13 Маусым, 2015

Мен бұған дейін мұндай терең сөзді естіп көрген емеспін

369 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
ERA_0665+«Әл-Иттихад» газетінің бас редакторы Мұхаммед әл-Хаммади: Мен бұған дейін мұндай терең сөзді естіп көрген емеспін «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында, яғни еліміздің қара шаңырағында әртүрлі лауазым иелері ауық-ауық болып тұрады. Бірақ шетелдік қонақтардың болуы онша жиі емес. Газеттің алдыңғы бір санында сондай қымбатты қонағымыздың ортамызға келгені туралы қысқаша айтқанбыз. Енді сол салиқалы кездесу барысына кеңірек тоқталып өтуді жөн көрдік. Қонағымызды ұжымға таныстырған газет басшысы Сауытбек Абдрахманов Біріккен Араб Әмірліктерінің бас басылымы «әл-Иттихад» газетінің бас редакторы Мұхаммед әл-Хаммади мырзамен өткен жылы, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының Абу-Дабидегі тұсаукесері тұсында кездескенін, редакцияда сұхбаттасқанын айтып өтті. С.Абдрахманов «Егемен Қазақстан» газетінің қызметіне қысқаша тоқталып, аға басылымның 95 жылдық тарихы бар екенін, газеттің 90 жылдығында елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы ғимаратқа келіп, ұжымды құттықтап, осы ғимаратты өзі ашып бергендігін жеткізді. «Әл-Иттихад» газеті де біздің «Егемен Қазақстан» газеті секілді БАӘ-ның бас басылымы болып табылады. Таныстыру барысында С. Абдрахманов мынандай бір қызықты жайтты да айтып берді. «Біз «Егемен Қазақстан» газетінің 95 жылдық торқалы тойын атап өтуге дайындық барысында жаңа бір әдемі идея­ны жүзеге асырған едік. «Әл-Иттихад» газетінің алғашқы нөмірі 1969 жылы 20 қазанда шыққан. Бұл кісі өткен жылы сол газеттің бірінші бетінің сувенир етіп жасалған түрін маған сыйлаған болатын. Не керек, біз сол сувенирдің идеясын алып, газеттің 95 жылдығында пайдаландық. Онда «Әл-Иттихад» газетінің бірінші нөмірінің суреті салынған дедік, ал біз газеттің тарихына орын беріп, яғни оның қай жылдары қалай аталғанын жаздық. Сөйтіп, тартымды кәдесый пайда болды. Бұған дейін бұл идеяны қайдан алғанымды айтқан жоқ едім, енді айтудың реті келіп тұр, деді С.Абдрахманов әзіл-шынын араластыра. Мұхаммед әл-Хаммади 1991 жылы аталған газетте қызметін тілші болудан бастаған екен. 2013 жылдан бері газеттің бас редакторы қызметін атқарып келеді. Ол БАӘ Журналистері ассоциациясы мен Араб-жастары көшбасшылары ассоциациясының негізін қалаушы және Араб жур­налистері феде­ра­циясының мүшесі болып табылады. Сондай-ақ, Мұхаммед әл-Хаммади БАӘ бұқаралық ақпарат саласы бойынша ұлттық консультативтік кеңестің мүшесі және фотосурет саласы бойынша шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактума атындағы халықаралық қайырымдылық сыйлығы кеңесіне кіреді. Бұған қоса ол халықаралық экологиялық кино­фестивалінің (ADIEFF) не­гізін қалаушы және төрағасы болып табылады. Жергілікті және халықаралық оқиғаларға байланысты жазылған 3000-нан аса мақалалар авторы. ERA_0710 Құрметті қонағымызға қойылған сұрақтар мен қайтарылған жауаптарды газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. – Құрметті Мұхаммед әл-Хаммади мырза, сонымен Қазақ елінің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті шаңырағына қош келдіңіз! Әңгімемізді «Әл-Иттихад» газетінен бастасақ дейміз. Газет және оның елдегі алар орны туралы айтып берсеңіз. – «Иттихад» сөзі араб тілінен аударғанда «одақ» деген мағынаны білдіреді. Бұл газет еліміздегі ең байырғы және ең бір беделді басылым болып табылады. Ол сол аймақтағы айтулы «Abu Dhabi Media Cо» медиа корпорациясының құрамына енеді. «Әл-Иттихад» БАӘ, жалпы тұтас аймақтың мемлекеттік билік органдарының қызметі туралы, елдің саяси, қоғамдық, экономикалық, мәдени өмірі жайында ақпарат таратады. 