Отбасы • 26 Тамыз, 2024

Әкеңді күт

82 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шешем терезеге телміріп тұр. Менің бала кү­німде де солай еді. Бүгін де өз­гермепті. Сондағысы мектепте мұ­ғалім болып істейтін әкейді күтеді. Кейде қайнап жат­қан қазанның көбігін алып жатып:

Әкеңді күт

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Әкең көрінбей ме? – дейді.

Мұндайда етпеттеп жатып кітаптан көз алмаған күйі менің жауабым біреу-ақ.

– Жоқ!

Оған қанағаттанбай, өзі қарайды. Терезеден бес жүз метр жердегі мектеп анық көрінгендіктен, әкем­нің сұл­басы алыстан-ақ байқалады.

– Балалар шықты. Әкең де көрінді. Тамақты түсірейін. Ішегің қабысып жатқанда мұндай сөздер расымен сүй­кімді естілетін.

Бала күнгі осы отбасы қа­ғидасы, әкең келмей дас­тарқанға отырмау, үлкен асты бастамау әлі күнге дейін бір үзіл­мепті ғой. Аштан бұра­тылып, көзің қа­рауытса да, ол дастарқанға келмей қар­ныңа ас бармайды.

Кешегі демалыста бар­ғанымда, шешем сол дағды­сынан жаңылмапты. Бес-алты жылдан аса дүрбелеңі көп қала­да кез келген уақытта тамақтанып, қу жаққа бір тыным бермейтін мына мен, шал-кемпірдің баласы болған еркіндігімді алға тартып:

– Ау, кешкі тамақ жемейтін бе едік? Інім мырс етті.

– Асқазаның хабарлама жазып жатыр ма?

– Сағат 9 болды ғой.

– Папаны күтеміз. Осы кезде шешем сөзге араласты.

– Әкең мектепке жина­лысқа кеткен. Тым шыдамай жатсаң, тоңазытқыштан бір­деңе талғажау ете тұр.

– Қайдан білесіңдер, жиналыс түнгі он екіде бітетін шығар, – дедім мен қисық сөйлейтін әдетіммен. Көп күттірмей-ақ, «кемпірім, ас-суың дайы­н ба еді?» деп шешемнің мұғалім шалының да төбесі көрінді ғой...

Былай қарасақ, байқал­майды да ғой. Қазақ әйелі ежел­ден үй иесін алдында ұстап, көтермелеп отырған. Қарап отырсам, екеуінің ренжісуі де, татуласуы да тез. Одан бөлек, жоғары сыныптарда менің есімде қалғаны «әкеңнің көйлектерін өтектеп қой», «аяқкиімін шөткеле», «сырт киімі мен құлақшынын тазала, жоғарыға қой» сияқты сөздер еді.

Бүгінде бұл тірлікті үйдің кенжесі, кіші ұл мінсіз атқарып жүр екен.

Шешемнің ерді сыйлау, әке құр­меттеуді айтып емес, көрсетіп үйрет­кенінің өзі ғажап. Оның да ерлігі осында жатыр екен-ау...

 

Ержан ҚОЖАС