Биыл Астана медицина университетіне 1500 астам студент оқуға түсіпті. Мұның ішінде елдің әр аймағынан келген түлектермен қоса, шет елден келген азаматтар бар. Бүгінде университет базасында 2 блоктан тұратын 1418 орынға шақталған студенттер үйі бар. Онда жатын орынға сұраныс 3,6 мыңға жетсе, биыл университет басшылығы 4 мыңға жуық студентті жатын орынмен қамтамасыз етуге бекініпті. Есесіне, қазір жатақханада тапшылығы тұрмақ, қосымша 400 орын резервте тұр. Университет басшылығы бұл нәтижеге 10 жекелеген жатақхана иесімен жүргізген кешенді жұмыстың нәтижесінде қол жеткізген.
Биыл Астана медицина университетіне тиесілі 30 мың шаршы метр аумақ жөндеуден өткен. Мұндай ірі көлемде жаңғырту бұрын-соңды болмаған. Айталық, Сарыарқадағы оқу корпусы күрделі жөндеуден өтіп, онда жаңарған акт залы, кітапхана және Сoworking орталығы жастардың игілігіне берілген. Осыған қоса студенттер үйінің 2 блогында да жөндеу жұмыстары аяқталуға таяған. Биыл оқу жылы барысында 1 блокта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс екен.
Жатақхананың ашылу салтанатына Астана медицина университетінің проректоры Диас Сайдангазин де қатысып, студенттерді айтулы оқиғамен құттықтады.
«Астана медицина университеті денсаулық сақтау саласына қажетті кадрларды даярлайтын үздік медициналық ұстаханалардың бірі. Жыл сайын оқу ордасын тәмамдап шығатын мыңдаған маман отандық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасып, ұлт саулығына үлес қосып келеді. Университет құрылған тұстан осы күнге дейін денсаулық сақтау жүйесіне 30 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлап шығарды. Сіздер де оқуда озат болып, сол білікті мамандардың қатарын толықтырасыздар деген үміттемін», деді Д. Сайдангазин сөзін түйіндеп.