Еңбек • 24 Тамыз, 2024

Тігін шеберлік сабағы

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Joltap» әлеуметтік бағдарламасы аясында тігін ісі бойынша шеберлік сабағы өтті. Елорда әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жоба тұрақты табыс табуға ниеттенген азаматтарға арналған. Бүгінде игі бастама көмегімен 5 мыңнан астам тұрғын оқудан өтіп, олардың 3 мыңға жуығы жұмысқа орналасты.

Тігін шеберлік сабағы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әлеуметтік бағдарламаға қа­ты­сып, жақсы табыс табу үшін әлеуетін арттыруға келгендердің бірі – Айман Сағындықова. Жоба аясында астаналық тұрғын арнайы маманнан ұлттық киімдерді тігудің әдіс-тәсілдерін меңгерді.

– Қазақтың ұлттық киімі дегенде көз алдымызға оюлы шапан, зерлі қамзол, саптама етік киген, сәні мен сымбаты жарас­қан кісінің түр-сипаты ойға келе­ді. Бұл үйірме жұмысында біз қолөнер түрлерімен айналысу мақсатында шапан және көйлек тігудің технологиясын үйрендік. Әрине, ұлттық киімді дайындау барысы бірнеше кезеңнен өтеді. Мұнда жеке талғамға көбірек зейін қо­йылады. Шеберлік сағат барысында ою-өрнекті қолмен кестелеу және компьютермен түсіруді көрсетті, дейді ол.

Индира Жадаева да «Joltap» жобасының түлегі. Ісмер оқыту­шы­ның мұқият бақы­лауы­мен үлгіні құрастыру, матаға ауыстыру, пішу және тігу сияқты бірегей бұйымды жасаудың қыр-сырын үйренді.

– Оқығаныма өте ризамын. Мен көптеген жаңа дағдыларға ие болдым және инновациялар туралы білдім, деді қатысушы.

Жалпы, жобаны іске асы­руда кешенді жоспар былтыр бекі­тілген. Бастаманың мақ­­сатты ауди­­­ториясы – жұмыссыздар және еңбек нары­ғында бағдар­лан­баған NEET сана­тындағы жас­тар, тәжірибесі мен біліктілігі жоқ азаматтар. Сондай-ақ кірісін арт­тыруға мүдделі отан­дас­та­ры­мызға арналған.

Бағдарлама аясында тегін қысқамерзімді курстарға «Бар­шаға мүмкіндік» модульдік пункт­­терінде жазылуға болады. Оқы­ту 8 жұмыс дағдысы: тігінші, сәнгер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, сатушы-кассир, электр газбен дәнекерлеуші, бариста, аяқ киімді жөндеу және 7 цифрлық дағдылар: SMM, сайттарды әзірлеу, бейнемонтаж, графикалық дизайн, мобилография, маркетплейстердегі сауда, таргет бойынша өтеді.