Үкімет • 04 Қыркүйек, 2024

Әлем деңгейінде маман даярлаудың маңызы

51 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шет­елде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комис­сияның кезекті отырысы өтті.

Әлем деңгейінде маман даярлаудың маңызы

Отырыста 150 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру туралы шешім қабылданды. Осы шешімге сәйкес 120 стипендиат магистратурада, 6 азамат докторантурада оқиды. Ал 24 стипендиат әлемнің озық университеттері мен өндіріс орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Комиссия мүшелері қазір басымдық беріліп отыр­ған ма­мандықтарға ерекше назар аударды. Тиісінше стипендиаттардың үштен екісінен астамы жаратылыс­тану және техникалық бағыттар бойынша білім алады.

Сонымен қатар 33 азамат әлемдегі озық ғылыми зерттеу орталық­тарында ғылыми тағы­лым­дамадан өтуге грант алды. Жиын барысында Ерлан Қа­рин ғылыми тағылымдамадан өтетін үміткерлерді Мемлекет бас­шы­сының биылғы 2 қыр­күйекте жариялаған Жол­дауын­дағы ұста­нымдарға сәйкес мұ­қият іріктеу қажеттігіне тоқталды. Сондықтан ғылыми та­ғылымдамаға мемлекет үшін аса маңызды әрі экономикада жоғары сұранысқа ие мамандар ғана жіберіледі.

Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын және ғылыми тағылымдамалар бағдарламасын іске асыру үде­рістерін одан әрі жетілдіру жөнін­де нақты тапсырмалар берді. Мұның бәрі еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту жолында ма­ңызды рөл атқаратынын атап өтті.