Хоккей • 28 Тамыз, 2024

Братиславада бақ сынайды

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден еліміздің ұлттық құрамасы Астанада өткен Президент кубогі жолындағы жарыс аяқталған бетте қысқы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын турнирге дайындығын бірден бастап кетті.

Братиславада бақ сынайды

Алғашқы күндері «Барыс Аренада» жаттыққан жерлестеріміз жек­сенбіде Чехияға сапар шекті. Сол жерде жергілікті «Хомутов» клубымен жолдастық кездесу өткізді. Кезінде бұл ұжымды даңқты хоккейші, Олимпиада және әлем чемпионы, сол жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, атал­ған елдің ұлттық командасын екі рет дүниежүзілік доданың жеңімпазы атандырған атақты бапкер Владимир Ружичканың жаттықтырғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл бәсекеде Қа­зақстан құрамасы 4:2 есебімен жеңіске жетті. Біздің команда сапындағы ойыншылар арасында Максим Мұхаметов, Артем Лихотников, Роман Старченко және Никита Михайлис мер­гендік танытты. Келесі күні Олег Болякиннің шәкірттері Бра­тиславаға аттанды.

Қысқы Олимпия ойында­рының жолдамалары таратылатын турнирде отандық шайбалы хоккейшілеріміз мынадай құрамда өнер көрсетеді: Қақпа­шылар – Никита Бояркин («Барыс»), Максим Павленко («Рязань-ВДВ»), Андрей Шутов («Слован»). Қорғаушылар – Әділ Бекетаев, Тамирлан Гайтамиров, Самат Данияр («Барыс»), Дмитрий Бреус («Торпедо»), Леонид Ме­таль­ников («Адмирал»), Эдуард Ми­хайлов («Арлан»), Валерий Орехов («Металлург»), Иван Степаненко («Хумо»). Шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Александр Борисевич, Дін­­мұхамед Қайыржан, Мак­сим Мұ­хаметов, Руслан Оспа­нов, Михаил Рах­манов, Кирилл Савицкий, Ро­ман Стар­ченко («Барыс»), Руслан Демин («Сарыарқа»), Артем Лихот­ни­ков («Хумо»), Кирилл Паню­ков («Амур»), Евгений Рымарев («Юни­сон»), Аркадий Шестаков («Ад­­мирал») және Никита Ми­хайлис («Металлург»). Бапкер­лер құ­рамында Болякиннен бөлек, Геор­гий Верещагин, Талғат Жайлауов, Павел Бессонов сынды мамандар бар.

Осы сапар алдында БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында Олег Болякин: «Олимпиаданың лицензиясына иелік етуге мүмкіндігіміз зор. Өйткені алдына биік мақсат қойған бәсекеге қабілетті команда жасақтай алдық. Президент кубогі жолындағы жарысты дайындық жұмыстарының бастапқы кезеңі ретінде қарастырдық. Кейіннен қатарға Никита Михайлис, Валерий Орехов, Евгений Рымарев, Артем Лихотников, Иван Степаненко. Андрей Шутов, Аркадий Шестаков, Леонид Метальников сынды сақа хоккейшілер қосылды. Сондықтан да ел құрамасы осы жауапты жарысқа сақадай сай әзірлікпен аттанып барады деп айтуға толық негіз бар», деп мәлімдеді.

Словакияда шымылдығы түрі­летін іріктеу турниріндегі тұ­саукесер кездесуін жерлестеріміз 29 тамызда Мажарстан құра­ма­сына қарсы өткізеді. Келесі күні Аус­триямен шеберлік бай­қасса, 1 қыркүйекте жарыс қожайын­дарымен күш сынасады.