Ал қазір 750-ден астам мектептің басшылығы шахматты оқу бағдарламасына енгізуге дайын екенін жеткізген. Бірден айтайық, пән ретінде емес. Қазір білім жүйесінде қолданылып жүрген вариативті компонент деген термин бұрынғы факультативті сабақ деген ұғымды білдіреді. Яғни таңғы ауысымда оқитын оқушы түстен кейін мектепке барып шахмат үйірмесіне қатыса алады деген сөз.
Жоба шеңберінде 1–4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілген. Оқу бағдарламасы шеңберінде шахматты бастауыш сынып педагогтері үйретеді. Бұл туралы Астанада өткен «Білім берудегі шахмат» халықаралық конференциясы барысында айтылды.
Аталған іс-шараны Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), «Freedom Holding Corp» бас әріптестігімен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Конференцияда АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің халықаралық сарапшылары, сондай-ақ еліміздің білім жүйесінде еңбектеніп жүрген 200-ден астам педагог бас қосты. Екі күндік панельдік пікірталас барысында халықаралық және отандық сарапшылар цифрландыру және жасанды интеллект қарқынымен дамып жатқан зияткерлік ойынның адам дағдысының дамуына тигізетін әсерін талқылады.
«Бүгінде Қазақстан шахмат федерациясы осы зияткерлік ойынды білім саласына енгізу үдерісінің негізі болып отыр. Оқу-ағарту министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, былтыр қанатқақты жоба ретінде еліміздің жеті өңіріндегі 42 мектептің 1000-ға жуық оқушысы шахматты меңгерді. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен мақұлданды», деді KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Айта кетейік, биыл сәуір айында 1-сынып оқушыларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен бекітілген. Қазіргі уақытта екінші сынып оқушыларына арналған оқу-әдістемелік кешен әзірленді, оны да бекітетін күн алыс емес. 2024–2025 оқу жылына дайындық мақсатында аймақтардың білім басқармаларымен бірлесе отырып шахматты вариативті пән ретінде енгізуге дайын екенін растаған 767 мектептің тізімі анықталған. Қазіргі уақытта мектептердің тізімі жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері мен бір адамға шаққандағы қаржыландыру көлемі ескеріліп, білім басқармалары деңгейінде нақтыланып жатыр.