«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуленов жолдасқа!
Аса қадірлі Сырбай!
Жаңа қоныс-тұғырыңыз құтты болсын! Сіз үшін бұл төр жаңа да емес қой, әуелгі, 1955 жылы қайта шыққандағы осы газеттің алғашқы шаңырақ иесі де өзіңіз емес пе едіңіз? Ондағыдай емес, енді орнығып көп отырыңыз.
Біз, бұл газеттің ертеден бергі оқушылары, шамамыз келгенше газетті жұртшылыққа көп таратуға күш салып бағамыз. Бұған сенерсіз ғой.
Ендігі бір жолдастық, оқушылық тілек, әуелі өз қабырғаңызға салып көретін ұсынысым бар. «Литературная газета» өзінің бір шекесіне – А.Пушкиннің, екінші шекесіне – М.Горькийдің бейнесін салып шығаратынын жақсы білесіз. Бұл орыс тарихының екі дәуірдегі көшбасшысын әдебиет легіне де, әдебиет белесінде де қадір-құрмет тұтқаны ғой. Ал сіз мына басының тағылуын өзгерткен осы өзіміздің «Қазақ әдебиетінің» алдыңғы шекесіне – Абайды, екінші жағына – Сәкенді салып шығаратын болсаңыз қайтер еді? Бұған жоғары жақтың қаулысы керек бола қоймас, асса Жазушылар одағы басқармасы секретарының, қалса өз алқаңыздың ұйғарындысы жетер. Мұқаң әйгілі жазушы ғой, бірақ нарық тұрғысынан, алғашқы кеңестік көшбасшылығы жағынан Сәкен ағаңыз қолайлы болар. Артық сөзім болса кешірім сұраймын.
Құрметпен
Жайық Бектұров.
22.05.1971 жыл».