Бұл кезде үйде қожайыннан басқа 12 жастағы жиені де болған екен. Соған қарағанда қарақшылар үйде қарсылық көрсететін ешкімнің болмайтынын алдын ала білген сыңайлы. Қылмыскерлер екеуін күш көрсетіп, қорқытып-үркітіп, ұрып-соққан. Кейін байлап тастап, аузы-бастарын скотчпен жапсырып, үйдің астан-кестенін шығарып, ақша мен бағалы заттарды іздейді. Олардың қолына алтын-күмістен жасалған бірнеше асыл бұйым, ақша түседі. Қарақшылар қолдарына түскен екі жаңа ұялы телефонды да қалталарына салып алады. Алдын ала есептеуге қарағанда ұрланған дүниелер мен ақшаны қосқанда күдіктілер 640 мың теңгенің затын қолды қылып, тайып тұрған.
Полицияның мәліметіне қарағанда, 41 жастағы үй иесі емес 12 жастағы оның жиені қайсарлық көрсеткен. Ол қарақшылар кеткен бойда тісімен скотчты қиып, қолы мен аяғын босатады. Сөйтіп, нағашысының да қол-аяғын бұғаудан босатады. Жеткіншек мұнымен де тынбай есі шығып кеткен нағашысын үйге қалдырып, өзі жақын жерде тұратын учаскелік инспектордың үйіне барып, болған жайтты жеткізеді. Аудандық полиция бөліміне дабыл түнгі 12-лер шамасында түскен. Бұл қылмыс болғаннан үш сағаттай уақыт өткен кез. Қылмыстың ізін суытпай көтерілген полиция барлық келген-кеткен көліктерді тізімге алып, күдікті деген, есепте жүрген адамдардың бәрінің қайда болғанын анықтай бастаған. Қылмысты дәлелдейтін айғақ заттардың тізімі де жолдағы полиция патрульдеріне беріледі. Ақыры полиция күдіктілерді анықтап, олардың соңына түскен. Облыстық және Тайынша аудандық криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері қарақшылар мінген көлікті Астана қаласының аумағында сол түні тоқтатқан.
«Жедел жүргізілген жедел тексеріс нәтижесінде қарақшылыққа күдіктілер – Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының 30 бен 38 жас аралығындағы тұрғындары ұсталды. Қазір олардың үшеуі қамауда отыр. Ал біреуі әзірге бостандықта. Олардан айғақ заттар тәркіленіп, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды», дейді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы, полковник Иван Терзиди. Қылмыстары дәлелденсе, қарақшылар Қылмыстық кодекстің 192-бабымен 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы