АСТАНА. 24 қаңтар. Баскетболдан ВТБ бірыңғай лигасының 17-тур аясында елордалық «Астана» өз алаңында ресейлік «Енисейді» қабылдап, 86:95 есебімен есе жіберді. Бұл туралы bcastana.kz хабарлады.
Ойын салған жерден қонақтардың басымдығымен басталды. Есепті ашқан да «Енисей» баскетболшылары. Қазақстандық команда қанша шабуылдағанымен қарсыластар қорғаныста сыр алдырмады. Нәтижесінде, алғашқы ширек «Енисейдің» басымдығымен аяқталды. Есеп 19:24.
Екінші ширекте алаң қожайындары қонақтар сапындағы қос америкалық легионер Донелл Купер мен Террико Уайтқа ерекше көңіл бөліп, жеке бақылауға алды. Себебі, алғашқы кезеңде команданың негізгі үйлестірушілері осы екі ойыншы болған еді. Дегенмен, Александр Трифуновичтің шәкірттері бұл әрекеттен айтарлықтай нәтиже шығара алмады. Есесіне, аттары аталған қос ойыншы біздің баскетболшыларды қапы қалдырып, командасының ұпай санын молайта берді. Тек үлкен үзіліске санаулы минуттар қалған кезде астаналықтар өз ойын өрнегін тауып, кезеңді 43:40 есебімен өз пайдаларына аяқтады.
Келесі кезеңде қонақтардың басымдығы айқын сезілді. Әсіресе, Купер, Уайт, Киканович және Лешич төрттігі тамаша үндестік тауып, бірнеше маңызды ұпайды қоржындарына салды. Өз кезегінде, біздің командаға соңғы шешуші кезеңге үміт артудан басқа амал қалмады. Себебі, бұл кезеңде «Енисей» 58:71 есебімен ұзап кеткен еді.
Өкінішке қарай, төртінші ширекте де ойындағы жағдай өзгеріссіз қалып, төреші ысқырығы естілген сәтте таблода «Енисейдің» пайдасына 86:95 есебі көрсетіліп тұрды.
Ойынның басты қаһарманы ретінде «Енисей» сапындағы Д.Купер танылды. Ол осы ойында 13 ұпай жинап қана қоймай, 23 нәтижелі пас шығарды. Ал бұл ВТБ лигасының жаңа рекорды. Осылайша, «Сарыарқа» велотрегінде лиганың кезекті рекорды тіркелді.
Ойын барысында ең көп ұпай жиған ойыншы да Красноярскіден келген командада ойнайды. Купердің отандасы Т.Уайт бұл кездесуде 33 ұпай жиған. «Астана» сапынан ең мерген ойыншы есебінде Ник Канер-Медлидің есімі аталды. Оның еншісінде 31 ұпай.
Айта кетер жайт, алғашқы айналымда қос команда арасындағы ойын «Астананың» жеңісімен аяқталған болатын. «Енисейдің» алаңында өткен сол тартыста біздің команда 81:83 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол кезде кеткен есені ресейлік команда бұл жолы артығымен қайтарды.
Лига аясында өткізген соңғы бес ойынның төртеуінде жеңілген астаналықтар турнир кестесінде 8-сатыда тұр. Жарыстың плей-офф кезеңіне алғашқы 8 команда өтетінің ескерсек, бұл нәтиже жанға демеу. Дегенмен, 9-орында келе жатқан латвиялық «ВЭФ» командасының да ұпай көрсеткіштері бізбен бірдей. Сондықтан «Астанаға» қалған ойындарда босаңдық танытпай, ширақ қимылдау ләзім. Ал «Енисей» Астанадан қажет ұпайды алғанына қарамастан, бүгінде 13-орында келеді.
Елордалық ұжым келесі ойынды да өз алаңында өткізеді. 1 ақпан күні болатын аталмыш кездесуде Астанаға турнир кестесінің 14-сатысында тұрған Чехияның «Нимбурк» командасы қонаққа келеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: bcastana.kz.