Жаңасемей ауданы – биыл жеке аудан болып қайта құрылып, жергілікті халықтың мерейін асырған жаңа аудандардың бірі. Өңірге әлеуметтік инвестицияларды тартудың маңызы зор. Сондықтан Шүлбіде ашылған спорт нысанына халық дән риза. Көпфункционалды нысан ауа-тірек құрылымында салынған. 1,6 мың шаршы метрге шақталған кешенде волейбол, шағын футбол, бокс, күрес, үстел теннисі, жеңіл атлетикамен айналысуға жағдай жасалған. Барлық қажетті құрал-жабдық бар. Алдағы уақытта мұнда спорт секциялары ашылады. Нысан құрылысы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы атынан бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырылды.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қор көпшілік арасында саламатты өмір салтын насихаттап, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ауылдық жерлерге әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.
«Мен өзім де спортпен айналысқанды ұнатамын және түрлі марафондарға белсенді қатысамын. Мәселен, биыл маусымда қор қайырымдылық марафонын ұйымдастырды. Жиналған қаражатқа келесі аптада Білім күніне орай Астанада инклюзия сыныптарын ашамыз. Спорт нысаны салынған Шүлбі ауылынан болашақ олимпиада чемпиондары шығуы мүмкін. Бұл спорт кешені жастардың талантын ашып, биіктерден көрінуге мүмкіндік береді деп сенемін», деп атап өтті қор басшысы.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев өңірдің спорт инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесі үшін «Самұрық-Қазына» қорына алғысын білдірді. Жақында республикалық марафон жарысынан жүлдемен оралған 13 жастағы Азамат Базарбеков те спорт кешенінің ашылғанына дән риза.
«Жақында Парижде болған Олимпиададан кейін біз де Елдос Сметов, Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов сияқты чемпион болып, еліміздің намысын қорғағымыз келеді. Ауылда талантты балалар көп. Сондықтан спорт кешенін салып берген ағаларымызға рахмет», дейді жас спортшы.
Айта кетсек, қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту аясында 10 ауа-тірек құрылымындағы кешен және 1 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 28 әмбебап спорт алаңы салынды.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов шығыс аймақтағы Шүлбі ГЭС-те арнайы болды. Аталған станцияның екінші кезегін салу жобасының іске асу барысымен егжей-тегжей танысты.
Нұрлан Жақыпов станциядағы жұмыстардың жоғары деңгейінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. – Ұсынылған жобалардың барлығы өте маңызды. Сондықтан оларды қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін барлық шараны қабылдау қажет. Бұл ретте жобалардың өтелуі, қажетті тарифтермен қамтамасыз етілуі маңызды. Жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылап отыру қажет, – деп атап өтті Қор басшысы. Қуаты 702 МВт болатын Абай облысындағы Шүлбі ГЭС Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Бұл – Ертіс ГЭС каскадындағы үшінші станция. Қуаты бойынша Қазақстандағы ең ірі станция саналады. Қазіргі таңда Шүлбі ГЭС қуатын 1050 МВт-қа дейін ұлғайтуды көздейтін жоба іске асырылуда. Бұл электр энергиясын өндіруді 40%-ға арттыруға мүмкіндік беретін болады.