Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегіне қатысты тапсырмаларына назар аударып, Палатаның алдағы жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталып өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелер айқындалды. Сенат Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндетті іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте қажетті заңдардың уақтылы әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған орай Жолдауда көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды ескере отырып, Сенаттың алдағы негізгі іс-шаралар жоспарын пысықтау қажет», деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Палата спикері стратегиялық бағыттар бойынша қолға алынатын шаралар топтамасына назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы атап өткен еліміздегі инвестициялық және бизнес-ахуалды жақсарту, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, ақша-несие және фискалдық саясатты жаңғырту сияқты міндеттер туралы сөз болды.
«Салық жүйесін қайта қарау және оны жаппай цифрландыру көзделіп отыр. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімі келесі жылға ауыстырылды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау, банктер және құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа заңдар қабылдау жүктелген міндеттерді іске асыру жолындағы маңызды қадам болары анық. Бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саясат және активтерді қайтару бағытындағы заңдар да қабылданады. Осы орайда Сенат Мемлекет басшысы белгілеп берген барлық бастаманың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Алдағы бейсенбіде болатын Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.