Әділеттілік, заң мен тәртіп, экономикалық тұрақтылық және халықтың оптимизмі – мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл жолғы Жолдауда елдің кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, су, энергетика, құрылыс және басқа да салалардағы кадр тапшылығын жоюды маңызды міндет ретінде жүктеді.
Президент Үкіметке жоғары білім беру саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастыру жұмысын жалғастыруды тапсырды. Қазір елімізде шетелдік 23 жоғары оқу орны қызметін бастағанын, оларға қолдау көрсету керектігін және мемлекеттік тапсырысты арттыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге гранттардың сапалы білім беруге ықпал етуге тиіс екенін, ал қаржыны дұрыс әрі мақсатты түрде жұмсау керектігін ескертті. Білім беру саласында бәсеке болған жерде мықты мамандарды даярлауға, оқу үдерісінің сапалы болуына, ең маңыздысы, ата-аналар тарапынан да таңдау жасауына мүмкіндік болары анық.
Сондай-ақ инновациялық саясатты ғылыми-технологиялық басымдықтармен үйлестіру қажеттілігі де көтерілді. Бұл қадам әр саланың инновацияларын дамытуға серпін беріп, қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруға жол ашары хақ. Президент техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де білікті кадрлар даярлаудағы рөлін атап өтті. Үкіметке колледж түлектерін мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысының кәсіптік білім саласына реформалар жасау туралы айтқан ойлары еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуда үлкен мәнге ие. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялай отырып, осы саладағы реформалар арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеу қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі өз ісінің мамандары дәріптелген қоғамда ісіне шексіз берілген нағыз патриот адамдар саны артары түсінікті.
Еңбек адамының мәртебесін көтеру – бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, сонымен қатар қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты біздің болашағымызды анықтайтын негізгі ұстаным болуға тиіс. Өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілікті терең сезінген мамандар ғана елдің дамуында маңызды рөл атқара алады.
Президенттің мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет қайраткерлеріне құрметті атақтар беру туралы бастамасы да қоғамда еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бастаманың аясын кеңейту – біздің қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилікті жоғары бағалаудың маңызды қадамы.
Кез келген еңбек қадірлі болуға тиіс. Әрбір адам өз ісіне адал, кәсіби және жауапты болуы арқылы ғана елдің тұрақты дамуына үлес қоса алады. Бұл – біздің қоғамымыздың басты ұстанымы болуы қажет.
Елімізде энергия тапшылығының күшейіп келе жатқанын, сенімді және экологиялық таза қуат көздерінің қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы орайда, атом энергетикасын дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Президенттің айтуынша, экономиканың қарқынды дамуы энергияға деген сұранысты арттырады, ал мұндай сұранысты тек атом энергетикасы қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта әлемнің 30-дан астам елінде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр, бұл олардың тиімділігін көрсетеді.
Еліміздің ұлттық мүдделері мен ұзақмерзімді даму жоспарларын ескере отырып, біз де осы бағытта алға қарай жылжуымыз қажет. Президент атом электр стансасын салу туралы шешімді байыппен қабылдау қажеттігін, мұндай стратегиялық маңызды қадамдарды қоғамда кеңінен талқылаудың өзектілігі туралы бірнеше рет атап өтті.
Ел өміріндегі әрбір маңызды шешім, соның ішінде атом электр стансасын салу мәселесі, жұртшылықтың қатысуымен қабылдануға тиіс. Осыған орай Президент атом электр стансасын салу туралы жалпыұлттық референдум өткізуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтетін болды. Референдум қоғамдағы кең ауқымды диалогтің айқын көрінісі болмақ және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың тағы бір қадамына айналады. Мұндай қадамдар арқылы елімізде жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптасады және маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі жасалады. Президенттің бұл бастамасы қоғамды ортақ мақсаттарға жетелейтін маңызды диалогтің негізі.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты