Ауыл • 28 Тамыз, 2024

Әр ауыл ғана емес, әр аула өз иесіне табыс әкелуге тиіс

242 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды, Ел иесі бар болса – елі ала болмайды». Бұқар жырау бабамыздың осы қанатты сөзі «Ауыл аманаты» сынды бағдарламаның қазіргі кезеңде ерекше маңызды екенін аңғартып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай қолға алынған осынау ауқымды жоба ауылдарымыздың ахуалын жан-жақты жақсартуға бағытталған. Президент ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымын көркейтіп, білім беру тетіктерін дамытуға байланысты қолдауды бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Үкімет те осы жобаның жүйелі жүзеге асуын қадағалап отыр. Бұл демеуді елді мекен тұрғындары да анық сезініп, өсірген төлінің, еккен өнімінің нақты жемісін көре бастағаны да көңілге үлкен медеу.

Әр ауыл ғана емес, әр аула өз иесіне табыс әкелуге тиіс

«Ауыл аманаты» бағдар­ла­ма­сының аймақтарда қаншалықты қарқынды жүзеге асып жатқанын бағамдау мақсатында он шақты облысты арнайы аралап қайттым. Көрген-білген, көкейге түйген дүние аз емес. Бастысы бағдарлама бір арнаға түсіп келеді.

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға рес­публикалық бюджеттен 17 мың микрокредит беру жоспары­мен 100 млрд теңге сомасында қа­ражат бөлінді. Бұл ауылда 18 мың­нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ұйытқы болмақ. Бү­гінде 14,5 мың микрокредит бе­рілді, оның есебінен 15,5 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны құ­рылды. Ауыл халқының табысын арт­тырудан басқа, жобаның тағы бір мақсаты – жеке шаруа қожа­лықтары, диқандар мен фер­мерлердің, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту екенін атап өткен жөн.

Бағдарламада жылдық 2,5% сый­­ақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге, мал ша­руашылығы саласындағы жо­ба­лар үшін 7 жылға дейінгі мер­зімге шағын несие беру көзделіп отыр. Оның игілігін көріп отыр­ған ағайын да бар. Шағын несие­нің ең жоғары сомасы – 9,2 млн теңге. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін ­29,5 млн теңгеге дейін несие бері­ле­ді. Бүгінде 6,2 млрд теңгеге 300-ге ­тарта кооператив қаржыландырыл­ды. Кооператив бойынша төменде кеңінен тоқталамын. Бұл өте қо­лай­лы әрі қажетті бағыттардың бірі.

Бағдарламаның тиімділігін тү­сініп, жұмысты жүйелі атқарып отырған Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда мен Түркістан облыс­тарын ерекше атап өтуге болады. Жобаны іске асыру нәтижесін­де: 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, ­1 701 жұмыс орны құрылады де­­ген жоспар бар. Атаулы әлеумет­­тік көмек алушылар саны 90 отба­­сы немесе 360 адамға қысқарады, ­­ал орташа жалақыны 125%-ға ұл­­ғай­ту көзделген. Анықталған ­ауыл округтері бойынша жүргізіл­ген сауалнамалар мен скри­нинг нәти­жесінде әр ауылдық округ­тің мамандандырылуына қарай ­басым бағыттар картасы әзірленді.

«Ауыл аманаты» жобасын қол­ға алғандағы негізгі мүдде жал­ғыз-ақ – тұрғындардың ауыл­дан алыстап кетпеуін, елді мекен­дер­дің қай мағынасында да гүлде­нуін, ауыл шаруашылығы сала­сы­ның өркендеуін қамтамасыз ету. Өйткені ел тұрғындарының 37 пайызы қазір ауылда тұрады. Өкі­ніштісі, тұрақты жұмыстың жоқ­тығын алға тартып, қалаға кө­шіп жатқан жастар саны кей­­бір аймақта аз емес. Көптеген ата-ана балаларының ауылда қалмай, қалада жұмыс істегенін жөн деп са­найды. «Балам қалада, бизнеспен айналысып жүр» деуі де мүмкін. Қазақы болмыс сондай. Алайда перзенттері екі қолға бір күрек таппай, титықтап күн көріп, базарда арба итеріп жүруі ғажап емес. Көптеген жастарымыз шынында да орталыққа келіп, кәсібінің нә­сібін көріп жүр. Бірақ бәрінің бірдей жолы бола бермейтіні анық қой. Одан да өзінің туған өлкесін­де, қара шаңырағында адал еңбегің­нің несібесін тергені дұрыс емес пе? Бұл да біздің өскелең ұрпақ­тың санасында жүретін негізгі сұрақ болуға тиіс. Себебі қазір елді ме­кендерден орталыққа көшіп кет­кендердің 60 пайызы жастар болып отыр. Осы олқылықтың ор­нын толтыру үшін мемлекет ұсы­нып отырған зор мүмкіндік­тер­дің келешегі туралы ақпарат­тық-түсіндірме жұмыстары әлі де дұрыс жүргізілсе деген ой түй­дім. Бұл әсіресе, аудан, ауыл әкімдік­тері мықтап қолға алатын шаруа.

Алдымен облыс орталықта­рында ғана емес, аудандар мен ауылдардың өзінде әлеуметтік-экономикалық даму жоспары құ­рылуға тиіс. Мәселен, біздің көптеген ауылдарда даму жос­пары жоқ. Бұл жоспар болса елді мекендердегі түрлі бағытты то­лық қамтитын еді. Бір мысал кел­тірейін. «Amanat» партиясы жүр­гізген скринингке сәйкес, Ақтөбе облысы бір жылда 65 өнім тү­рін тұтынады. Оның 13 түрі о бас­тан облыста шығарылмайды. Алда­­ғы уақытта бұл жұмысты да қол­ға алады деген үміт бар. Өңір 65 өнім түрінің 7 түрімен ғана 100 па­йыз қамтамасыз етілген. Ал өзге өнімдерді шетелден импорттайды. Тауық 5,4 пайызын өздері тұрып жатқан аймақтан алса, қалған 94,6 пайызы – импорт. Яғни бір өңір бір жылда тек тауық етін алу үшін 11 млрд теңгені өз­ге елдің қазынасына құяды. Есептеп көрсеңіз сол қаражатқа елді мекендерде қаншама жұмыс орнын ашуға болатын еді. Бір қызығы, ауылдағы ағайынның көбі тауық өсіруге дағдыланбаған. Бір отбасының 500 тауығы болса, күніне 360 жұмыртқа алады екен. Соны арзанға бағалағанның өзінде бір күнде 20 мың теңге табыс түседі. Бір айда 500 мың теңгеге жуық таза пайда құйы­лып тұрған шаңырақтың жағдайы жаман бола ма? Қобда ауданында Жұмағалиевтер әулеті тұрады. Басында 500 тауық алған. Қазір өздері ғана емес, өзге жерлестерін жұмыспен қамтып, толық бір аудан орталығын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Облыс бойынша 200 мың тауық берілді. Соның несібесін көріп, кәсіпте­рін дамытып отырған ағайынның тіршілігіне қалай қуанбайсың. Тауық өсіруге ғана емес, ауылдастар арасында бір-бірінің ша­руашылықтарында еңбек етуге намыстанатын азаматтар да жоқ емес. Ай сайын жалақы тө­леп, тұратын үйіңді беріп отырайын десе де келіспейді. Біздің көптеген аймақтағы негізгі мәселелердің бірі осы. Жұмыс қолының жетіспеушілігінен ірі шаруа қожалықтарының иелері өзге өңірлердің тұрғындарына жүгінуге мәжбүр.

Ауылдың мәселесі шешіл­ме­йінше, қаланың мәселесін шеше ал­маймыз. Соны ешқашан естен шығармау қажет.

Сондықтан біз әр аудан, әр ауыл ғана емес, әр аулаға жағдай жасау тетіктерін ойластыра баста­дық. Оған түрткі болған себептер де жеткілікті. Бір ғана мысал келтірейін. Ақтөбе облысының Бай­ғанин ауданында Құтым Қасе­нов деген жетпістен асқан ақсақал бар. Өз үйіндегі 600 шаршы метр аумаққа жылыжай салып, қияр, құлпынай, көк жуа, аскөк, жүзім өсіріп отыр. Ешкімнің көмегін­сіз-ақ тамшылатып суару технологиясын жасап алған. Сол зейнеткер бір жылда 9 тонна таза, табиғи өнім алады. Осындай қа­рияларды көпке үлгі қылу ар­қылы, жастарды ынталандыру ма­ңызды. Зейнеткер мемлекет­тік бағ­дарламаларға қатыспай-ақ қы­руар шаруаны атқарып жүр. Демек, әркімнің ынта-жігері болса қолдан келетін іс қой. «Жер­дің жерге қаратпайтынын» жақ­сы білетін Құтым Қасеновтей аза­маттар жеткілікті. Өз ауласынан 18-30 тоннаға дейін өнім алатын ­ел тұрғындары бар. Ойлап көріңіз. Әр аулада осынша өнім алып отыр­ған жандар болса, бүкіл ауыл жұмыл­са қаншама мың тонна өнім алар едік. Мен басында айтып кеткен ақпараттық жұмыс арқылы да осындай қарапайым еңбек адамдарын жан-жақты насихаттау қажет.

Ауылдардың даму жоспары қолда болса, әр аудан қандай тұ­қым егу керектігін, нендей да­қылды көбірек өндіру қажетті­гін жос­парлап, шаруаларды сол ба­ғытқа бұрып отыратын еді. Ауыл шаруашылығы өнімдері­нің қайсысы сұранысқа ие? Соны сорттап, реттеп, екшеп, бөліп, не қажет соны егіп отыру жүйесін қолға алса деген тілек бар. Бұл ал­дымен жоғарыда айтып кеткен тұрғындар тұтынатын өнімдерді өзгеден емес, өз елімізден, туған аймақтан алып отыруға жол ашады. Мәселен, Абай облысында бағдарлама арқылы бөлінген қар­жының 80 пайызына, Жамбыл облысы 90 пайызына мал алған. Сонда халық еттен басқа тағам тү­рін тұтынбай ма? Президенті­міз бөлінген қаржы­ны тиімді пай­­даланып, халық­қа қажет өнім шыға­ру керек дегенін ес­керсек, бір ауылдан екінші ауылға мал сатуды тоқтату керек. Одан сол ауыл­да еттің де, сүттің де көлемі өспейтіні айдан анық.

Әрбір қанатқақты жобада кем­шіліктер болуы да түсінікті. Содан сабақ алып, алға қарай дұ­рыс қадам жасай аламыз ба, мәселе сонда. Жақсы мысалдар да баршылық. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы 37 ауыл жұмыссыздықты толық жойған. Бұл жақсылық басқа өңір­лерге де жұғысты болса, қалада жөн­ді жұмыс, жайлы баспана таба алмай жүрген мыңдаған аза­мат туған өлкелеріне қайтып ке­леді деген үмітіміз де жоқ емес. Әсі­ресе шекаралас аудандардағы ауыл­дарға қайтып келсе жақсы болар еді. Өйткені шекара бойындағы ме­кендер үлкен стратегиялық ма­­­ңызға ие. Мемлекет басшысы да ел­дің шебін­де орналасқан ­аудан­­­дар мен ауылдарды бар­­лық жа­ғы­нан дамытуды қадағалап отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған «Тауарлы несие» жобасы туралы көптеген тұрғынымыз естімеген де екен. Көбінің кепілге беретін дүниесі болмағандықтан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыса алмайды. Соған байланысты ауылда тұратын атымтай жомарт азаматтардың көмегімен ешқандай пайызсыз, кепілсіз «Тауарлы несие» жобасын Ақтөбе облысында жүзеге асырдық. 4 800 мал басы халыққа таратылып берілді. 460-қа жуық отбасының мәселесі шешілді. Жобаның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды кәсіпкерлікке тарту және жеке табысын арттыру. Тетігі де өте қолайлы. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын жұмсалмайды. Әр аймақтағы ірі шаруа қожалықтары есебінен ауыл тұрғындарына мал түрінде «Тауарлы несие» беріледі. Мәселен, ірі қара малдың аналығы он бастан, қой аналығы он бес-жиырма бастан, биелер бес бастан бастап үлестіріледі. Осы несие түріне қол жеткізгісі келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді. Жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды. Тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы үш жақты шарт жасалады. Демек, малды берген кәсіпкердің тәуекелі болмайды. Өйткені ауыл әкімі кепіл ретінде қол қойып отыр. Алынған мал 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайта­рылады. Берілетін төл 50%-дан аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі – несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады (2 тараптың келісім бойынша). Бұл – бизнесті дамытып алуға өте жақсы мүмкіндік. Кей аймақ­тарда несиені мал сүтімен өтеп жатқандар бар. Бұл шаруа мен несие алушы келісімінің аясында жүзеге асыруға болатын қолайлы тетіктер.

«Ауыл аманаты» бағдар­лама­сының ажырамас бір бөлшегі – кооперативтер құру. Коопера­тив құрған шаруашылықтар қажетті техниканы сатып алса, 50% инвестициялық субсидия ала алады. Қарағанды облысының, Абай ауданында сүт өнімдерін өндіру цехы жұмысын 2019 жылы бастапты. Ал ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2017 жылы құрылған. Кооператив мүшелігінде 100-ге тарта адам бар екен. Жеке кәсіпкер Берден Башаров басқаратын цех жұмысы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отыр. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, бірнеше тонна сүтті тартатын сеператор, сары май мен құрт дайындайтын аппараттар және өзге де құрылғылары жеткілікті. Сүт цехында Берден ағамыздың екі баласы Ақжол мен Ақтілек бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар сүт цехындағы он бес жұ­мыс­шының алтауы жұмыспен қамтамасыз ететін орталықтан келген. Цех тәулігіне 2-3 тонна сүтті қабылдап, қаймақ, сары май, ірімшіктің бірнеше түрін, тіпті брынза жасап шығарады. Бұл сүт өнімдерін Астана, Қара­ғанды, Алматы қалаларына жө­нелтеді. Биыл цехта жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, күніне 10 тон­на сүтті өңдеу межесіне талпы­нып жатыр екен. Шетелден қосымша гомогенизатор, диспригатор құрылғылары алынып, іске қосылған. Жеке басында бірде-бір малы болмаса да тәуекелге бел буған осы азаматқа о баста аудан, өз ауылының тұрғындары ғана емес, өз ұлдары да сенбеген. Екі ұлы қалаға қоныс аударған. Кейін әкелерінің атқарып отырған ісі тиімді екенін түсініп, ауылдарына қайтып келген. Тамаша мысал.

Түркістан облысы кооператив бойынша 112 шаруашылықтың басын біріктіріп, тиімді жұмыс істеп отыр. Батыс Қазақстан облысы да «Бір ауыл – бір кооператив» мүддесіне жұмылған. Тағы бір тоқтала кететін жайт – мал өнімдерін өңдеу мәселесі. Қазір баяу болса да бұл іс жол­ға қойылып келеді. Ұлытау облы­сының, Жаңарқа ауданында жыл­қы етін өңдеп, консервілеп жан-жаққа жөнелту жұмыстары бас­талмақшы. Бұл – өзге де өңірлерге үлгі болатын қадам.

Болашақта біздің елді алға сүй­рейтін қозғаушы күш ауыл ша­руашылығы болары сөзсіз. Жа­қында ауыл шаруашылығы бағы­тын қолдауға байланысты 27 та­лап­ты қысқартып, 7-ақ талап қал­дырдық. Демек, тіршілігімді бас­тап, шаруамен айналысамын де­ген ел тұрғындарына тосқауыл да азайды.

Ауыл шаруашылығын дамытумен қатар атқарылатын міндеттер қатарында елді мекеннің білім, байланыс саласын, инфрақұрылымын дамыту, мәдени ошақтарын жандандырып, денсаулық сақтау саласын да серпілту ерекше маңызға ие. Бұл ретте де мемлекет те жұмыс­тарды рет-ретімен атқарып жатыр.

«Ауылдағы тұрмыстың қала­дағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жат­қан жерлерді мемлекеттің менші­гі­не қайтару жұмыстарын тың қар­қынмен жалғастырамыз. Ауылдық жер­лерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады», деген еді Мемлекет басшысы. Бұл бүкіл ел тұрғындарының еңсесін тіктеп, халық көңіліне зор сенім ұялатты.

«Ауыл аманаты» бағдарлама­сы осы жүрісінен жаңылмай, кем­­­шін тұсы жетіліп, қамту көлемі ұл­­ғая түссе аз жылда ауыл азамат­­та­рының да жағдайы оңалып қала­ры күмәнсіз.

 

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Премьер-министр кеңесшісі