Олимпиада • 30 Тамыз, 2024

Роботтехника үздіктері

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында «World Robot Olympiad» – 2024 халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңі мәресіне жетті.

Роботтехника үздіктері

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ соңғы 10 жылда «World Robot Olympiad» халықаралық роботтехника олимпиадасын тұрақты өткізіп келеді. Осы мерзім ішінде «NIS» еліміздегі роботтехника саласының дамуы мен талантты оқушылардың халықаралық деңгейдегі командалық жарыстарда жетістікке жетуіне үлес қосты. Биылғы жарысқа, әсіресе, жалпы білім беретін мектептерден оқушылар көп жиналып, 16 команда жасақталғанын ерекше атап өткен абзал. Екі күн бойы «RoboMission», «Future Innovators», «RoboSports» және «Future Engineers» санаттарында бақ сынаған 272 оқушы өз командаларымен сайыстың көркін қыздырып, көп ішінен дара шығуға тырысты.

«WRO» байқауының биылғы тақыры­бы – «Жер-Ана қамқоршылары» деп аталды. Ережеге сәйкес «RoboMission» санатында оқушылар белгілі бір миссияларды орындайтын роботтарды бағдарламалап, практикалық тапсырмаларды шешуге тырысты. «RoboSports» санат­тарында бағдаларламалау арқы­лы спорттық сайыстарға дербес түр­де қатыса алатын роботтар, ал «Future Engineers» санатында роботтехника және инженерия негіздерін қолдана отырып, күрделі техникалық тап­сыр­маларға арналған инженерлік шешім­­дер құрастырылады. «Future Innovators» санатындағы өнертапқыштар адам­дар­­дың табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне көмектесетін, жойқын табиғи құбы­лыстардан қорғай алатын, климаты қатал аумақтарда тұруға жағдай жасай алатын робот модельдерін әзірледі.

Олимпиаданың ашылу салтанатында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жан­ғозин жас роботтехниктердің алдында маңызды кезең тұрғанын атап өтті. Әрі қатысушыларға үлкен сенім арта отырып, биылғы жылғы тақырыптың өзектілігіне тоқталды.

–  Қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашырлық таныту – әрқайсымыздың міндетіміз. Экологиялық мәселелер жыл өткен сайын күрделеніп, оларды шешуде жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдердің қажеттілігі артып келеді. Сондық­тан биылғы жарыста ұсынылатын жобалар табиғат пен адамзаттың үйлесімді өмір сүруіне үлес қосатынына сенім білдіремін. Бұл міндеттерді шешу талантты жастардың қолында, – деді ол.

«Future Innovators» шығармашылық санаты бойынша төрешілерге 50 жоба ұсынылды. Жас роботтехниктердің су тасқыны, жер сілкінісі, жаһандық жылыну, экология, ауызсу тапшылығы, басқа да ғаламдық мәселелерге алаң­дап, оның шешімін табуға, күрделі мәсе­­ле­лерді жеңілдетуге арналған роботтар құрастыруға деген ынтасы ерек­ше назар аудартты.  Осы ретте Астана­дағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Таир Тұрсынхан мен Қалиақпар Баймұхан әзірлеген робот су тасқыны кезінде адамдарға көмекші бола алады.

– Бүгінгі күні планетамыздың температурасы бір градусқа көтеріліп, ғалам­дық жылыну үрдісі жалғасып жатыр. Сал­дарынан миллиондаған текше метр су буланып, жауын-шашынның көбейіп, су тасқынының қаупін күшейтіп отыр. Биылғы көктемде осындай тасқындардың куәсі болдық. Сондықтан адамдарға қауіп­ті аймақтан жылдам шығуға,  қауіп­сіз жерге жетуге көмектесетін құтқа­ру­шы робот жасауды қолға алдық, – дейді Таир.

Ал Жамбыл облысы Байзақ ауданының Н. Киікбаев атындағы ауылдық мектеп-гимназиясынан қатысқан Бексұлтан Айдар мен Жансұлтан Ошақбайдың ауыл шаруашылығына арналған «Экоауыл» жобасы қашықта орналасқан ауылдық аймақтардағы жұмысты автоматтандыру және күн, жел, су сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды көздейді.

Олимпиаданың нәтижесі бойынша «RoboMission Elementary», «RoboMission Junior» және «RoboMission», «Senior» санаттарында Астанадағы Роботек мектебінен келген Глеб Листопадний мен Әділхан Мукушев, Амандос Әубәкір мен Әкежан Жетпісбаев, Аңсар Саурбаев пен Марат Казкенов жеңімпаз атанды. Ал оралдық өнертапқыштар Нұрдәулет Хамза мен Аружан Курматова, «Future Engineers» санатында Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шы­лары Ернұр Сәду мен Алдияр Аппаз «RoboSports» санатында жеңіс тұғырынан көрінді.

Талдықорғандағы Назарбаев зият­кер­­­­­­лік мектебінің өрендері Алинұр Ринатұлы мен Нұрали Нұржан «Future Innovators. Elementary» санатында, Сержан Қалдыбек пен Ақниет Молдакеримов «Future Innovators. Junior» санатында, Іңкәр Құрман­баева мен Айым Бауыржанқызы «Future Innovators. Senior» санатында бірінші орынды иеленді.

Республикалық чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен командалар биыл қара­ша айында Түркияда өтетін «WRO-2024» олим­пиадасының әлемдік кезеңінде ел намысын қорғайды.

 

АЛМАТЫ