1969 жылы газеттің негізі Абу-Дабиде қаланып, сол жылдың 20 қазанында алғашқы нөмірі жарық көрген. Алғашқыда ол апталық газет болды. Кейін 1972 жылдың сәуір айынан бас­тап күнделікті шығатын басылымға айналды. Әрине, сіздермен салыстырғанда біздің газеттің тарихы онша үлкен емес. 1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктері Ұлыбританиядан тәуелсіздік алды. Содан бері өз бетінше дамып келеді. Ел халқының саны 8 миллионның үстінде. Газет алғашқы кезде отыз мың данамен тараса, бүгінгі күні тиражы 100 мың данаға жетіп отыр. Газет араб елдері арасында, Парсы шыға­на­ғындағы бірлі-жарым елдерге ғана тарайды. Ал жалпы менің мұнда қуана келген­дігімнің басты себебі де, тәжірибені сіз­дерден үйренсем деген үміт басым. Біздің басылым Біріккен Араб Әмірліктері арасында күнделікті ақпарат таратуда көшбасшы газет болып есептелінеді. Жалпы «Әл-Иттихад» газетін шығару ісі тәуелсіздікке дейін қолға алынған. Содан бері үзілмей шығып келеді. Газет күніне 95 бет болып шығады. – «Әл-Иттихадтың» қосымшалары бар ма? – Қазіргі таңда «Әл-Иттихадтың» төрт қосымшасы бар. Олардың ішіндегі 16 беттігі – спорт жаңалықтарына, 12 беттігі – «Федерация әлеміне» және 16 беттігі экономика тақырыбына арналған. Ал төртінші қосымша мәдениет тақырыбын қамтып, күнбе-күн 24 бет болып шығады. Тілшілер бекеттері Абу-Дабиде, Дубайда, Фуджерейде, Рас әл-Хейме мен басқа да әмірліктерде бар, сондай-ақ Бейрут пен Каирде өкілдіктер ашылған. – Газет қызметкерлерінің саны қанша адам? – Қызметкерлер саны 230-ды құрайды. – Ал осы 230 адамның қаншасы журналист? – 230-дың ішіндегі 95 адам журналист. Газет те 95 бет болып шығады. – Сіздердің газеттеріңіздің таралымы соңғы жылдары үнемі өсіп келеді екен. Өзіңіз де жақсы білесіз, бүгінгі таңда газеттердің көпшілігі интернет нұсқаға қарай ауып жатыр. Осы орайда таралымды өсіруге қандай мүмкіндіктерді пайдаланып отырсыздар? – Мұндай сұрақтар бізді де қызық­тырады. Әрине, газетіміз қаржы табудың бір көзі екендігі рас. Сондықтан соңғы уақыттары біз газеттің оқылуын арттыру үшін түрлі амалдарға барудамыз. Ондағы мақалаларды жұртқа таныстыру үшін дүниедегі техниканың ең соңғы жетістіктерін пайдалануға көштік. Бөлек онлайн редакциямыз бар. Сондай-ақ «Әл-Иттихад» БАӘ Интернеттің дүниежүзілік жүйесі әлеміне 1996 жылдың 15 наурызынан бастап енген алғашқы газет болып табылады. Ал 1981 жылдан бастап «Әл-Иттихад» газетінің материалдары араб елдеріндегі спутниктік байланыс арқылы таратыла бас­тады. Бұл кезде газеттің Абу-Даби мен Дубайдағы баспаханалары бір мезгілде іске қосылған болатын. Тіпті сағат секілді қолыңызға тағатын электронды ақпарат алуға болатын құрылғыларды да пайдаланып жатырмыз. Ықшам жарнамаларымыз осы арқылы беріліп тұрады. Мұндай амалдардың септігі тиіп жатыр. Сондықтан біз газеттің онлайн нұсқасын жұрттың тегін ақпарат алуына арнаймыз. Ал осы арқылы сұраныс туындағандықтан адамдар газетті сатып ала бастайды. Міне, қысқаша айтқанда, осындай қарапайым амалдар арқылы газеттің тиражын ұлғайтуға ықпал етеміз. – Газеттің төрт қосымшасы бар дедіңіз. Соның қайсысы көбірек оқы­лымды? – Жалпы, бізде оқырмандар қоғамдағы ішкі мәселелерді көбірек оқиды. Сонымен