Фото: ашық дереккөзден
Президенттің ұлт саулығына байланысты сөздері ойға қонымды болды деп есептеймін. Айталық, Мемлекет басшысы білікті медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзектілігі жойылмаған мәселелердің қатарында екеніне ерекше назар аударды. Мемлекеттен тағайындалатын грант медицинаны жүрек қалауымен таңдап, білімі озат, алғыр жастарға берілуі қажет.
Бұл бағыттағы жұмысты Астана медицина университеті мықтап қолға алғанын айта кетейін. Мәселен, биыл жаңа оқу жылында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың тікелей қолдауымен білім шаңырағы 4 студенттер үйін пайдалануға берді. Мұның бәрі – шәкірттерімізге сапалы білім беріп, жайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыс. Тұтастай алғанда, биыл Астана медицина университетінде тиісті жөндеу жұмыстарымен 30 мыңнан аса шаршы метр аумақ қамтылды. Мұндай ауқымды жаңғырту бұрын-соңды болмағанын атап өткен жөн. Айталық, Сарыарқа көшесіндегі оқу корпусы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңарған акт залы, заманауи кітапхана және «Сoworking» орталығы жастардың игілігіне берілді. Бұған қоса студенттер жатақханасының 2 блогінің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оқу жылының барысында 1 блокте жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары соңына жетеді деп көзделген.
Заман ағымына сай сұранысқа ие оқу бағдарламалары сәтті іске қосылды. Нақты айтсақ, университетте бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура және докторантура бойынша жалпы саны 10 мыңнан аса адам, оның ішінде әлемнің 20 елінен мыңнан артық шетелдік студент білім алып, 65 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы табысты іске асып жатыр.
Кейінгі 2 жылда неонатология, педиатрия, хирургия, акушерлік және гинекология, терапия, реанимация, ультрадыбысты диагностика және кіші мамандықтар бейіндері бойынша аумағын 2 мың шаршы метрге дейін кеңейте отырып, 400-ден аса жабдық орнату арқылы Симуляциялық орталықты толық жаңғыртып, халықаралық институционалды аккредиттеу жүргізілді.
Университет денсаулық сақтау кадрларын даярлаудың барлық деңгейінде білім бағдарламаларының санын ұлғайту, оның ішінде отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен екі дипломдық бағдарламаларды іске қосу арқылы оқу үдерісін жетілдіруді жалғастырады. Ғылыми инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа ҒЗИ ашу, сондай-ақ ұжымдық зертхананы құру және виварийді жаңғырту, коммерцияландыру кеңсесін құру, биыл ашылған эндаумент-қорды тиімді дамыту, сондай-ақ барлық бизнес-үдерісті толық реинжиниринг пен цифрландыруды аяқтау көзделген.
Бүгінде стационарлы және амбулаторлық-емханалық көмек көрсету үшін 20-дан аса мамандандырылған бөлімшені қарастыратын, жалпы ауданы 200 мың шаршы метрге жуық, 800 орынға шақталған университеттік клиниканы салу пысықталып жатыр.
Біздің көздегеніміз – емделушіге, яғни адамға бағдарланған медициналық қызметті жолға қою және сол қызметті дамытатын мықты дәрігерді даярлап шығару.
Камалжан НАДЫРОВ,
Астана медицина университетінің басқарма төрағасы-ректор