Сұхбат • 29 Тамыз, 2024

«Есірткі қылмысымен күрес жалғасады»

87 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Заманның зұлмат дертіне қарсы күрестің бір сәтке де толастаған күні жоқ. Десе де, есірткінің құлына айналып, өз өміріне балта шауып жатқандар азаймай тұр. Өкініштісі, есірткіге елтігендердің арасында жастар мен жасөспірімдердің саны артып барады. Ал «қара бизнестің» көрігін қыздырушылар адам тағдырын ойыншыққа айналдырып, бас пайдалары үшін бала еңбегін де пайдалануға үйір. Әлемді алаңдатқан қауіпті дертпен еліміздегі күрестің нәтижесі туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан ӘМІРХАНОВ айтып берген еді.

«Есірткі қылмысымен күрес жалғасады»

– Бүгінде есірткі тұзағына ілін­гендердің саны азаймай тұр. Елдегі есірткі айналымына қарсы күрес шаралары нәтиже беріп жатыр ма?

– Есірткі әлем жұртын алаң­дат­қан күрделі ахуалға айналды. Бола­ша­ғын ойлаған әр мемлекет бұл са­ладағы күресті бір сәтке де толас­та­туға болмай­тынын жақсы біледі. Сон­дықтан дүние жүзіндегі елдер есірт­кі қылмысына қарсы әртүрлі шара қабылдап, заң нормаларын да заманға сай қатайтып келеді. Нашақорлар мен оны сатушылардың жолына тосқауыл болудың сан түрлі амалын қарастырып, жаһандық қауымдастық та бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Елімізде де есірткінің алдын алу шараларын жасап, заңдарымызға да тиісті түзетулер енгізіп жатырмыз. Заңсыз есірткі айналымын болдырмаудың түрлі әдіс-тәсілін енгізіп, барлық құрылымды қауіпті дертке қарсы жұмыла күресу­ге шақырамыз. Себебі бұл – тек құқық қорғау органдары емес, қоғам болып атқаратын шаруа.

Қазір Мем­лекет басшысының тікелей тапсырмасымен Үкімет бұл бағыттағы іс-шараларды арттыра түсті. Осыдан екі жыл бұрын Президент есірткіге қарсы күресте кешенді жос­пар әзірлеуді тапсырған еді. Кейін­­нен Мемлекет басшысы Атырау­да өткен Ұлттық құрылтайда күштік құ­ры­лымдардың қорытынды жиналыс­тары мен алқа мәжілістерінде де есірткі бизнесіне тоқтау салуға ерекше назар аударды. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолдану­дың, дайындаудың және таратудың жо­лын кесіп, тамырына балта шабуға тиіс­піз. Әйтпесе бүкіл еліміздің болаша­ғы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең, оңай сатылып келеді. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», деді. Шындығында да есірткінің құлына айналғандар мен осы бизнестен пайда тауып отырғандар да ұлтымыздың болашағына балта шауып жатыр. Әсіресе синтетикалық есірткінің жаңа түрлері белең алып тұр. Президенттің екі жыл бұрын айт­қан тапсырмасына сәйкес былтыр Есірткі бизнесіне және нашақорлық­қа қарсы күреске арналған кешенді жос­пар қа­былдадық. Үш жылға арналған құ­жатта қоғам үшін аса қауіпті, әсі­ре­се синтетика­лық препараттар­дың ­та­ра­луына тосқауыл болу, оларға ­қол­­­­жетімділіктің жолын кесу, адам­­ның наша­қор­лыққа салынға­нын ­­дер ке­зінде анық­тау жүйесін енгізу, есірт­кіге тәуел­ді­лер­дің есебін қалыптас­ты­ру, есірт­кі биз­не­сіне қарсы күресетін орган­дар­­дың ма­териалдық-техника­лық жағ­да­йын ны­ғайту жұмыстарына басымдық беріп отырмыз.

Кешенді жоспарда көрсетілген нақ­ты бағыттардың сапалы және тиімді іске асырылуы үшін әрбір іс-шара министрліктің тиісті қызметтеріне бекітіліп берілді. Құжаттың әрбір тар­мағын іске асыруда іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұл оның орындалу динамикасын апта сайынғы сегментте бақы­лауға мүмкіндік береді. Қажет бол­ған жағ­дайда іс-әрекеттерімізді түзету шаралары қабылдана­ды. Осы 2023–2025 жылдарға арнал­ған жоспарымыз жеті тармақ, жетпіс жеті тармақшадан тұрады. Мұнда біз есірткімен күресте ішкі істер органдары ғана емес, басқа да күштік құрылымдар, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бірлесе атқаратын жұмысты көрсеттік.

– Биыл департаменттің ат­қарған нақты жұмысы қандай?

– Жыл басынан бері жеті айдың ішінде 4 724 есірткі қыл­­мысына қа­тыс­­ты құқық бұ­зу­шылық анық­­талды. Оның 1 962-сі – қылмыс, 1196-сы – өт­кізу фактіле­рі. Осының ішінде 400-ге жуығы есірткіні интернет арқылы сатқандар, 284 факті аса ірі мөлшер­де есірт­кі тасымалдағандарға тиесілі. Сон­дай-ақ 58 факті есірткіні наси­­хат­тап, үгіттегені үшін істі болғандарға қатысты. ­­185-і құрамында есірткісі бар өсім­дік­тер­ді өсірумен айналысқандар оқиғасы. Ал 210 факті шекара асыру­­мен айналысқан есірткі контрабан­дасы бойынша қозғалған. Сонымен бірге 6 қылмыстық топқа 11 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, осы заңсыз айналымнан жеті айдың ішінде 18 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Алынған есірткі заттарының көбі – каннабис өсімдіктері. Марихуана – 3,7 тонна, гашиш – 447 кило, синтетиканың өзі 370 килоға жетіп, 38 есірткі зертханасының жолы кесілді. Осының ішінде бөлек айта кететіні, 28-і – таза синтетикалық өндіріс. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір адам өміріне негізгі қауіп төндіріп тұрған – осы синтетикалық есірткі.

Бұдан басқа, биыл жеті айда 2 755 әртүрлі интернет ресурс бұғатталып, ­1 281 әкімшілік құқық бұзушылық ­анық­талды. Сондай-ақ есірткі қыл­мы­­сының алдын алуға да ұдайы көңіл бө­лінеді. Бұл орайда былтыр алты мың­нан астам іс-шара атқарылса, биыл жеті айдың өзінде ғана алдын алу жұ­мыс­тарының санын 9 738-ге жеткіз­­дік. Профилактикалық іс-шаралар­дың ішінде түрлі акция, халықпен кез­де­су, дөңгелек үстел мен байқау, спорт­тық сайыс, жастарды са­ламатты өмір ­салтына шақыруға ба­ғытталған ке­шен­ді түсіндірме жұ­мыс­тары бар. Оның ішінде тең жартысы, нақты айт­сақ, 4 112 іс-шараға білім ошақ­тары мен денсаулық сақтау маманда­рын тартып, халықты толғандырған сауалдар­ға бірге жауап іздедік. Қауіпті дерт­­ке шалдыққандардың өзімен психолог пен наркологтерді шақыртып жұмыс жүргіздік. Мыңға жуық іс-шара­мыз­ға үкіметтік емес ұйымдарды тартып, 1 376 еріктімен бірге атқар­ған жұмысымыз миллионға жуық адамды қамтыды.

– Осындай кешенді жоспар мен нақты жұмыс тиімді нәтиже беріп жатыр ма?

– Әрине, істелген жұмыстардың нәтижесін ашылып жатқан қылмыс санына қарап бағалауға болады. Бірақ қоғамда «Жұмыс істеліп жатса, қылмыс неге азаймайды?» деген пікір айтылады. Мұндай сауалдың қойылғаны да дұрыс шығар. Әйткенмен, есірткі – жасырын қылмыс. Сондықтан бұл саладағы құқық бұзушылық пен қыл­мыстың артуы түсінікті. Мәселен, былтыр жасөспірімдердің қатысуымен 41 есірткі қылмысы анықталса, биыл жеті айдың өзінде 30-дан аса қылмыс белгілі болды. Яғни кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен болған қылмыстар. Жасырын қылмыстар­дың ашылуының өзі кешенді жоспар­дың тиімділігін көрсетеді. Себебі соңғы құжатқа сәйкес есірткіге қарсы күрес шараларына барлық мемлекеттік орган бірге күш жұмылдырып жатыр. Ашылатын қылмыстың статистикасы әлі де өседі. Біршама уақыттан кейін ғана қылмыс саны азаюы мүмкін. Мысалы, қоқыс жинаған кезде де жабылып жұмыс жүргізген алғашқы уақыт­та жиналған қоқыстың көлемі көп болады. Келесі жылы одан азы­рақ шы­ғады. Сол секілді жабылып істел­ген жұмыстың нәтижесінде алғашқы жылдары қылмыстың артуы орынды. Бұл кешенді жұмыс аяқталған­нан кейін алдағы жылдарға да осын­дай нақты жос­пар құрылып, қосым­ша құжат қабыл­даймыз. Мүмкін сол кездерде есірт­кі қылмысы бәсең­деуі мүмкін.