қатар, жұрт спортқа, әсіресе, футбол туралы жарияланымдарға жақын жүреді. Бұдан кейін мәдениет саласына үлкен көңіл бөледі. – Редакцияның құрылымы туралы айтып берсеңіз? – Редакция құрылымы алдымен, әкім­шіліктен, яғни директор, бөлім басшылары (газетте негізінен тоғыз бөлім бар), хатшылық, одан кейін журналистер, тілшілер. – Тоғыз бөлім бар дедіңіз. Олар қалай аталатынына тоқталып өтсеңіз. – Алдымен жергілікті қоғамдық мәсе­лелерге байланысты қоғамдық-саяси бөлім, экономика, спорт, ақпарат, мәдениет, сараптама, құқық және т.б. – Газеттің 95 бетінің қанша беті шамамен алғанда жарнамаға беріледі? – Жарнамаға газеттен 35-40 пайыз орын беріледі. – Газетке қаржы осы жарнамадан ба, әлде жазылымнан түсе ме, әлде мемлекеттен беріле ме? – Әрине, қаржы негізінен жарнамадан түседі. Ал мемлекеттен тікелей берілетін қаржы көзі жоқ. Ұлттық компаниялардың ақылы мақалалары арқылы бөлінеді. – Журналист ретінде қандай тақы­рыпқа бейімделгенсіз? Қай тақырыпты жаныңызға жақын тұтып жазасыз? – Мен негізінен саясат мәселесін, терроризм мен ислам, саяси ислам жайында, Парсы шығанағы елдері туралы, яғни осы саланың маманы ретінде көбірек жазамын. Бұл тақырыптар туралы жазу өзіме ұнайды. – Араб әлемінің журналистикасына тән сипаттар мен ерекшеліктер туралы айтып берсеңіз? – Араб әлемінде 22 мемлекет бар. Сондықтан, араб әлемінің журналистикасына мынандай ортақ сипаттар мен ерекшеліктер бар деп нақты айту қиын. Өйткені, ана Оманнан бастап, Мароккоға дейін елдерде ол сипаттар әртүрлі. – Сіздердегі тілшілердің жалақысы қанша? – Тілшілердің жалақысы орта есеппен 5-7 мың АҚШ доллары көлемінде шығады. Қызметін енді бастаған тілшілер 5 мың доллар алады. – Ал елдегі жалпы орташа жалақы қанша? – Шамамен алғанда елдегі орташа жалақының көлемі 10 мың АҚШ долларына жетіп жығылады. – Неліктен елдегі орташа айлық дең­гейінен журналистердің жалақысы төмен? – Бұл нарыққа байланысты жағдай, журналистер жалақысына нарық қана әсер ете алады. – Ал журналистер жазған дүниелеріне қаламақы ала ма? Алса, қанша доллар көлемінде алады? – Қаламақы?! Жоқ. Ондай артық ақша бізде атымен төленбейді. Атқарған қызметіне лайықты деп белгіленген айлық қана беріледі, болды. – Сонда журналистерді, басқа да авторларды газетке жақсы мақалалар жазу үшін қалай тартады, ынталандырады? – Бұл арада ел ішінде газеттің алар орнын және халықтың оған деген сенімін айту қажет. Халық біздің газетімізге ерекше сенім артады. Осыған байланысты әр журналист өзінің мақаласы оқылмай қалмайтындығын жақсы біледі. Демек, менің жазғанымды осы газет арқылы халық оқыса екен деген ынталанушылар көп. – Журналистерге сыйлық беріле ме? – Сыйлық беріледі. Ал сіздерде журналист қанша жалақы алады? – Бізде журналистің алатын орташа жалақысы 800-900 АҚШ долларындай ғана. – Аз екен-ау, ә! Бізде, әрине, көптеу ғой, бірақ қымбатшылық та басым. – Газеттеріңізде, басқа да жарияла­нымдарда Қазақстан туралы қан­ша­лықты жазылып тұрады? – Шыны керек, өте сирек жазылады. Бірақ, жалпы БАҚ-та толыққанды ақпараттар беріліп тұрады. – Ал өзіңіз Қазақстан туралы қан­шалықты білесіз? – Әрине, анау айтқандай жетік білемін деп айта алмаймын. Бірақ елдің жағдайы туралы, Президенттеріңіз туралы хабарларды қалт жібермей қарап отырамын. Мемлекеттік органдардың Қазақстан жөнінде берілетін ақпараттарына ұдайы назар саламын. Оның үстіне менің қазақ досым біздің елде елші, онымен үнемі Қазақстан туралы әңгімелесіп тұрамыз. Сондықтан мен Қазақстанның қазіргі даму барысынан хабардармын. Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін бүгінде атқарылып жатқан орасан зор істер туралы да естідім. Өркениеттің өріне көтерілген Қазақстанға таңданысым да, құрметім де өте зор. – Өткен жылы Біріккен Араб Әмір­ліктерінде «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­­баян» атты кітабы араб тілінде жа­рық көрді. Сіз ол кітаппен таныссыз деп ой­лаймын. Біздің еліміздің Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев туралы ойла­ры­ңыз­бен бөлісуді сұраймыз. – Әрине, бұл кітап туралы білемін, оның мазмұнымен таныстым. Әлем танитын сіздердің президенттеріңіз, яғни Нұрсұлтан Назарбаев туралы менің пікірім өте жоғары. Әсіресе, бүгін (кездесу 10 мау­сымда өткен еді – А.Т.) Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде айтылған: «Халықаралық терроризм қатері «ислам мемлекеті» деп аталатын іс-қимылдар пішінін қабылдады. Өздеріне қаратып алудың жаһандық желісін пайдалану арқылы әлемнің түрлі елдеріндегі жастар оның қатарына тартылуда. Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жантүршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы санғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демес­ке лаж жоқ. Оның үстіне қазіргі заманғы әлемде аш және жоқ-жітік адамдар азаймай отыр. Бүгінде, БҰҰ мәліметтері бойынша, 700 миллион бала мен жасөспірім кедейшілік жағдайында өмір сүруде. Тағы 150 миллионы – тастанды балалар. Мектептердің болмауынан 100 миллион баланың бі­лім алуға мүмкіндіктері жоқ. 10 миллио­ны дәрі-дәрмек пен медикаменттер же­тімсіздігінен зардап шегуде. Әлеуметтік қолайсыздықтың, ал одан кейін қылмыстың, әлеуметтік дүрдараздықтың, терроризм мен экстремизмнің бастапқы ортасы да міне, осы» деген сөздерін әлем естуі тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің барлық дін өкілдерін ұстамдылық пен төзімділікке, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға, бейбітшілікке және адамдар арасындағы келісімге шақырды. Міне, адам баласының жұдырықтай жерімізде бейбіт өмір сүруі үшін осындай кемел сөздер айтатын көреген адамдар қажет. Ал қазір мұндай адамдар жоқтың қасы. Мен өз басым бұған дейін дін тақырыбында мұндай терең сөзді естіп көрген емеспін. Ерекше риза болдым. – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздану мен әлемде ядролық сынаққа тыйым салу жөнінде, жалпы ядролық қырып-жоятын қаруларды жою туралы әлемде бірінші болып бастама көтергені белгілі. Сіз бұл жайында не айта аласыз? – Иә, бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан әлемде тұрақтылықты сақтаудың ен бас­ты үлгісі болып табылады. Біз мұны қуана құптаймыз. Бұл туралы газетте жазғанбыз. Мәселен, өткен жылы Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «АТОМ» халықаралық жобасының мәні туралы  «Әл-Иттихад» өзінің оқырмандарына жете түсіндіріп берді. Осы газетте берілген «Ядросыз әлем – бұл жаһандық мақсат» атты мақалада «АТОМ» жобасының көздегені барлық елдердің ядролық қаруларды жойып және ядролық қаруларды сынауды толықтай тоқтату үшін халықаралық қауымдастықтың біріккен күші қажеттігі баса айтылды. Бұл кезге дейін осы АТОМ жобасының онлайн тілектер нұсқасында мұны қуаттап БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған 100 шақты елдерден 100 000-нан аса адам қол қойған. Біздіңше Қазақстан әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында кез келген елге ерікті түрде қолдау білдірудің үлгісі болып табылады. Мәселен, соның бір жарқын көрінісі, 2006 жылдың 8 қыркүйегінде Семей қаласында Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан БҰҰ тығыз ынтымақтаса отырып, Орталық Азия аймағында ядросыз алаң құру туралы шартқа қол қойды. Біздің газет бұл мәселеге айрықша ынтамен қарап, мұны ядролық қаруларды таратпау режімін күшейту және террористердің қолына жаппай қырып-жою қаруларының түспеуіне қарсы әрекет етудің нақты амалы деп жазды. Сондықтан біз газетте ядролық қаруларды қолданатын террористік әрекеттер халықаралық қауіп­сіздікке төнетін ең қатерлі шақырулар екендігін және алдын алмаса мұндай әрекеттердің болуы бүгінгі таңда ғажап еместігін де ашық айттық. Мұны бірқатар елдердің және террористік ұйымдардың ядролық қаруларды қалайда қолға түсіруге деген ұмтылысынан-ақ байқауға болады. Өйткені, террорлық және зорлық-зомбылық жасау жолын таңдағандар жаппай қырып-жоятын қаруларды қалайда, қайтсе де, қайткен күнде де қолына түсірмей тынбайтыны анық. Демек, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тұрғыдағы іс-әрекеті дүние жүзі жаппай қолдайтын ең басты және ең қажетті іс-әрекет деп білемін. – ЭКСПО-2020 көрмесі Дубайда өте­­тіндігі белгілі. Былай қарасаңыз, он­сыз да бүкіл әлемнен турист толас­тамай ағылып жатқан қалаға мұндай көрме үшін таласудың не қажеті болды? ЭКСПО-2020 Әмірліктерге не береді? Біз мұны ЭКСПО-2017 көрмесі Астанада өтетіндіктен де сұрап отырмыз. – Қазіргі таңда араб елдері туралы жалған түсінік тарап кеткен. Террористер, экстремис­тер десе арабтарды елестеді. Ал бұл мүлде қате түсінік қой. Қайдағы бір басбұзарлар үшін бүкіл араб халқына кінә артуға болмайды және ол туралы жалған ақпарат таратудың жөні жоқ. Демек, араб елдерімен араға сына қағылмауы тиіс. Сондықтан біз дүние жүзінен адамдар елімізге көбірек келіп, шынайы ахуалмен нақты танысқандары жөн дейміз. Біздің ЭКСПО-2020 көрмесін өткізудегі мақсатымыз қаржылық қомақты пайда табу емес, керісінше, бейбітсүйгіш халық екенімізді әлем жақынырақ таныса, көрсе деген игі де ізгілікті аңсаған адал мақсат. Біз осы ЭКСПО-2020 көрмесі арқылы қалыптасқан теріс көзқарастың жойылуына әсер етуді қалаймыз. – Қазір әлемде өркениеттердің қақты­ғысы, діндер арасындағы қақтығыс деген пікір қалыптасты, осыған сіздің көзқарасыңыз қандай? – Сұрағыңыз орынды. Бұл кімді болса да толғандыратын мәселе. Алайда, шыны керек, осы қақтығыстардың бәрі қолдан жасалып отыр, өйткені, оның сыртында осы қақтығыстардан пайда көздейтін арам пиғылды жандар да жоқ емес. Және ең сорақысы, осы қақтығыстардың одан әрі жалғасуына жол беретін адамдардың басым болып отырғандығында. Әрине, бұларға қарсы шығып, бейбітшілікті жақтайтын адамдар да бар, бірақ олар аз, сондықтан олардың сөзі естілер емес. Осы арада Астанада өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің рөлі жоғары демекпін. Осында адамдар ортақ пікірге келсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Нағыз діндар үшін өшпенділік, төзімсіздік, қатыгездік және жақынына әділетсіз қарым-қатынас мүлде жат қасиет екені туралы сіздердің ортақ пікірлеріңіз кез келген ұрыс-керіс пен жанжалды тежеудің шешуші факторына айналуы мүмкін» деді. Міне осының бәрін бәрі ұғынса екен. – Осы арада аталған съезд жұмысы, одан алған әсерлеріңіз жайында толы­ғырақ әңгімелеп берсеңіз? – Бұл съездің негізгі мақсатына сай үнқатысу жолымен адамдар ортақ келісімді, бейбітшілікті сақтау үшін бір пікірге келеді. Оның нәтижесі әлемдегі қазіргі белең алған діни, саяси келеңсіздіктерді тоқтатуға себеп болады деп ойлаймын. Қараңызшы, әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі дін өкілдері ортақ үстелде бас қосып, қарама қарсы отырып адамзат үшін ең күрделі де, қиын мәселелердің шешімін табуға атсалысып жатқаны қандай керемет! Мұндай көрініс басқа елдерде жоқ. Соның дәлеліндей, съезд барысында діннің атын жамылып, өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырып отырған түрлі ағымдар мен ұйымдардың әрекеттеріне тойтарыс беріп, тосқауыл қою мәселесі айтылды. Сонымен қатар, қандай да бір дін болмасын, олардың негізінде террористік, экстремистік ойдың жоқтығы, барлық діннің ортақ мақсаты – адамзатқа ізгілік дәнін себу, бейбітшілікке шақыру екендігі айтылды. Съезде сөйлеген адамдардың бәрі жамандыққа жол бермеу қажеттігін баса айтты. Бұған келіспеске амал жоқ. Сондықтан да, осы айтылып жатқан мәселелердің бәрін бірін қалдырмай бұқаралық ақпарат құралдары дүние жүзінің түкпір-түкпіріне таратуы қажет. Осыны әлем халқы ескерсе әлемдегі барлық дін өкілі бір жерде еш кедергісіз, кикілжіңсіз тату-тәтті де бейбіт өмір сүре алады. Мұның бір жарқын кө­рінісін сіздердің елдеріңізден табуға болады. – Ал араб елдері арасындағы ауызбір­шіліктің жоқтығына не себеп? – Бұл сұрақ біздің жанды жерімізге тиетіні сөзсіз. Араб елдерінің арасында, яғни мемлекет басшылары арасында әрқашан түсінбеушіліктер орын алып тұратыны жасырын емес. Мұның салдары қарапайым адамдарға, жалпы араб елдеріне әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл сұраққа байланысты олай немесе бұлай деп толыққанды айту қиын. – Бүгінде, өзіңіз де жақсы білесіз, ИГИЛ мәселесі бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Оған қарсы араб әлемінің біріккен қарулы күштері қарсы күресуде. Алайда, халықаралық коалицияның бұл істегі рөлі әлсіз деген пікір айтылады. Осыған қалай қарайсыз? – Расында, ИГИЛ мәселесі бар халықтың бас ауруына айналғандай. Соған байланыс­ты о баста оларға қарсы күрес жүргізу үшін халықаралық коалиция күші құрылған кезде бір ортақ келісім бар еді. Алайда, әуе күштерін пайдалану кезінде батыс елдері әлгі аталған ортақ келісім талаптарын орындамады. Әсіресе, бұл орайда АҚШ сөзінде тұрмады. ИГИЛ-ге қарсы күрес жүргізетін Ирак әскеріне келісілген қару-жарақты АҚШ бермей қалды. Соның салдарынан халықаралық коалиция міндетін атқара алмады. – Астана туралы әсеріңіз қандай? – Мен үшін ең бір жақсы сұрақ осы. Өйткені, Қазақстан, оның елордасы – Астана қаласы туралы біраз дүниені танып, біліп қалдым. Астана маған ерекше ұнады. Әсіресе, адамдары өте қонақжай екен. Бәрі сондай көңілді әрі мейірімді көрінеді. Астана қаласы туристер үшін демалуға келіп, таптырмас тамашалайтын жер екен. Көшелері тап-таза, алқызыл гүлдер мен жасыл желекке бөленген. Ал алып ғимараттарының сәнділігі мен келісті сәулеті керемет әсер қалдырады. Ауа райы ыстық емес, ашық. Біздің Абу-Дабидің ауа-райы өте ыстық. Онда адамдар саны да, салынған биік ғимараттар қатары да өте көп және тығыз орналасқан. Ал Астанада кең ты­ныстап, емін-еркін жүру деген жанның рахаты. – Газетке қызметке келетін журналистер шетелден білім алып келе ме? Жалпы, шетелде оқып, білім ала ма? – Біздің журналистердің бәрі өзімізде оқып, білім алады. Мен, мысалға, өзім 1994 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Бұқаралық ақпарат құралдары және бұқаралық коммуникация университетін