Фото: aikyn.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтты. Мемлекетаралық интеграциялар тым тереңдеп кеткен дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Қазір банк сегментіне қатысты инвестициялық көзқарас өзгеру керек. Заң жобасын талқылаған кезде қандай бағытқа басымдық беретініміз нақтыланып алуы қажет. Банк саласы мүлдем басқа бағытқа өзгере ме, әлде бастапқы кезде сәл ғана өзгерістермен шектеліп қаламыз ба? Бұл заң Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қатысуымен жасалады. Мұндай жағдайда банк құрылтайшылары көзді ала бере өздерінің лоббиін тықпалауы әбден мүмкін. Сондықтан бұл ретте екінші тарап – тәуелсіз сарапшылардың, халықаралық қаржы институттарының пікірі ескерілуге тиіс.
Егер мүдделер арасындағы үйлесім сақталмаса, біз тағы 30 жыл осы өгіз аяңмен жүре береміз. Бұл саясат Үкімет пен Ұлттық банк емес, банк құрылтайшыларына ғана тиімді. Тек технологиялық өзгерістерді ғана көздесек, онда киімімізді немесе аяқкиімімізді жаңартып, ескі әннен арылмайтын боламыз. Үкімет пен бас банк бұған жол бермейді деп ойлаймын.
Қазір банк клиенттері несиенің нақты құны көрсетілгеннен 3-4 есе жоғары болып шығатынын айтады. Осыдан бірер жыл бұрын Ресейде несиенің жалпы құнын есептеу және бұл туралы клиенттерді хабардар етудің жаңа ережелері күшіне енді. Бұрын банктер оның құнын барынша төмендетіп көрсетуге тырысатын. Себебі банктердің нақты кірістілігі туралы ақпаратты жасырып қалуға осы фактор себеп болып келді. Мысалы, банктердің кірістілігі 5-6 пайыздық тармаққа жоғары екені енді айтылып жатыр. Егер осы мәселені зерттеп, заңдастырсақ, банк пен салымшы арасындағы келісімдерде жасырынып жатқан тармақтарды жарыққа шығара аламыз.
Банк сегментінің елеулі белесі басталды деп нық сеніммен айтуға болады. Барлық несие бойынша жалпы қарызды шектеу үшін жаңа макропруденциялық стандарт енгізілді. Стандарттың құны және оны есептеу тәртібі агенттіктің актісімен айқындалады. Бәлкім, нарықтық экономика болғандықтан, бірте-бірте бекітілген мөлшерлемеден бас тартып, оны базалық мөлшерлеме – құбылмалы мөлшерлемемен байланыстыруымыз керек шығар. Алдағы заң жобасында да бұл мәселелер халықаралық заң талаптарымен үйлестіріледі деп үміттенемін.
Енді құрылтайшылардың жауапкершілігі заңмен шегеленсе, банкке бизнес емес, пайда көзі деп қарайтындардың қатары азайып, жаңа ойыншыларға мүмкіндік беріледі.
Айбар Олжаев,
тәуелсіз сарапшы