24 Қаңтар, 2015

Мерейлі жыл және маңызды жоспарлар

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сыртқы саясат ведомствосының басшылығымен жұмыс отырысын өткізді. Министр отырыста 2015 жылдың еліміз үшін ерекше жыл болатынын және биыл бірнеше мерейтойлық оқиғалар, атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы атап өтілетінін айтты. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылды­ғының Қазақстан үшін маңызы ерекше. Одан басқа, 2015 жылы Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының 70 жыл­дығы, ЕҚЫҰ құрылуына әкелген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғанының 40 жылдығы атап өтілетін болады, деді Сыртқы істер министрі. Е.Ыдырысов, бұған қоса, Қазақстанның 2015 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақтастығының кеңесінде төр­ағалық ету аясында жұмыстың жеке бағыттарын айқындады. Жаһандық үнқатысу алаң­дары­на айналған форумдарды – Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының V съезін (маусым), Еуразиялық медиа форумды (сәуір), Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүние­жүзілік конференцияны (мамыр) ұйымдастыруға қолғабыс көрсету жұмысының маңыздылығы атап көрсетілді. Бұл орайда, Хатшылығы Астанада орналасатын Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйы­мын дамыту мәселесіне ерекше на­зар аударылды. Жақын арада атал­ған ұйымның жарғысына Бірік­кен Араб Әмірліктері қол қойып, ұйым мүшесіне айналғаны атап өтілді. Жалпы өңір үшін және жеке Қа­зақстан үшін бұл ұйым құрылуы­ның маңызы зор. Ол қажетті жедел және гуманитарлық көмек көр­сету, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі қорларын құру мәселе­лерімен айналысады деп күтілуде. Сонымен қатар, ұйымның іске қосылуы қазақстандық астықты және өзге де азық-түлік түрлерін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерге жет­кізуге, Қазақстан мен өзге де елдерде ірі инвестициялық және инфра­құ­рылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп күтілуде. Министр Қазақстанның шетелдік әріптестермен Үкімет­аралық комис­сиялардың жұмысын жүйе­лендіру бойынша оң үдерістер байқалып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Е.Ыдырысов Сырт­қы істер министрлігі тарапынан атқа­рылып отырған негізгі ұзақ мерзімді сыртқы саяси бастамалар бой­ынша бірізді жұмыстың маңыз­дылығына тоқталды. Бұл жерде әңгіме Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілету, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұ­мыс­тары, «KazAID» ресми даму кө­ме­гі тетігін іске қосу мен Алма­ты­да БҰҰ көпжақты дипломатия хабын құру мәселелері туралы болып отыр. Министр құрлықтың ірі ұйым­дары – Еуропалық одақ пен Еура­зиялық экономикалық одақ арасына «көпір салу» жұмысына ерекше назар аударды. Бұл 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы келісімнің кү­шіне енуінен бастап өзекті мәсе­леге айналған. Отырыста, сонымен қоса, екі­жақты пішімде және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Азияда­ғы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ), Ауғанстан бойынша Ыстамбұл үдерісі және басқа да аймақтық, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен форумдардағы еліміздің басшылығымен өтетін халықаралық іс-шаралар кестесі қарастырылды. Сәулебек БІРЖАН.