Басылым • 03 Қыркүйек, 2024

Басқа басылымдардан: Қазақстан жаңа газ кен орындарын игеруге ниетті

42 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан жалпы өндіру көлемі жылына 1 млрд текше метрді құ­райтын жаңа газ кен орындарын иге­руді көздеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында айтты.

Басқа басылымдардан: Қазақстан жаңа газ кен орындарын игеруге ниетті

Тоқаев жылу-энергетикалық орталықтар мен тұтынушыларды көмірдің орнына газ жағуға көшіру жұмыстарын байыппен жүргізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

«Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл – басты міндет», деді Президент Қ.Тоқаев.

Ол сонымен қатар Орталық Азия – Орталық газ құбырының 800 шақырымнан астамын жаңғырту жұмыстары қысқа мерзімде аяқталғанын атап өтті.

 

ыв

АЭС-ке қатысты референдум өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында 6 қазан күні елде атом электр стансасын салу мәсе­лесіне қатысты халықтың шешімін нақтылай­тын референдум өтетінін айтты.

Президент Қ.Тоқаев әлемдік энергия тапшылығына назар аудара отырып, жаңартылатын және экологиялық таза энергия көздері қажет екенін атап өтті.

«Біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етіп отыр. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін», деген Қ.Тоқаев мұндай стратегиялық жоспарды қоғамда кеңінен талқылау қажет екенін алға тартты.

 

 ва

Тілге байланысты қысым жоқ

«Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында.

Президенттің айтуынша, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауап­сыздығынан болып жатады. Тоқаев мұндай оқиғалардың жолын құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы кесіп отыратынын жеткізді.

«Бұған қоса бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

щз

«Үкімет пен Бас прокуратура бірлесе жұмыс істеуге тиіс»

Қазақстанның алдағы кезең­дегі саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық даму болашағына арналған биылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев актив­терді мемлекетке қайтаруға қатысты пікір білдірді.

Яғни «Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам», деген Қазақстан Президенті кәсіпкерлер қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен, Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс екенін ескертіп, әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасауға шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы құзырлы органдарға заңсыз майнингпен айналысатындармен күресуді тапсырды.

«Цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. Елімізде экономикаға қажетті электр қуатын өз керегіне шамадан тыс пайдаланатын, сөйте тұра салықты аз төлейтін кәсіпкерлер бар. Міне, осындайларды жөнге салу керек», деді Қ.Тоқаев.

 

ва

«Цифрлық Жібек жолы» жобасының бір бөлігі

Тоқаев Каспий теңізі ар­қылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жо­басының 2025 жылы аяқ­тала­тынын мәлімдеді.

«Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз», деді Қазақстан Президенті халыққа арнаған Жолдауында.

Жалпы, Қ.Тоқаев телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет екенін де атап өтті. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады.