жетерлік.
«Өйткені ІТ саласында қателікке жол беруге болмайды. Әсіресе такси қызметі секілді сағатына мыңдаған сұранысты қамтамасыз ете алатын және тұтынушының жеке дерегінің қауіпсіздігін сақтай алатын өнімді құрастыру оңай емес. Мұндай жобаны жасау миллиондаған қаржыны талап етеді. Бізге ресурсы өте ауқымды, технологиясы дамыған, «Яндекспен» бәсекелесе алатын жоба керек. Өкінішке қарай, қазір бұл мүмкін емес. Еліміздегі таксопарктерге «Яндекспен» жұмыс істеген ыңғайлы. Сондықтан серіктесті өзгертуді қажет деп санамайды. Тіпті қытайлық гигант «Didi» компаниясының өзі де біздің нарықта онымен бәсекелесе алмады. Кез келген такси қызметі жетістікке жету үшін алдымен тұтынушының сеніміне ие болуы керек. Біздің халық «Яндекс» ұсынып отырған ыңғайлы, жайлы, тұрақты сервиске үйреніп қалды. Халықты жаңа сервиске көшуге көндіру үшін шын мәнінде таңғалдыра алатындай жоба жасалуға тиіс. Отандық такси платформасын жасағысы келетін азаматтар үшін қаржыдан бөлек, лицензия мен рұқсат қағаздарын алудың қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Осының барлығын ескерсек, жақын арада «Яндекспен» бәсекелесе алатын Қазақстанның өз такси қызметі іске қосылады деп айту қиын», дейді Айдын Маутхан.
«Қайырымды жан» неге сәтсіздікке ұшырады?
Бұл салада бағын сынап көргісі келген отандық такси платформалары жоқ емес. Бірақ бәрі де басын жақсы бастағанымен, орта жолда тоқтап, әрі қарай жұмысты үйлестіре алмаған. Солардың бірі – «Қайырымды жан» онлайн такси сервисі. Алты аймақты қамтуды қолға алған отандық такси сервисі жұмысының неліктен сәтсіздікке ұшырағанын жоба жетекшілерінің бірі Әсет Болатбековтен сұрап көрдік.
«Жұмысымыз өте жақсы басталды. Өзге такси сервистерінен ерекшелігіміз – біздің қолданбамызда тек балалар мен әйел азаматтарына жекелей қызмет көрсететін бөлімді таңдау мүмкіндігі болды. Сондай-ақ таксиде келеңсіз жағдай орнаса, жолаушы мобильді қосымша ішіндегі «техникалық қолдау» батырмасын басып, бірден телефон шала алады. Бәсекелестерімізге қарағанда жүру құнын арзан және тұрақты қылдық. Жүргізушілерге зейнетақы, әлеуметтік төлемдер және салықтық төлемдерді аударып отыру мүмкіндігі қарастырылды», дейді.
Айтуынша, такси қызметін пайдаланған әр адамға қайырымдылық жасау мүмкіндігі де ұсынылған. Мысалы, әр жүргізушіден ұсталатын 13 пайыз комиссияның 7 пайызы «Қайырымды жан» қайырымдылық қорына аударылып, болашақта мұқтаж адамдарға көмекке жұмсалады деп жоспарланған. Қалған 6 пайыздың 3 пайызы жүргізушінің әлеуметтік төлемдеріне, 3 пайызы компания қажетіне деп есептелген.
«Қызметімізді Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Орал, Ақтөбе қаласының тұрғындарына ұсындық. Тұтынушылар «Қайырымды жан» мобильді қосымшасын пайдаланды. Ал жүргізушілер «Қайырымды такси» платформасына тіркелді. Осындай жоспармен бір жылдан астам уақыт халыққа қызмет көрсеттік. Басында демеушілеріміз жақсы инвестиция салды. Әр қаладан 1 000-2 000-ға дейін жүргізуші тіркелді. Бірақ олардың тек 10 пайызы ғана жұмыс істеді. Тұтынушыларымыздың саны 50 мыңға дейін жетті. Алайда Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда жұмысты жүргізу қиындық тудырды. Тек Таразда ғана жыл бойына тоқтаусыз қызмет көрсеттік. Үлкен қалаларда автобус жолағына рұқсат ала алмадық. Оның үстіне жарнамамыз да жеткіліксіз болды. Отандық телеарналардан қызметімізді жарнамалауды өтіндік. Бірақ олардың сұрайтын ақысы өте қымбат. Оны біздің қалтамыз көтермеді», дейді.
Осыдан соң инвесторлар да біртіндеп қаржы құюды тоқтатып, жобаға ақша салу былай тұрсын, операторлардың жалақысын төлеу де мұңға айналған. Дегенмен жоба негізін қалаушылардың бұдан сағы сынған жоқ. Қазір жобаны дамытып, оған жеткізу қызметін қосуды ойластырып отыр.
«Отандық такси қызметіне қолдау көрсеткісі келетін кәсіпкер азаматтар қаржы құйса және мемлекет тарапынан автобус жолағына рұқсат алуға, жарнама жасауға қолдау болса жұмысты жандандыруға әбден болады. Жұмысымызды жалғастыру үшін демеуші іздеп жатырмыз», деді Ә.Болатбеков.
Қанатқақты жобаның пайдасы
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2023 жылдың қыркүйегінде елдегі такси қызметін платформалық жұмыспен қамту бойынша қанатқақты жоба іске қосылған. Бірінші кезеңде «Яндекс Такси Корп» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы келісім жасалып, жобаға 13,3 мың такси жүргізушісі қатысқан.
Жобаға қатысудың жүргізушілер үшін тиімді тұсы көп. Біріншіден, салық мөлшерлемесі төмендейді. Екіншіден, салық декларацияларын толтыру қажеттілігі болмайды, яғни мобильді қосымша кірістер бойынша есепке алуды автоматты түрде қалыптастырады. Үшіншіден, жүргізушілер таксопарк комиссиясын төлеуден 4 пайыз мөлшерінде босатылады. Жоба аясында жүргізушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және арнайы мобильді қосымшаны қолданады. «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы чекті қалыптастыруды және оларды «Яндекс» платформасымен беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кірістерді есепке алу, міндеттемелерді автоматты түрде есептеу жүргізіледі, осыған байланысты декларация өткізудің қажеті болмайды. Жеке табыс салығы мөлшерлемесі – табыстың 1 пайызын, әлеуметтік төлемдердің мөлшері 17,4 мың теңгені құрайды.
IT маман, блогер Аршат Ораздың айтуынша, отандық такси қызметін жасауға болады.
«Негізі отандық такси жобасы туралы ойластырып көрдім. Жасауға болатын нәрсе. Бірақ сервер ұстау, төлем модулі, қауіпсіздік, салық мәселелері сияқты нәрселерге біраз ресурс керек екен. Ал мұндай фундамент банктерде бар. Сондықтан алдағы уақытта банк тарапынан осындай қызмет ашылса, таңғалмаймын», дейді.
Баян СҮЙЕУОВА,
журналист