Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі сөзі елдің көкейіндегіні дөп басты деп сеніммен айта аламыз. Неге? Жұртшылық экономиканың нақты секторына кредит бөлудің төмен деңгейде тұрғанын, содан барып іскерлік белсенділіктің белең алмай келе жатқанын айтатын. Президент салық саясатын қайта қарау, оны да әділеттілікке бейімдеу керек екенін ескертті. Бюджет шығынын шектеу қажеттігі де сөз етілді. Президент көрпеге қарап көсілмеске болмайтынын, шашпалықтың шалағайлықпен шендесетінін атап көрсетті. Мемлекет басшысы Еуразияның қақ ортасындағы Қазақстанның көлік инфрақұрылымын артықшылыққа айналдыруға әбден болатынын нақты нұсқады.
Елдің елеңдей жауап күткен тағы бір тақырыбы – атом энергетикасын дамытудың жайы еді. Ол да айтылды. Тоқаев бұл мәселенің су ресурстары шектеулі Қазақстан үшін стратегиялық мәселе екенін еске салып өтті. Тағдыршешті шаруаның шешуін елдің өзіне қалдырды әрі бұл мәселе бойынша референдум өтетін күнді белгілеп берді. Инфрақұрылымдық жобалардың ең бір толғағы жеткендеріне, әсіресе энергетика секторындағы ұзақмерзімді тариф саясатын қалыптастырудың жайына тоқтала келіп, жаһандық энергия тапшылығы жағдайында қуаттың сенімді көздеріне, әсіресе атом энергетикасына көңіл бөлудің маңыздылығын қадап айтты. Өз тарапымыздан әлемдегі уран қорының ширек бөлігі (ширек бөлігі Оңтүстік Африка Республикасында, қалған жартысы басқа елдерде) шөгіп жатқан Қазақстандай елде Жаратқанның бұл сыйлығынан бас тартудың көкейге қонымсыздығын, ендігі бар мәселе болашақ жобаның ойдағыдай жүзеге асуында, бұл таза экономикалық проблеманың саясилануына жол бермеуде екенін қоса айта кетер едік.
2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау жөніндегі шешім де көптің көңілінен шығары сөзсіз. Бұл арқылы жұмыс адамының, кәсіп иесінің абыройын көтереміз, еңбектің қадір-қасиетін арттырамыз. Өмірді өзгертетін – тек еңбек. Еңбек бар қиындықты жеңбек. Бар игілік тек еңбекпен келмек.
Жолдаудан өзіміз іздеген талай сұраққа жауап таптық, бұл құжат алға қойған тың талаптар ойдағыдай орындалған жағдайда өміріміздің жаңа өрісін аша алады дейтініміз де сондықтан.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты