ЖОЛДАУ • 03 Қыркүйек, 2024

Жолдаудың айшықты міндеттері

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ішкі және сыртқы саясаттарын жетілдіре түсудің айшықты міндеттері жарқын көрініс тауып отыр.

Жолдаудың айшықты міндеттері

Фото: ашық дереккөз

Биылғы Жолдаудың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты тақырыппен ұсынылуының өзі ел ертеңіне деген сенімді нығайтып, мемлекет болашағына деген оптимистік үмітке от беріп отыр.

Жолға шыққан жаңа саяси құжатта отыз жылдан астам қолданыста болған Банк жүйесін жетілдіруге арналған жаңа Заң қабылдау мәселесі орынды көтерілді деп есептеймін. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық құдіретінің берік іргесін қалыптастыру мақсатында жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыра түсу жолдарын да қарастыру жайлы өте маңызды тапсырмалар берілді.

Өз Жолдауында Президент барлық салада  инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс жүргізуді тағы да баса айтты. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екеніне айырықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев  өз сөзінде: «Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз», деген мемлекеттік даму саясатының нақты жолдарын айқындап берді. Сонымен қатар өткен жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасының табысты нәтижелеріне кеңінен тоқталып, ендігі жерде осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттігін көрсете келе, «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылып отырған осы оң тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керектігін Үкімет пен әкімдерге міндеттеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы қоғам ішінде үлкен серпіліс туғызары ақиқат. Өйткені еліміздің барлық саласы қазіргі таңда орта кәсіби мамандар жетіспеушілігін сезініп отыр. Ал бұл қадамның техникалық және кәсіби білім беру жүйесін табысты реформалау арқылы оң шешімін табарына күмән келтіруге болмайды.

Жалпы жаңа Жолдаудағы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты арқылы еңбек адамының қашанда құрметті, әрі сыйлы болу биігіне көтеру бүгінгі Әділетті Қазақстанның жарқын айнасы болуға апарар жасампаз жолы болары хақ.

Бұлардан басқа да аса үлкен келелі де өзекті мәселелерді көтерген жаңа Жолдаудың түпкі мақасаты ел игілігін артыруға, қоғам тыныштығы мен ынтымақты сақтауға негізделген жылдың саяси құжаты болғаны уақыт шындығы.

Ендігі алда тұрған аса жауапты міндет – қыркүйек Жолдауында айқындалған межелі міндеттердің табысты орындалуына барынша ықпал етумен ерекшеленбек. Мен еліміздің барлық азаматын осы биіктерден көрінуге шақырамын.

Жолдау соңында Мемлекет басшысы: «Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет», екенін ашық түрде жария етуі бұл құжатта нақтыланған әрбір міндеттердің барша азаматқа ортақ екенін ашық айқындады.

 

Сәкен АРУБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты