Егер бірқатар реформа мен жобаларды жүзеге асыра алса, Қазақстан инвестиция үшін тартымды елге айнала алады. Басты артықшылығымыз – пайдалы ресурстар мен салыстырмалы либералдық заңнама. Бұлар отандық экономикада қазірдің өзінде бар. Непоттық олигархизм бюрократиялық институционализммен алмастырылып жатыр. Ол өзінің барлық кемшілігіне қарамастан, әлі де болса ойынның әмбебап ережелеріне көбірек бейім және экономикадан ақшаны сығып, оны шетелдік юрисдикцияларға беруге соншалықты ынталы емес. Салық кодексін ізгілендіру, инфрақұрылымды нығайту, өндірісті қажетті электр энергиясымен, еңбек ресурстарымен, өнеркәсіптік экономиканың басқа элементтерімен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Алайда мұның бәрін сауатты шенеуніктерсіз іске асыру тағы қиын. «Инвестиция тарту үдерісіне барлық әкім мен министр тиісті деңгейде атсалысып отырған жоқ. Үкімет бұл жұмысты реттеуі керек», деді Президент биылғы Жолдауында. Басқаша айтқанда, өңірлік және салалық басқарушылар инвестицияның тиісті өсімін қамтамасыз ете алмай отыр. Әрине, бәрі соларға байланысты емес, кей жағдайда инвесторды шақыруын шақырып алып, артынан қандай да бір кикілжіңге тап болып жатқысы келмейді. Бірақ ондай жағдайдың өзінде бос отырмастан, шаруаны жүйелі түрде шешуге тура келеді. Кейін басқа инвесторлар кедергісіз келетіндей қолайлы орта қалыптастыруы қажет.
Инвестор шақырып, оған мейлінше жайлы жағдай жасап беру мүмкіндігі бола тұра, саяси басқарушылардың екі қолын бос қойып, бюджет қаржысын үлестіруден аса алмай отырғаны қиын. Ал кейде сыбайлас жемқорлық себебімен қосымша кедергілерді қолдан ұйымдастырып жатса, тіпті жаман. «Жалпы, Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті – отандық бизнес пен шетелдік инвесторларға жол ашу. Олардың заңды қызметіне кедергі жасау салдары ауыр қылмыс деп саналуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Қазір еліміздің сынақ жылдарын бастан кешіріп жатқаны белгілі. Қазіргі уақыт бізге нақты индустрияландыруды жүргізудің, шикізат пойызынан индустриялық пойызға қайта оралған елдердің қатарына кірудің соңғы тарихи мүмкіндігі болуы мүмкін. Ол үшін әрбір ұсақ-түйекке дейін үңіліп, шенеуніктерді олардың жұмысының экономикалық тиімділігімен бағалау қажет. Есептерін әдемі құрастырғанына емес, олар жетекшілік ететін салалар мен аймақтарда қанша нақты инвестициялық жоба жүзеге асырылғанына байланысты бағалау маңызды.
Жолдауда Президент бейбіт атомды елімізде дамыту бойынша референдум уақытын хабарлады. Ол 2024 жылдың 6 қазанына белгіленді. Ол мәселенің осыдан бір жыл бұрын ашық айтылғанын, жалпыхалықтық талқылау өткізуге бір жыл жеткілікті болғанын еске салды. Президент атом стансасының құрылысы туралы 2019 жылы айтып, мәселе жалпыхалықтық референдумда шешіледі деген еді. Осылайша, талқылау шын мәнінде бір жыл емес, одан да көп уақытқа созылды. Жолдауда айтылған шетелдік инвесторларды тарту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды нығайту, жасанды интеллект пен цифрлы технологияны дамыту, қоршаған ортаға мән беру – бәрі де еліміздің энергетикалық тепе-теңдігіне бағытталған іс-шаралар. Еліміз энергия көздерін әртараптандыруға, оны экономиканың барлық саласына бағыттауға қаншалықты қабілетті. Егер тұтынылатын энергия көлемін, электр энергиясымен жұмыс істейтін технологиялардың ену дәрежесін ескере отырып, атом электр стансасы бар елдердің энергетикалық жүйесінің орнықтылығын атом стансасы жоқ елдермен салыстырсақ, айтарлықтай айқын тұжырым жасауға болады.
Ғазиз Әбішев,
саясаттанушы