– Бұдан бұрын есірткімен күрес жұмысы қалай жүрді? Бүгінгідей ке­шенді жоспар болмады ма?

– Болды. Бірақ қазіргі кешенді жоспар кейінгі сегіз жылдан кейін қабылданған құжат десек болады. Соң­ғысы – 2012–2016 жылға арналған кешенді жоспар. Оның өзі бір жыл бұрын ерте аяқталды. Ал құжаттың тиімді нәтиже бермеуі ол кезде есірт­кі күресіне қатысты жұмысты орта­лықтандыру жергілікті әкімдіктер­ге жүктелді. Қазір осы қателіктің орны толтырылып, барлық мемлекеттік орган бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жүйелі түрде жұмыс атқаруға кірістік. Мысалы, жоспарда денсаулық сақтау мекемелерінің емдеу мәселелеріне де ерекше ден қойы­лып отыр. Статистикаға сәйкес осы күні нашақорлыққа шалдыққандардың саны он сегіз мыңнан асқан. Алайда бұл – тек ресми тіркелгендері. Сол үшін есірткіге тәуелділерді емдеу орта­лық­тарын заманға сай етіп, жаңа палаталар жасауға ден қойып отырмыз. Шекара қызметі қауіп пен қатерге қарсы тұра білетіндей, іргемізді берік қыла алатындай түрлі қорғау, тексеру құралымен қамтамасыз етілуге тиіс. Әділет министрлігі алдына әртүрлі экспертизаны нақты әрі тез жасайтын қондырғыларды алу міндеттеліп отыр. Кешенді жоспар аясында ішкі істер органдарының ақпараттық қондыр­ғыларын да жаңартып жатырмыз.

– Еліміздің қай өңірінде қыл­мыс көп тіркеледі? Осындай қыл­мысқа шатылғандардың жас айыр­машылығына талдау жасала ма?

– Қылмыс статистикасына талдау тұрақты жасалады. Қазір Алматы қа­ласы мен Алматы облысының өңі­рін­де синтетикалық есірткі түрлері­не қатысты қылмыс жиі тіркеледі. Есірткінің осы түрінен анықталған зертханалардың тең жартысы екі өңірге тиесілі. Ал каннабис топтағы есірткінің көбі Шу алқабы немесе Қызылорда өңірінде өсіріледі. Қара­сора шөбі қаптаған бұл өңірлер­де жаз бен күз мезгілінде «Қарасора» арнайы операциясын өткізіп, тікұшақ­пен есірткі алқаптарын анықтаймыз. Өкі­ніштісі, есірткіге еліккендердің көбі 18–29 жастағы жастар.

– Есірткі қылмысының артуына біздегі заң нормаларының жеңіл болуы да мүмкіндік жасап отырған жоқ па?

– Кейінгі жылдары есірткіге қа­тыс­ты құқық бұзушылық пен қылмыс­­қа жа­уапкершілік қатаңдатылды. ­Төрт жыл­ бұрын Қылмыстық кодекске ­есірт­кі құралдарын, психотроптық ­зат­­­­тар­­­­­ды немесе сол тектес және прекур­­сор­ларды насихаттағаны немесе ­заң­­­сыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жа­уап­тылықты көздейтін жаңа бап енгізілді. Есірткі құралдарымен заң­сыз айналысқаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бір сөзбен айтқанда, қазір есірткі жарнамасы мен үгіт-наси­хат үшін жауапкершілік бар. Ендігі ­жерде есірткі өндірісімен айналыс­қан­дар­ды өмір бойына бас бостанды­ғы­­­нан айыру жазасын енгізуді ұсынып ­отырмыз. Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Күзден бас­тап бұл жұмысты әрі қарай жалғас­тырамыз.

– Шекара шебіндегі қырағылық та күн тәртібінде тұрғанын білеміз. Қандай елдерден қауіп бар?

– Ауғанстаннан келетін қауіп әлі сейілген жоқ. Бұрынғыдай көп тәр­кіленбейді, бірақ әлі де ауған апиындары алаң­да­тып тұр. Бұдан бө­лек, синтетика­лық есірткі түрлерін өн­діретін қон­дырғы­лар көршілес елдерден әлі де тасымалда­нады. Бұл орай­да біз әртүрлі халықаралық ұйым­дармен тиімді жұмыс атқарып жатыр­мыз. Мәселен, ШЫҰ, ҰҚШҰ, БҰҰ секілі әртүрлі ұйыммен бірге ортақ ха­лық­­аралық операциялар өткізіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­мек­ші, нашақорлықсыз әлемді құру жо­лындағы жұмысқа белсенді қатысып, елдегі жаһандық дерттің дендеуіне қарсы жұмыс жалғасады.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»