*Жақын уақытта теңге бағамында күрт өзгеріс болмайды. Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов атап көрсеткендей, айырбас бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 170-188 теңге деңгейінде сақталатын көрінеді.
*Елімізде Ұлы Отан соғысы туралы ақпараттық портал құрылады. Еуразиялық медиафорумның бас директоры Руслан Жемковтың айтуынша, онда қазақстандық ардагерлердіңмәліметтер базасы орналастырылады. Дәлірегі, жоба арқылы жеңіске көмегі тигендер, соғысқа қатысқандар және даламыздан шыққан батырлар туралы ақпарат ұсынылады.
*Былтыр «Тұлпар-Тальго» пойыздары қызметін 1 млн.-нан астам жолаушы пайдаланды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған тасымал көліктері соңғы 3 жылдың ішінде ашылған жаңа 8 бағыт бойынша қатынайды. Айта кетейік, бұл пойыздардың вагондары заман талабына сай жабдықталған.
*«Шұбаркөл көмір» АҚ өз жұмыскерлеріне жаңа жай салып берді. Қарағанды облысындағы «Орталық» вахталық кентінде орналасқан 60 орындық демалыс үйіне Еуразиялық Топ (ERG) құрамына кіретін компанияға қарасты №1 автоколоннаның жұмысшылары жайғасты.
*Оңтүстік Қазақстанда 124 мыңға жуық ағаш көшеттері егілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің сөзіне қарағанда, орман ағаштарын молайтудың 2012-2014 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, былтыр өңірде 19 657 га. жерге сексеуіл ұрығы себілсе, 860 га. алқапқа оның көшеті отырғызылған.
*Ақмола облысы Щучье қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығы ашылды. ЖБО-ның бақылау жүйесі 20 еселік оптикалық үлкейту қасиеті бар, ауа райының кез келген жағдайында басқарылатын 20 бейнебақылау камерасынан тұрады. Оның ашылуына аймақ басшысы Сергей Кулагин қатысты.
*Батыс Қазақстанда газдандыру жұмыстарына 2,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұржан Боранқұлов мәлім еткендей, көрсетілген қаржының 2,3 млрд.-тан астам теңгесі республикалық, ал 316 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Осының есебінен 15,5 мың тұрғыны бар 25 елді мекенге газ тартылады.
*Солтүстік Қазақстанда ШОБ саласында 112 мыңнан астам адам еңбек етеді. Облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бұл салада 209,7 млрд. теңгенің өнімдері өндірілгенін мәлімдеді.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» деректері бойынша дайындалды.