Референдум институты 1993 жылы алғашқы Конституциямызда құқықтық тұрғыда бекітілді. Заңдар жинағында мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді шешуде референдум өткізу мүмкіндігі қарастырылды. Сөйтіп, 1995 жылы екі республикалық референдум өткізілді. Біріншісінде Президенттің өкілеттігін ұзарттық, екіншісі 30 тамызда Конституция қабылдадық. 1995 жылғы Конституцияда, кейіннен «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңында толыққанды бекіді. Екі жыл бұрын өткізілген үшінші референдум Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеді. Бұл науқан жалпыхалықтық сипат алды. Референдумды ұйымдастыру, дайындау және өткізу ашық және жария түрде жүзеге асырылды. Референдум өткізу туралы қойылған мәселелер БАҚ арқылы азаматтардың назарына жеткізілді. Жалпы, дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Айталық, дауыс берушілердің келу көрсеткіші 68,05 пайызды құрады. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді. Сөйтіп, ел тарихында екінші рет референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде негізгі деген өзгерістерді ғана атап өтетін болсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар Президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауындағы байлықтар, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болды. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға шектеу қойылды. Құқығы бұзылған азаматтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен Бас прокурор Президент, Парламент спикерлері, Парламент депутаттары сияқты құзырға ие болып Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылып, Сенаттағы президенттік квота қысқарды. Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылып, Сенатқа ҚХА квотасы енгізілді.
Сонымен қатар мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік берді. Жоғары есеп палатасы құрылып, адам құқықтары институттарын нығайтылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертілді. Ең маңыздысы, қоғам жиі айтып жүрген тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.
Енді осы өзгерістерді тереңірек талдайтын болсақ, халықтың сайлау, шешім шығару құқығының жаңа көрінісі ретінде мәслихат депутаттарының рөлі күшейтілгенін байқаймыз. Халықтың ресми өкілдерінің жалпы санының кемінде бестен бірі әкімге сенімсіздік танытса, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін қызметтен босату тетігі қарастырылды. Бұл өз кезегінде әкімдердің міндетіне жауапкершілікпен қарап, халыққа шынайы қызмет етуге, үнемі есеп беруіне негіз болады.
Сенат жұмысы Мәжіліс қабылдаған жобаларға келісім беру, не болмаса бермеумен шектелді. Төменгі палатада қаралған нормаларды Сенат қайта қарамайды. Барлық Конституциялық заңдар Мәжілістің қарауынан өтеді. Бұл аралас сайлау жүйесі бойынша сайланған таңдаулы депутаттық корпусты қалыптастырып, күшті Парламент институтын дамытты. Осы арқылы сайланбалы органға сенім күшейіп, халықтың көзқарасы өзгереді. Ең бастысы, қоғамда тәртіп орнап, болашаққа деген сенім артады.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін «шетелдік азаматтар мен компания өкілдеріне жер сатылмасын» деген пікір ұдайы айтылып жүрді. Конституциялық өзгерістерден кейін жердің асты-үстіндегі табиғи ресурстардың барлығы халыққа тиесілі екені тайға таңба басқандай көрсетілді.
Референдумның ерекшелігі – мемлекеттің тағдырлы мәселелері шешілуіне қатыстылығында. Олардың қатарында мемлекеттік тәуелсіздікке, аумақ мәртебесін өзгертуге, мемлекеттік шекараға секілді мәселелерді жатқызуға болады. Сонымен қатар референдумның сайлау институтымен де белгілі бір ұқсастығы бар. Мәселен, референдум мен сайлау арасында тең белгі қойылды. Сайлау баламалы негізде сайланған адамның мандатына заңды күш беруді көздесе, референдум кез келген шешімге заңды күш береді. Алайда референдумға шығарылатын мәселе азаматтардың конституциялық құқықтарын, азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарын бұзуға әкеліп соқпауға тиіс.
Сондай-ақ референдум сайлау, мандаттан басқа ел тағдырына, халықтың болашағына қатысты маңызды, тағдыршешті мәселені шешуге байланысты өткізілуі әбден мүмкін. Мысалы, мемлекеттің тәуелсіздігіне, өз дербестігін тануға қатысты Пуэро-Рико, Косово, Трансильвания (Румыния), Оңтүстік Судан, Каталония секілді елдерді атап өтуге болады. Осы тұста 2016 жылы Ұлыбритания мемлекетінің Еуропалық одақтан шығуы туралы референдумын айта кеткен артық етпес.
Ендігі жерде адам құқығын қорғауға негізделген әділетті қоғам құрудағы шешімнің жемісті болуы өзімізге байланысты. Бұл үшін Ата заңымыздағы өзгерістер мен бастамаларды құзырлы органдар уақытында сапалы орындап, халықтың да ел болашағы үшін қабылданар әр шешімге қызығушылық танытса, сонда елдегі демократиялық құндылықтар шынайы іске асып, заң нормалары қоғам үшін қызмет етеді.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты