Қоғам • 29 Тамыз, 2024

Пайдалы платформа

59 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заманның ағымына қарай интернет платформалар арқылы жұмыс істеп, тәп-тәуір табыс табатын ел азаматтары көбейіп келеді. Бірі осы шаруасын негізгі кіріс көзі ретінде көрсе, екіншісі қосымша табыс көзі ретінде қарайды. Бастысы, интернет платформаларда жұмыс істейтін жұмысшылар еңбегіне қарай табыс тауып, халықтың да көңілінен шығып отыр.

Пайдалы платформа

Интернет платформаларда еңбек ететін азаматтар да әлеу­мет­тік қолдау шараларынан құр қалмауға тиіс. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Әлеуметтік кодекске, Салық кодексіне және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­ды­руға бірқатар түзету енгізі­ліп­ті. Интернет платформада жұмыс істеу дегеннің өзін көп­ші­лік табыс табудың тағы бір мүмкіндігі ретінде қарайды. Әрі осы мүмкіндікті пайдаланатындар жыл сайын көбейіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, елде қазірдің өзінде 500 мыңдай азамат осы салада еңбектеніп, табыс тауып жүр. Дәл қазір платформалардың ішінде кең тарағаны курьерлік жұмыс, такси жүргізушілерінің қызметі болып тұр.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов платформада жұмыс істеудің артықшылығы жұмыс кестесінің еркіндігінде екенін айтты.

– Платформадағы жұмысты негізгі жұмыспен қатар алып жү­руге болды. Әрине, мұндай жұ­мыстың тәуекелдері де жоқ емес. Бұл бірінші кезекте табыс­­­тың тұрақ­ты болмауымен, көлең­­­келі қатынастардың көбеюімен байланысты. Жұмыс­шы­лардың мемлекет ұсынған кепілдіктерден қағылуы да оңай шаруа емес. Себебі бұл аза­мат­тың медицициналық қызмет алуына, әлеуметтік ахуалына әсер етуі мүмкін. Мемлекет басшысы цифрлық экономикаға араласатын ел азаматтарының құқын қорғаудың шарттары мен тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан бірқатар іс-шара қабылданды. Шілдеде қабылданған заң шеңбе­рінде Әлеуметтік кодекске, Са­лық­тық кодекске және Мін­детті әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тан­дыру туралы заңға өзге­ріс­тер енгізілді. Оcы түзету­лер­дің есесіне «e-Salyq Business» қосым­ша­сының арнайы салықтық жүйесін қолданатындар үшін төлем­дерді азайтуға ықпал ететін бірқатар шешім қабылданды. Мұнда жеке табыс салығына, медициналық сақтандыруға, әлеу­­меттік сақ­тан­дыруға және зейнетақы жарнасына табыстың 1 пайызын аударып отыруға мүм­кін­дік қарастырылған, – дейді А.Сарбасов.

Осы жеңілдетілген режім арна­йы салықтық режімді қол­да­нуға дайын азаматтар үшін тиімді. «e-Salyq Business» салық шеңберінде жеңіл­детілген салық­тық режімнің артық­шы­лы­ғы көп. Бұл режімге көшуді ойлағандар арнайы салықтық жүйемен салық төлейді. Мұның дәстүрлі салықтық режіммен салық төлей­тіндерден артықшылығы көп. Мысалы, дәстүрлі салықтық ре­жім­ді қолданатындар ай са­йын кем дегенде 17 мың теңге тө­леп отырады. Ал жеңілдетілген салық режімі арқылы табыстың 4 пайызын ғана салыққа төлеуге мүмкіндік туады.

– Егер табыс 200 мың тең­генің шамасында болса, онда дәстүрлі салық режімі бойынша 17,5 мың теңге мөлшерінде төлем төлеу қажет. Ал жеңілдетілген режім табыстың тек 4%-ын төлеуге мүмкіндік береді. Алда Мемлекеттік кірістер комитеті, «Азаматтарға арналған үкімет», сондай-ақ Ұлттық банкпен бірге өзара іс-қимылдың тиісті қағи­да­ларын әзірлейміз. Жалпы, «Интернет платформалар», «интернет платформалардың операторы», «тапсырыс берушілер», «орындаушылар» ұғымдары заң­на­малық түрде бекітілген. Қыз­меткер мен заңды тұлға ара­сын­дағы өзара қарым-қатынас Еңбек кодексі шеңберінде регла­мент­телген. Айта кететін тағы бір ақпарат, интернет платформаларда жұмыс істейтін жеке тұлғаларға қатысты салық режім­дері қарас­ты­рыл­ған. Қанат­қақты жобаға 13 мың такси жүргізушісі қатысады деген болжам бар, – дейді вице-министр.

А.Сарбасов түсіндіргендей, жұмысшылар арнайы салық режімін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Жылдың соңына дейін ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізу және интеграциялау тетіктері толық іске қосылады. Себебі жыл соңына дейін осы тетіктердің барлығы толық жұмыс істеуі қажет.