Жиында Мемлекеттік кеңесшіге Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки және томдардың жетекшілері мен редакторлары – Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Болат Көмеков, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары Шамек Тілеубаев, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған ғылыми басылымның дайындалу барысы туралы баяндады.
Талқылауға Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ республикалық және аймақтық архивтер мен музейлердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Ерлан Қарин көптомдықтың мазмұнын республикалық және өлкетану музейлерінен алынған сапалы ғылыми көрнекі материалдармен, тарихи карталармен, архив құжаттарының фотокөшірмелерімен және басқа да құжаттармен толықтыру қажет екенін айтты.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші барлық мектеп және университет бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу құралдарына арқау болатын Қазақстан тарихы академиялық басылымының маңызын ерекше атап өтті.