Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов латвиялық саясаткер, Еуропа Парламентінің депутаты, Орталық Азия және Моңғолия елдерімен ынтымақтастық бойынша делегация төрайымы Ивета Григулемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан және ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімшартты парафирлеу аясында Қазақстанның Еуропа одағымен және, атап айтқанда, Латвиямен қатынастарының қазіргі ахуалы мен болашағын талқылады. Аталған келісім бойынша келіссөздер үш жылға созылып, 2014 жылы 9 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары барысында аяқталды, ал биылғы 20 қаңтарда Брюссельде тараптар жаңа келісімшарт мәтінін парафирлеу рәсімін өткізді.
Министр Қазақстан мен ЕО арасында түрлі деңгейлердегі, соның ішінде екі ел парламентарийлері арасындағы сәтті ынтымақтастыққа қанағат білдірді. ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырыстары ықпалдастықтың қол жеткен жетістіктері мен ерекше назар талап ететін мәселелерін талқылау үшін маңызды пікір алмасу алаңына айналғанын атап өтті.
Е.Ыдырысов И.Григуле ханымды Орталық Азия бойынша Еуропарламент делегациясының төрайымы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, ЕО Кеңесіндегі Латвия төрағалығының Орталық Азия үшін ЕО стратегиясы өзектілігін көтеру ниетіне қолдау білдіріп, Қазақстан мен Латвия арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі белсенділендіру үмітін білдірді.
Тараптар, сонымен қатар, адам құқықтары, өңірлік және ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін және әлемдегі геосаяси жағдайды талқылады. Қазақстан Украинадағы дағдарысты бейбіт жолмен шешуге, соның ішінде «нормандық пішімдегі» саммитті өткізуге алаң ұсыну арқылы ықпал жасауға дайындығын растады.
Еуроодақ Қазақстанның басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Қазақстанның тауар айналымының жартысы және елімізге тартылған инвестицияның жартысынан көбі Еуропа елдерінің үлесінде. ЕО-мен сыртқы сауда көлемі 2014 жылдың 11 айы ішінде 50 млрд. АҚШ долларына дейін жетті.
«Егемен-ақпарат».