Манетт Бейли есімді кейуана осы күнді асыға күткен. «Адамдар әрқашан жаңа нәрсені іздеуі керек. Мәселен, мен екі жыл бұрын, яғни 100 жасқа толған шағымда «Феррари» көлігімен сағатына 209 шақырым жылдамдықпен Сильверстоун тасжолын жүріп өттім. Десантшының әйелі болсам да, парашютпен секірген емеспін. Міне, бүгін тағы бір арманым орындалды. Айтарым, 80 жастан кейін де өнімді һәм көңілді өмір сүріңіздер», дейді ол.
Майталмандар монетасы
Еліміздің Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен «raqymjan qoshqarbaev. 100 jyl» және «kemel aqyshev. 100 jyl» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Монеталар мельхиор қоспасынан (МН 25) жасалды, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 5 000 дана. Оларды kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Айта кетейік, монетаның барлық түрін еліміздің бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдауға, банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Тәуекелшіл талант
Акробат Ғалымжан Әуесбай 9 орындықтың көмегімен 3 200 метр биіктікті бағындырды. Яғни ол Шымбұлақтағы шың басында экстремалды әдіс жасап, жұртты таңғалдырды.
Бойдағы бар мүмкіндігін көрсетуді мақсат еткен акробаттың осы өнермен айналысып келе жатқанына 11 жыл болыпты. Ол бұған дейін Қытайдағы таланттар шоуының финалына шығып, Италияда өткен халықаралық сайыста бас жүлдені жеңіп алған. «Барлық орындығымның сызбасын салдырып, арнайы дайындаттым. Өйткені мұны басқа орындықпен жасауға болмайды. Кейінгі үш жылда Англияда жаттықтым. Қолымнан келетін дүниелер іште қалып кетпей, баршаға көріну керек деп ойлаймын. Өзіме жүз пайыз сенімді болған кезде ғана өнер көрсетемін», дейді ол.