бітірдім. Басқалар да солай. – Жоғарыда редакцияда 95 журналист қызмет істейді дедіңіз. Солардың қаншасы қыз бала? – Ол журналистердің 30 пайыздайы қыз-келіншектер. – Кейінгі ғасырларда, әсіресе, өткен ғасыр мен жаңа басталған ХХІ ғасырда мұ­сылман әлемі христиан әлемімен бә­секеде негізінен ұтылыста келеді деген пі­кір бар. Сіз осымен келі­сесіз бе? Егер ке­ліссеңіз, бұл артта қалу­шылықтың себебі неде деп ойлайсыз? – Өткен ХХ ғасырда Батыс әлемі даму жағынан алда келе жатқан еді. Ал бүгінде мұсылмандар, оның ішінде араб халқы дамудың барлық саласы бойынша тың әрекет етіп, алға шыға бастады. Әрине, біздің толыққанды орасан зор жетістіктерге иек артуымыз үшін әлі де уақыт керек шығар, дегенмен, ендігі кезеңде бәсекелестікте бой бермейтініміз шындық секілді. Мен бұл арада БАӘ туралы айтып отырмын. Мәселен, 2021 жылы біз Марс ғаламшарына ұша алатын өзіміздің жер серігімізді дайын етпекпіз. Бұған қазір жағдайымыз бар. Әрине, бұл бірқатар елдерді таң қалдыратын жаңалық екені рас. Дегенмен, БАӘ әлемде ғарышқа ұшу дайындығы бойынша алтыншы орында тұр. Біздің елде адамдардың сауаттылық деңгейі жоғары. Оқымай қалатын адам жоқ, оқу әр адам үшін міндеттілік болып табылады. Мемлекет тарапынан ашылған жоғары оқу орындарында оқу тегін, ал жекеменшік университеттерде оқу ақылы. Бұдан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов келген қонаққа көптеген сұрақтарға салмақты жауап қайтарғаны үшін ризашылығын білдірді. «Біздің Елбасымыз туралы айтқан пікірлеріңізге рахмет. Біздің еліміз Еуропа мен Азияны жалғастырып тұр. Біздің еліміз Батыс пен Шығысты біріктіріп тұр. Біздің еліміз барша діндердің тоғысында тұр. Қазір әлемдегі барлық діннің басын қосып, бір үстелдің басына жиналатындай Қазақстаннан басқа лайықты жер жоқ және бұл мәселенің түйінін тарқатып бере алатындай Назарбаевтан өзге адам жоқ. Соның өзінде де біз қасиетті дініміз ислам екенін алдымен айтамыз. Сізге журналист ретінде айтар бір жайт, біздің Президентіміз Қағбаға бар­ғанда жаңбыр жауған. Әлемде ең бір қиын мәселелер туындағанда Нұрсұлтан Назарбаевқа қолқа салынатыны және белгілі. Украинада жағдай ушыққанда сонау мұхиттың ар жағындағы ең қуатты мемлекет АҚШ басшысы Барак Обаманың өзі хабарласып, мына көрші ел билігіне ықпал ету жөнінде өтініш білдірді. Біздің елімізде қол жеткен зор жетіс­тіктер көп. Әлемдік қаржы дағдарысының үш толқынын біз еңсердік. Қазір де тағы бір сынаққа кез болып отырмыз. Бізге мұнай мен газ бағасының төмендеуі қатты әсер етті. Соның өзінде де Қазақстанда жұмыс орындарын, жалақыны, зейнетақыны қысқарту секілді шешімдер қабылданған жоқ. Ең бастысы, елде тыныштық қалыптасып отыр. Мұның бәрі біздің елдің болашағы жарқын деген сенімді ұялатады. Осылардың бір себебі бізге араб инвесторларының көмектесіп отырғандығы дейміз. Араб әлеміне біз үлкен құрметпен қараймыз. Бізге қасиетті дінімізді сыйлаған ұлт ретінде құрметтейміз. Батыспен бәсекелестікте араб әлемінің жарқын мысалы – Дубай. Ел аман болсын, жұрт тыныш болсын», деді  Сауытбек Абдрахманов. Өз кезегінде Мұхаммед әл-Хаммади «Егемен Қазақстан» газеті басшысының шақыртуына алғысын білдіріп: «Осында келіп отырғаным мен үшін үлкен мәртебе. Енді мен үшін бұл кездесу өмірімнің ұмытылмас бір мазмұнды сәті болып қалатыны анық. Діні, тілегі бір бауырлас елдердің достығы, ынтымақтастығы үзілмесін», деді. Сұхбатты жазып алған Александр ТАСБОЛАТОВ, Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.