Фото: kstnews.kz
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде кейінгі екі жылда магистралдық жылу желілерінің тозу деңгейі 31 пайызға, ал тоқсандық желілердің тозу деңгейі 66 пайызға дейін төмендеді. Сапар аясында депутат салынып жатқан екі спорт кешені мен 900 және 1 200 орындық мектептердің құрылыс алаңына барды. Сондай-ақ тұрғын үйлерді қалпына келтіру бағытындағы жұмыстармен де танысты.
Сонымен қатар сенатор Әулиекөл ауданының тұрғындарымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Іс-шара барысында аудан инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік сатып алу мәселелері, ауыл шаруашылығын субсидиялау, салық салу, шағын және орта бизнесті қолдау және халықты тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Сапарымыздың басты мақсаты – өңірлердегі өзекті проблемаларды көзімізбен көріп, оларды жергілікті тұрғындармен ашық талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Барлық мәселені депутаттық қызметте ескереміз. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізілуі де мүмкін. Ең бастысы, бұл үдерісте әр тұрғынның пікірін ескеру маңызды», деді Сергей Каплюк.
Сондай-ақ депутат мектепті қайта қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйіне назар аударды. Одан бөлек, Аманқарағай ауылындағы ауылдық мәдениет үйі мен балалар жазғы лагеріне және Әулиекөл ауылындағы жаңа балабақшаға барды.
Сенатордың Қостанай облыстық мәслихатының депутаттарымен кездесуінде ауыл шаруашылығын субсидиялау және көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды. Ал облыстық бадминтон федерациясының өкілдерімен жүздесуде сала мамандары спортшыларды даярлау сапасы мен спорт залдарын материалдық-техникалық жабдықтау бағытындағы басымдықтарға тоқталды.