Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Орыс тілін кей орыс азаматынан артық білмесек, кем білген жоқпыз. Кезінде мұның пайдасын да көргеніміз рас. Бірақ осының бәрі ұлттық рухымызға кесірін тигізе алмады, өйткені ата-анамыз қазақтың асыл мұрасы мен қазынасын санамызға бала кезден құйды. Үйде ана тілімізде сөйлестік. Сондықтан болар орыс тілділік өз басыма ұлтымның асыл да ардақты қасиеттерін терең сіңіріп, өмірлік негіз болуына кедергі бола алған жоқ.
Ана тілін терең игеріп, қазақ әдебиеті жауһарларын оқып, зерделеп өскен біздің қатарымыз айтарлықтай қиындыққа кезіге қойған емес. Себебі балалық шағымызда қанатын кең жайып өркендеген ауылдар нағыз қазақылықтың қайнап тұрған ордасы мен ортасы болды. Бұл – арнайы нақтылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Кешке жастығымызды жастанып, көрпешенің үстіне жата қалып, тапжылмай кітап оқимыз. Ол уақта біз үшін білтелі шамның жарығы бүгінгі электр шамынан кем емес еді. Апта сайын кем дегенде бір кітап тауысамыз. Сөйтіп, орысша оқығандағы төл әдебиетті ұғынып түсінуде жіберген кемшілігімізді мықтап жөндеп, әбден толықтырдық.
Мақтанғаным емес, балалық шағымызда бабалар өнегесін ата-аналарымыздың, қала берді ауыл азаматтарының бір-біріне деген ыстық ықыласы, жанашырлық қарым-қатынасы мен көзқарастарынан-ақ байқап, сезіп, бойымызға, санамызға барынша мол жинап ұққанбыз, түйгенбіз, бойымызға сіңіргенбіз. Мұғалімдеріміз де сондай еді. Бабалар құндылығын айтып түсіндіргенде ұстаздарымыздың көздерінен от ұшқындап тұратын. Сол аса биік шабыт оларға «Құлыным, елдің баласы бол» деген әкелер өсиетінен, «Бәледен және қате іс пен күмәнді тірліктен қашық жүр» деген асыл аналарының маңдайын сипаған ыстық алақанынан жұққан-ау шамасы.
Ал бүгінгі заман бөлектеу. Немере-шөберелеріміздің жағдайы өзгеше. Олар, әрине, ақылды, білімді. Әйткенмен, бұларға дәріс беретін оқытушылардың рухани ұстанымы бізге сабақ берген ұстаздар деңгейіндей ме?
Казіргі жас өрендер ауыл тәрбиесін көріп келеді деп айтуға тіл бармайды. Өйткені бүгінгі жаһандану дүбіріне ілінген ауылдың жай-күйі анау айтқандай емес. Сол ауылда қазір біз көрген орақ тілді, ғасырлар жауһарларын жан-жағына шашқан, бойынан қасиетті бабалар өнегесі тарап жататын ақсақалдар аз қалды. Кем дегенде айына ауылға бір соғып, адалдықты, ірілікті, мықтылықты, азаматтықты дәріптейтін қиссалар төгетін жыраулар тіпті жоқтың қасы. Өкінішке қарай, жастар тәрбиесінде ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалатын түпкілікті, аса маңызды, қасиетті қағидалары мен ұстанымдарынан гөрі жасандылық пен жаһандануға ілесуге байланысты прагматизм басым.
Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» депті. Осы қағиданың растығын бүкіл әлем тарихы дәлелдеп келеді. Ендеше, қоғамдағы көп келеңсіздіктің түбі жастар тәрбиесіндегі кемшіліктермен байланысты емес деп айта аламыз ба? Сылтау болар дәлеліміз аз. Қайта, соны растайтын жағдай мол.
Қазір БАҚ-тан күнде дерлік бір басшының халық несібесін жымқырып ұсталғанын көріп, естіп жатамыз. Сонда сол азаматтар жас шағында «Өзгенің ала жібін аттама» дегенді естіп өспеген бе? Естігендері қазақ тілін дұрыс білмегендіктен, бұл не қылған «ала жіп» деп жүре берген шығар. Егер солар осы «ала жіп» алдағы өмірінде оның болашағын быт-шыт қылатын, жай жіп емес екенін ертеде түсінсе, осындай жағдайға тап болар ма еді?
Америкалық «Petrelli Previtera LLC» компаниясының мәліметінше, еліміз қазір ажырасу жөнінде әлемде алдыңғы ондықта екен. Алғашқы ондыққа Ресей, Беларусь және Молдова да кіреді. Ойланарлық жағдай. Бабаларымыз отбасылық мәселеге аса мән берген. Казіргі күйіміз мақтанарлық емес. Статистика комитетінің мәліметтеріне жүгінсек, елімізде ажырасу саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 2000 жылы елімізде 27 мыңнан аса отбасы бұзылса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 55 мыңға жақындаған, яғни екі есе өскен. Сол аралықта ажырасу саны бойынша Алматы қаласы үнемі көш бастап келіпті. 2017 жылы шаһарда 6 740 шаңырақ шайқалған екен. 2000 жылы бұл сан екі есе аз болған. Бұл ұлтымыздың басты құнды қағидаларының ойсырап, қисайғаны емес пе? Қазіргі тәрбиемізде жүздеген жыл бойы қалыптасқан қасиетті үрдісіміз бен өнегемізді еңкейткеніміз ғой. Әлде, бұл болашақ жарымен қол ұстасып, өмірлік мекеніне аяқ басайын деп тұрған қызына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп бата беруші аналардың азайғаны ма?
Орта мектеп пен жоғары оқу орнының басты міндеті – жасөспірімнен нағыз ұлтжанды азаматты тәрбиелеп шығару. Жақсы, сапалы, білікті маман даярлау ісі осыдан кейін тұруға тиіс. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге жөнді мән берілмей келгені рас. Ал жасөспірімнің ұлттық рухани құндылықтарының мызғымастай қалыптасуы үш жағдаймен тікелей байланысты екені анық. Бірінші – ата-ана тәрбиесі. Екінші – елді мекен тұрғындарынан алар өнегесі мен үрдісі. Үшінші – мектеп қабырғасынан ұғынар үлгі мен зердесі.
Ал қазіргі ата-аналардың жағдайы қандай? Олардың біразы қазақ бола тұра өзге тілділер. Сол ата-ананың өзінде де қазақы өнеге мен қасиетті үрдістің қоры кемшін. Қазақ тілінде сөйлей алмайтын, шала сөйлейтін ата-ана ұрпағына қайбір жетісіп бабалар тәрбиесін жеткізер дейсіз? Сол аймақтағы, сол қыстақтағы рухани ахуалға келер болсақ, жаһандануға ұшыраған ауылда қазір қасиетті бабалар үрдісі мен өнегесін дәріптейтін ақсақалдар тіпті азайған, жоқ десе де болады. Мектеп қабырғасында да жасөспірім тиісті тәрбие алып жатқаны шамалы. Бұған қоғамда болып жатқан көлеңкелі жағдайлар дәлел. Сонда осы тығырықтан шығатын жол қайда?
Біз көрген тәрбиенің түрі де, жолы да көп. Дегенмен қазақ жастарын өмір бойы адастырмайтын, шатастырмайтын, елінің нағыз азаматы ететін ол – бабалар айтып, көрсетіп кеткен сара жол. «Жаңаның бәрі ұмытылған тамаша ескілер» деген сөз бар. Ендеше, сол ескіні жаңартайық.
«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», «Өзгенің ала жібін аттама», «Ұлың өссе, ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Көп білем деп шалқайма, білгеніңнен білмейтінің көп», «Қиянат жасама, Алла кәріне ұшырайсың», «Ауруын жасырған өледі», «Біреуге ор қазба», «Атқарған ісіңнің қайырын тіле», «Шешесін көріп, қызын ал», «Үйге кірген жыланды ақ құйып шығарып сал», «Бұл өмірде біріңе бірің қонақсың...». Бұл – бабалардан қалған асыл қазынаның азғантай ғана түйірі. Ендеше, осы ұлағаттың әрқайсысы өз алдына бір-бір кітап емес пе? Жылдар бойы мың сыналған, дұрыстығы мен әділдігі мәңгілік дәлелденген, қазақтың қазақ болуына ғасырлар бойы жарап келген адам мен қоғам арасындағы қағидаларды бас кітап етіп, оның атауын «Ұлттық тәрбие негіздері» деп неге атамасқа?
Орта мектеп бағдарламасын талдадық. Пәндер саны жетерлік. Қай кезде де, қай оқу орындарында да қосалқы пәндер болған. Солардың кейбіреуінің шындап келгенде оқыған жастың жадында заты түгілі, атының өзі де қалмайтыны анық. Сондай мән-мағынасы төмен пәндер есебінен жаңадан «Ұлттық тәрбие негіздері» пәнін оқу үдерісіне енгізуге болады. Бұл пәнде бабалар қағидаларын ойы мен бойына сіңіріп сақтамағандар қандай қиындыққа, нендей кемшілікке ұрынып, соңында өмір жолы бұзылып, ел мен қоғамның дамуына қандай зиян келтіретінін талдап, тайға таңба басқандай көрсетіп, ұғындырып дайындап бермеске? Осы пән жастың өмір бойғы бағыт-бағдарын анықтап, оның мызғымас ұлттық рухани болмысын қалыптастырады. Жаһандану аса жоғары қарқынмен жүріп жатқан бүгінгі күні жастарда бөтен рухани ықпалға қарсы тұрып, төтеп бере алатын иммунитетті осы пән орнатады. Бұл пән қазақ тілі мен әдебиетінен кейінгі орында жайғасып, орта мектеп пен жоғары оқу орындарында биік тұғырдан көрінуге тиіс. Жоғары оқу орнына түсуші азамат пен биік лауазымды қызметтен дәмелі үміткерден алдымен «Ұлттық тәрбие негіздерінен» салмақты сынақ алынуы қажет болар. Екінші кезекте ғана олар кәсіби пәндерден емтихан тапсырғаны абзал. Осылай болып жатса, баршамыз қасиетті бабалар аманатын орындауға бір табан жақындар едік.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры