Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кереку өңірін газдандыру мәселесін бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырған болатын. Аймақ жұртшылығымен кездесуінде Президент өнеркәсіпті дамыту қоршаған ортаға ауыр жүктеме түсіретінін атап өткен. Себебі Павлодар облысында еліміздегі зиян шығарындылардың үштен бірі шығады. Бұл – жыл сайын шамамен 700 мың тонна.
«Күнделікті еңбегі бүкіл елдің индустриялық өсуінің негізі саналатын өңір тұрғындары туған өлкенің қоршаған ортасының жай-күйіне қатты алаңдайды. Экологиялық жағдай – азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Еске сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізу ниетін жариялады», деген еді Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, Үкімет аймақты газбен қамтамасыз ету жолдарына басымдық беруі керек. Бұл жасыл даму күн тәртібін толық жүзеге асыруға және нақты тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадам болады.
Биыл өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Көгілдір отын жүйесі барлық он аудан мен үш қаланы қамтиды деп жоспарланып отыр.
Әуел баста Павлодар қаласы мен төрт ауданды ғана газдандыру жоспарланған еді. Жұмыс тобы мәселені саралай келе, барлық аудан-қаланы жүйеге қосуды нақтылады. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленбеген, соған орай жүйені тарту, енгізудің қанша сомаға түсетінін айту мүмкін емес дейді жауапты ведомство өкілдері.
«Аймақта табиғи газ бен газтаратқыш желілер жоқ. Облыстың ірі елді мекендерін газдандыру кейінгі жылдары республикалық деңгейде көтеріле бастаған. Биыл біздің басқарма Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Жұмыс тобының құрамына Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «КАТЭК» ЖШС жобалау-зерттеу компаниясының өкілдері кірді. Сәуір айында өткен алғашқы отырыста олар газды тұтынудың болжамды көлемін талқылады», дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайып.
Өңірді газдандырудың болжамды мерзімі – 2030 жыл. Бұл мерзімге дейін жоба жан-жақты пысықталып, қажет қаражат көзі де табылып қалады деген сенім зор. Жергілікті энергия жүйесінің мамандары көгілдір отын келсе, Павлодар қаласының экологиялық мәселелері шешімін табады деген сенімде. Шаһардың қақ ортасында орналасқан жер үйлер қыс бойы пеш жаққанда қаланың біраз аумағы көк түтінге бөгіп жатады. Ал газ жетсе, бұл үйлердің барлығы көгілдір отынды пайдаланар еді. Есесіне жергілікті ауа да тазара түседі.
Бұған қоса қазіргі уақытта өңірде электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бойынша 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп жатыр. Жол картасын іске асыру 80 елді мекенге немесе 98 мың тұтынушыға әсер етпек. Желілердің тозуын азайту мақсатында жыл сайын облыстың энергия беруші кәсіпорындары электр желілерін қайта жаңарту, жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқарып келеді. Қосалқы стансалардың электр жабдықтары бойынша инвестициялық іс-шаралар да жыл сайын жүргізіледі. Алайда бұл жеткіліксіз. Мамандардың сөзінше, жоспарлы жөндеу шаралары тозу көрсеткішін қуып жете алмай отыр.
Жол картасын іске асыру нәтижесінде аудандардағы апаттық өшірулер саны 1042 жағдайға немесе 40 пайызға азаяды деп күтіліп отыр.
Павлодар облысы