Теннис • 29 Тамыз, 2024

Жанкүйерлер назары – Нью-Йоркте

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері күллі жанкүйер назары – Нью-Йоркте. Атлант мұхитының жағалауында ор­наласқан әсем шаһарда «Үлкен дулыға» санатындағы турнир­лердің бірі US Open додасы бас­талды. Жүлде қоры рекордтық 75 млн долларды құраған жарыс­та жер-жаһанның барлық мық­ты теннисшілері өнер көрсетеді.

Жанкүйерлер назары – Нью-Йоркте

Өткен аптада АҚШ-тың ашық біріншілігінің іріктеу турнирін тамашаладық. ТОП теннисшілердің қатарына енбегендер өзара шеберлік байқасып, жарыстың негізі бөлігінде өнер көрсетуге кімдердің лайық екенін анықтады. Бұл бәсекелерде еліміздің бірнеше ойыншысы бақ сынады. Өкінішке қарай, тұсаукесер кездесулерінде Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко аргентиналық Марко Трунгеллити мен Тьяго Агустинге, За­рина Дияс қытайлық Ма Есиньге жол берді. Денис Евсеев алғашқы айналымда эквадорлық Альваро Гильен Месаны ұтқанымен, іле-шала нидерландық Йеспер де Йонгке есе жіберді. Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев та жарысты сәтті бастады. Алғашқысы Аргентинаның тағы бір өкілі Факундо Багнистен басым түссе, екіншісі швейцариялық Марк-Андреа Хюслерге шаң қаптырды. Со­дан қос жерлесіміз бір-біріне қарсы ойнады. Бұл дерби Скатовтың пайдасына шешілді. Шешуші сайыста ұлыбританиялық Билли Харристі қапы қалдырған ол басты додада күш сынасу құрметіне ие болды.

Ал әлемдік рейтингте жоғары саты­ларға жайғасқан төрт теннисшіміз US Open турниріне еш алаңсыз даярланды. Жарыстың алғашқы күні екі ойын­шымыз кортқа шықты. Александр Бублик (№27) Цзюнчэн Шанмен (№72) кездесті. Осындай дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, қытайлықтың қарқыны күшті болды. Бес сеттік бәсекеде Шан 6:4, 3:6, 5:7, 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Көп кешік­пей Александр Шевченко (№61) мен германиялық Доминик Кеп­фер (№80) күш сынасты. Бұл кездесуде жерлесіміздің үстемдігі еш кү­мән туғызған жоқ – 6:3, 7:5, 5:7, 6:2. Енді Шевченко америкалық Фрэнсис Тиафомен (№20) шеберлік байқасады.

Елена Рыбакина (әлемнің № 4 ракеткасы) аустралиялық Дестани Айаваны (№180) оңай еңсерді – 6:1, 7:6. Екінші кезеңде Елена франциялық Джессика Поншенің (№143) әлеуетін байқап көреді. Юлия Путинцева (№32) чехиялық Линда Носковадан (№25) басым түсті – 7:6, 6:4. Жерлесіміздің келесі қарсыласы – қытайлық Ван Синью (№40). Іріктеу сынынан іркілмей өткен Тимофей Скатов (№188) бірден өте мықты қарсыласқа тап болды. Тұсаукесер кездесуін ол әлемнің жетінші ракеткасы Хуберт Хуркачқа қарсы өткізеді. Бірінші сетте Польшаның дүлдүлі 6:3 есебімен жеңіске жетсе, қалған екеуі тай-брейке дейін ұласты. Десек те азулы теннисшіге отандасымыздың әлі жетпеді – 7:6, 7:6.