Саясат • 29 Тамыз, 2024

Инклюзивті қоғам құру – әділет қағидаты

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Парижде жалауы желбіреген XVII Жазғы Паралимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға қатысты. Францияға жұмыс сапары барысында Палата спикері ЮНЕСКО-ның Инклюзия жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулемен және Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті.

Инклюзивті қоғам құру – әділет қағидаты

Конференция парас­порт­тың инклюзия саласына бере­тін тың әсері және оны кеңі­нен қолдану мәселелеріне арналды. Қазақстан бочча федерациясының президенті іс-шараға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Паралим­пиада ойындары қарсаңында осындай ауқымды жиын ұйымдастырғаны үшін ЮНЕСКО-ның басшылығы мен өкілдеріне алғысын жет­кізді. Сондай-ақ ол мұндай бастама ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға және осы алаңда инклюзия мә­дениетін дәріптеудің келе­шегін талқылауға зор мүмкін­дік беретінін атап өтті. Мәу­лен Әшімбаев бұл сала Қазақ­станда кейінгі жылдарда елі­мізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың басым бағыттарының біріне айналып, айрықша маңызға ие болғанын да атап өтті.

Конференцияда кешенді қол­дауды қажет ететін мүм­кіндігі шектеулі адамдарды оңал­ту мәсе­лесіне баса мән берілді. Сенат төрағасы атап өткендей, бұл бағыт­та медициналық аспектілерге ғана басымдық беріп қоймай, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, сапалы білім алуға, қоғам өміріне белсенді араласып, мемлекеттік басқару ісіне қатысуға толық жағдай жасау аса маңызды.

«Қазақстанда мемлекеттік сая­сатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса мән беріліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңғыртулар әділеттілік қағидатына табан тірейді. Баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құрмай ол қағидатқа қол жеткізе алмаймыз. Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар азаматтар бетпе-бет келетін проблемаларды шешу жолында дәстүрлі қайырымдылық­тың және медициналық қолдау­дың аясынан шығу. Біз олар­дың қоғамға бейімделуіне және өмірден өз орындарын табуына жаңа серпін бере­тін тиімді экожүйе қалып­тас­тыруды көздеп отырмыз», деген Қазақстан бочча федерациясының президенті Қазақстан заңнамасындағы инкл­ю­зивті білім беруді дамытуға, әлеу­меттік кәсіпкер­лікті қолдауға және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған өзгерістерге тоқталды.

Халықаралық конференция барысында БҰҰ-ның бас хат­шы­сы Антонио Гутерриш, ЮНЕСКО-ның бас директоры Одри Азуле, Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс және тағы басқалар сөз сөйледі.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс­пен кездесті. Тараптар паралим­пиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Сұхбат кезінде Сенат төрағасы Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мен параспортты дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев паралимпиадалық спортты дамытуға және параспортшыларымызды жан-жақты қолдауға баса мән беріп келеді. Біздің елде 60 мыңға жуық азамат паралимпиадалық спорт түр­лерімен шұғылданады. Олардың мыңға жуығы Ұлт­тық құрамаға мүше. Бүгін­де Қазақстанда 19 пара­лим­пиадалық спорт түрі қарқын­ды дамып отыр. Осы орайда біздің Халықаралық паралимпиада комитетімен серік­тестігіміз елімізде паралим­пиадалық спорт түрлерін дамыту жолында айрықша мәнге ие» деп, Мәулен Әшімбаев Қазақ­стан бочча федерациясының қыз­меті туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы ЮНЕСКО-ның бас дирек­торы Одрэ Азулемен кездесті. Кездесу барысында Алматыда БҰҰ Өңірлік бюро­сы­мен жұмысты жандан­дыру, рухани дипломатия­ны ілгерілету, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және тағы басқа көпжоспарлы өзара іс-қимылды арттыру мә­се­лелері әңгімеге арқау болды.

«Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан делегация­сын бастап келу – мен үшін зор мәртебе. Біздің елде параспорттың экожүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Қазақстан спорт және білім беру салаларындағы ауқымды саясат аясында пара­спорт­қа да басымдық беретін ұлт­тық стратегия­лар әзірлеп жатыр. Біз ЮНЕСКО-ның баршаның спор­тқа тең қолжетімділігін қам­­тамасыз етуге қосқан үле­сін жоғары бағалаймыз. Бұл ретте Fit for life sport – Өмір үшін спорт флагмандық бас­тамасын айрықша атап өткен жөн», деген Мәулен Әшімбаев нақты салалардағы ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды.

Одри Азуле өзара іс-қи­мыл­ды арттыруға мүдделі еке­нін айтып, Қазақстанда жүзе­ге асырылып жатқан рефор­малар мен заңнамалық өзге­ріс­тердің тиімділігін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан паралимпиада құрамасы Парижде өтетін XVII Жазғы паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Дүбірлі дода 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысқа 182 елден келген 4 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олар барлығы 549 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Қазақстан ұлттық құра­масы бұл Ойындарға спорт­тың 9 түрі­нен 33 жолдама жеңіп алды. Нақ­ты айтқанда, отандық атлеттер пара жеңіл атлетика, парапа­уэрлифтинг, паратаеквондо, пара үстел теннисі, паражүзу, пара­дзюдо, параканоэ, пара оқ ату және отырып ойнайтын волейболдан сынға түседі. Осы ретте қазақстандық параспортшылар пара үстел теннисі мен параканоэ­ден Паралимпиадаға алғаш рет қатысып жатқанын айта кеткен жөн.