Президент тартуы «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясы аясында табыс етілді. Еске салайық, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бастамасы отандық және әлемдік әдебиеттің соңғы үлгідегі туындыларын шалғайдағы ауыл кітапханаларына жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталып отыр. