Президент • 28 Тамыз, 2024

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Бүгінгі жетістік – ертеңгі жеңістеріміздің бастауы

115 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Аламан басталған сәттен бәріміз бір ел, бір халық болып, спортшыларымызға қолдау көрсеттік. Сіздерге 20 миллион отандасымыз жанкүйер болды деп айтсақ, артық болмайды. Әрбір жеңіс – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі». ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойын­дарының жүлдегерлерімен кездескен Мемлекет басшысы сөзін барша қауымды Париж Олим­пиадасындағы жеңістермен құт­тықтаудан бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүлдеге ие болған әр спорт­шының бүгінгі жетістігі ертеңгі жеңістеріміздің бас­тауы екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Бүгінгі жетістік – ертеңгі жеңістеріміздің бастауы

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Әр медальдың орны айрықша

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

– Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үш­кемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихын­да тұңғыш рет дзюдодан Олим­пиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олим­пиадаға атта­нар алдында маған және бар­лық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чем­пионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спорт­шыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуа­ныш­қа бөледі, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев төртжыл­дықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

– Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетіс­тік деуге болады. Гимнас­тика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағын­дырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жыл­дан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғаш­қы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен бокс­шы Назым Қызайбай жүл­дегер­лер қатарына қосылды. Жалпы, барлық мемлекет Олим­­пиадаға ең мықты спорт­шыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдың орны айрықша. Сон­дықтан бүгін мен Олим­пиада жүлдесіне ие болған барша спортшымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген маманы да тер төгеді. Мен бапкерлерге, спортшыларды дайындауға үлес қосқан басқа да кәсіп иелеріне алғыс айта­мын. Ұлттық Олим­пиа­да ко­митетінің бас­шы­­лары жұ­­мысқа жаңа сер­пін беріп, ха­лық­аралық ынты­мақ­тас­тық­­ты дамыту үшін маңыз­ды қадам жасады. Жауапты сәт­терде спорт­шыларымыз­дың қасында болып, қолдау көр­сет­ті. Ұлттық Олимпиада ко­митеті бастаған істі жалғас­ты­рып, алдағы уақытта нақты нә­тижеге жетеді деп ойлаймын, – деді Мем­лекет басшысы.

ва

 

Балалар спортына баса мән беру қажет

Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті. Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық.

– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға жеткілік­ті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыс­тарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжей талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты.

– Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешен мен зал бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бо­йынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт резервін әзірлеу ісінде Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде мәселе қозғады.

– Елімізде 500-ден аса Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткіл­ді мәсе­лелер аз емес. Осындай мектеп­тер­дің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олим­пиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыра­тын қабілетті балалар жетіспейді, са­йып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады», – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін атап өтті.

– Спортта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөзді жиі айтып жатамыз. Шын мәнінде, мықты бапкерден тәлім алу – табысқа жетудің бірден-бір жолы. Нағыз спортшыны бала кезінен танып, оның қабілетін ұштап, бойындағы дарынын ашатын да – осы бапкер. Сол себепті спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажет.

 

Отандық атлеттерге сенім артқан жөн

Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға да­йындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құра­масы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет. Жалпы, бапкерлер құрамын да­йындау және таңдауға келгенде, яғни спорт менеджменті мәселесінде озық халықаралық тәжірибеге арқа сүйеген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шетелдік спортшы­ларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.

– Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенімен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге қолдау көрсету керек екенін айтты.

– Спорт мектебіндегі бапкерлер­дің біліктілігін арттыру – өте маңызды міндет. Қазір олардың жартысына жуығында арнайы дәреже жоқ. Сондықтан кәсіби тұрғыдан шыңдау, яғни жетілдіру жұмысына баса мән беру қажет. Үкімет әкімдіктермен бірге осы мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледж­дерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Мұндай оқу орындары бар­лық аймақта болуы қажет. Алматы­­да жаңа Олимпиадалық даяр­лық базасы салынды. Бұл біздің спорт­­шыларымыздың жоғары деңгей­де жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт уни­верситеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектел­мейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын да­йындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

 

Дәстүрлі құндылыққа бет бұру маңызды

Президент жас спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру өте маңызды деп санайды.

– Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек. Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыс­та әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүр­гізілуге тиіс. Сонымен қатар спорт­шыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеп, заманауи әдіс­темелер негізінде бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Спортшыларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге федерациялар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанына жиі шағым түседі. Бүкіл әлем спорт медицинасы кәсіби даярлықтың ажырамас бөлігі екенін мойындап отыр. Бұл – жоғары технологиялық сала. Инновациясыз, озық ғылыми ізденіссіз және жоғары білікті мамандарсыз іс өнбейді. Мемлекет қажет ресурсты бөліп отыр. Демеушілерден де қыруар қаржы түседі. Федерациялар соны мақсатқа сай жұмсауға тиіс. Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ.

– Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерация­лардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақы­лауға алып, спортқа қатысты меке­ме­лердің барлық деңгейіндегі бас­қару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар елі­міздің спорт қауымдастығы мен шетелдерде Ұлттық олимпиада комитетінің беделін көтеру туралы міндет жүктеді.

 

Ұлттық спортқа қолдау артты

Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп жатқанына назар аударып, еліміз­де өтетін V Дүниежүзілік көшпелі­лер ойындарының мән-маңызына тоқталды.

– Бұл сайыс арқылы біз, ең алды­мен, төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз. Сондай-ақ дүбірлі дода түрлі елдің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Көшпелілер ойындары экологияны сақтау, Қазақстанды жасыл елге айналдыру және абаттандыру тақырыбын көтеруге жақсы мүм­кіндік береді. Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жана­шырлықтың шынайы үлгі­сін көрсетті. Спортшылар да, жан­күйер­л­ер де көрші елдердің әрбір жеңісі­не шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмек­терін де аяған жоқ. Тіпті балуандары­мыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқ­ты бірге көтерілді. Халықтар арасын­дағы риясыз достық дегеніміз – осы! Бұл – шын мәнінде, баға жетпес бай­лық. Біз барлық салада бір-бірі­мізге тілектеспіз. Көшпелілер ойын­дары бауырлас елдердің осындай мыз­ғы­мас бірлігін бекемдей түспек. Сон­дық­тан оны жоғары деңгейде ұйым­дас­тыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, біз үшін бұқара­лық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, саламатты ұлт қалып­тастыру маңызды екенін еске салды.

– Біз осы мақсатта денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Сондықтан қалайда медаль алу – біздің жол емес. Бұған дейін жалған атақтың жетегіне еріп, түрлі қитұрқы әрекет жасалғаны бәрімізге мәлім. Соның салдарынан көптеген спортшы денсаулығынан айырылды. Олар спорттан біржолата кетті. Еліміздің абырой-беделіне нұқсан келді. Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Жұрттың біз туралы не ойлайтынына алаңдамай, төл болмыс-бітімімізді сақтауымыз керек. Жан-жағымызға жалтақтамай, алға қарай батыл әрі жүйелі қадам басуымыз қажет. Кез келген нәрсеге бола салымыз суға кетіп, күңірене бергеннен, күйзеліске түскеннен пайда жоқ. Бұл жөнінде мен бұған дейін де айтқан едім. Біздің мақсатымыз – баршаға айқын. Бұл – озық ел болу. Сондықтан біз бір ел, бір халық болып, тек алға қарай жүруіміз керек. Олимпиаданың ең басты құндылығы – медаль ғана емес. Жаһандық бәсеке кезінде тұтас еліміз өзара тілектес, ниет­тес болды. Ең бас­ты құндылық – осы, – деді Мемлекет басшысы.

 

Паралимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі

Салтанатты жиында Президент бүгін басталатын Паралимпиада ойын­дары туралы да ойын білдіріп, ел спортшылары осы жарыста бұған дейін де зор табысқа жеткенін атап өтті.

– Олар осы жолы да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін. Сәттілік тілеймін! Әрине, Олимпиада чемпионы атану – әр спортшының арманы. Ол үшін ұзақ жыл бойы үздіксіз дайындалып, тынымсыз тер төгу қажет. Болашақта да көптеген байрақты бәйге, дүбірлі дода болады. Спортшыларымыз әлі талай белеске шығады деп сенемін. Қай салада болсын, алға мақсат қойып, оған табандылықпен, еңбекқорлық­пен ұмтылу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – ертеңгі жеңіс­теріміздің бастауы. Қазақ жұрты сайыпқыран өрендерін мақтан тұтады. Жас ұрпақ спортшыларымыздан үлгі-өнеге алады. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сондықтан әрдайым чемпион деген атқа лайық болыңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеп, Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады.

Сонымен қатар салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, боксшы Назым Қызайбай мен мерген Александра Ле сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.