«Apache 3» гидрографиялық бейұшағы – жерүсті басқару стансасымен және кемемен жабдықталған шағын автоматты кешен. Құрылғы суайдындарының тереңдігін зерттеу үшін бір жиілікті эхолот және су параметрлерінің датчиктерімен жабдықталған. Басқару стансасы құрылғы мен радиоканал немесе ұялы байланыс арқылы байланысып, гидрографиялық түсірілімді кез келген қашықтықта жүргізуге мүмкіндік
береді.
Гидрографиялық бейұшақ Қостанай облысының суқоймалары түбінің рельефін және су көлемін бағалау үшін бұған дейінгі экспедицияда қолданылды. Барлық жұмыс республикалық жоба аясында жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда университет ғалымдары жоғары Тобыл және Каратомар суқоймаларының түбіне батиметриялық зерттеу жүргізіп, одан су, топырақ және өсімдік материалдарын жинап, зертханаға тапсырды. Оны аталған оқу орнының қызметкерлері – Алмабек Нұғманов, Вадим Чашков, Әділ Нұрпейісов, Темірлан Мұқанов және университет магистранты Артём Башев атқарды. Айта кетейік, биыл көктемдегі тасқыннан кейін суайдындарының түбі едәуір өзгерген, сондықтан су дронының оны зерттеудегі пайдасы мол. Аппарат суасты мен үстіндегі кеңістіктің автоматты үшөлшемді түсірілімін жүргізуге, сондай-ақ инженерлік-геодезиялық, инженерлік-гидрографиялық және инженерлік-гидрометеорологиялық зерттеулер жүргізуге өте тиімді. Оны су түбінің рельефін зерттеп, құбыр өткелдерін тексеріп, көпірлер мен дамбалардың тіреуіш құрылымының жағдайын бағалауда қолданады.