Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған. Осы мақсатта Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектептің құрылысы жүргізіліп отыр. Соның алғашқысы болып Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында еңселі заманауи технологиямен жасақталған 1200 орындық білім ордасы қолданысқа берілді. Нәтижесінде, ауылдағы үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Оқушылар озық үлгідегі кең де сәулетті етіп салынған су жаңа мектепте мемлекеттік тілде білім алады. Халық саны тығыз қоныстанған аудандардағы мектептердің ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Жаңа оқу жылында өңірдің 468 мектебінде 365 404 оқушы білім алуды бастап кетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 173 оқушыға көп. Сонымен қатар бірінші сыныпқа 35 631 бала барды.
«Бала саны өсіп отырған өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 26 орта мектеп салу қарастырылған. Атап айтсақ, Білім күніне Қарасай ауданының Қошмамбет, Доған, Елтай ауылдарында «Жайлы мектеп» жобасымен 1200 орындық 3 мектеп дайын. «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектеп, ал Алатау қаласының Арна ауылында мектептің 200 орындық жапсаржайы ашылды. Аймақта үш ауысымдық мектеп мәселесін шешуде жеке инвесторлар азаматтық танытып, балаларға жаңа білім ордасын сыйға тартты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған, ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті орталық, шеберхана, кітапхана, роботтехника, стенд және модификациялық кабинеттер, спорт зал, асхана, мәжіліс залдары балалар игілігіне қызмет етеді. Мектеп мұғалімдерінің осындай зәулім ғимаратта өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретініне бүкіл ел-жұрт үміт артып отыр», деді салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Өткен оқу жылы облысқа табысты аяқталды. Дарынды балалар мол жетістікке қол жеткізді. Екі жыл бұрын 50-ге жуық бала халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болса, былтыр бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғайғанын атау орынды. Талантты балалар ауылдан шығары анық. Сондықтан дарынды оқушылар қатары осындай жаңа мектепте білім алған балалармен толыға түсеріне сенім зор.
«Бала – жарқын болашағымыздың кепілі. Әр ата-ана баласының жақсы білім алып, өмірден өз орнын табуына мүдделі. Сондықтан жаңа мектеп балаларға жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беруде заманауи, жайлы мектептер салуды жалғастырамыз. Бүгін ашылған төрт жаңа мектеп – осы мақсатқа жетуге бағытталған кең ауқымды жоспарымыздың бір бөлігі ғана», деген өңір басшысы заманауи мектептің уақытында салынуына үлес қосқан мердігер компания өкілдерін Алғысхатпен марапаттады.
«Елімізде демографиялық ахуал айтарлықтай жақсарып келеді. Кейінгі үш жылда 1,5 миллионнан астам бала дүниеге келген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондықтан балаларымыздың кемел келешегі үшін Президенттің тікелей бақылауымен осындай жаңа стандартты, жаңа модельді «Жайлы мектеп» салынып отыр. Биыл еліміз бойынша 226 мектеп ашылады, келесі жылы дәл осындай 175 мектеп іске қосылды», деген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұстаз, оқушы, ата-ана бір-бірімен байланыста болу керегін атап айтты. Сондай-ақ министр баланың білімді, тәртіпті болуы ортақ істің жемісі екенін еске салды.
«Өзім осы ауылда туып-өстім. Әкем ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен еді. Мен де әке жолын жалғастырып, 30 жыл бойы бастауыш сынып оқушыларын оқытып келемін. Ескі мектебімізде бала саны өте көп болды. Сыныпқа сыймай, үш ауысымда оқыттық. Енді жартысына жуығы жаңа мектепке ауысты. Сөйтіп, екі ауысымда оқитын боламыз. Бүгін әріптестерімді құттықтай келдім. Сән-салтанаты жарасқан жаңа ғимараттың оқушылары жақсы оқып, ұстаздары шабыттана жұмыс істеуіне тілектеспін!», дейді ауыл мұғалімі Ақмарал Жазықбаева.
Мемлекеттік тілде білім беретін су жаңа мектепте оқушылар 1 ауысыммен оқиды. Онда 12 оқу кабинеті, 3 шеберхана, 3 компьютер сыныбы, химия, физика, биология, басқа да пәндерге лайықталып жабдықталған арнайы кабинеттер мен акт зал, спорт зал бар. 125 орындық асхана жасақталып, кітапхана іске қосылған. Медициналық кабинеттер орналастырылған. Онда логопед, психолог, ойын ойнау кабинеттері қарастырылған.
Жаңа оқу жылында «Beeline Kazakhstan», «Верный Капитал» және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Шелек ауылы мен Есік қаласында әрқайсысы 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді.
Алматы облысында осы күні 39 орта мектеп үш ауысымда білім береді. Еске салар болсақ, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 54 600 орындық 53 мектеп салу жоспарланған. Бұл өңірде үш ауысымды оқуды толықтай жоюға және әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Алматы облысы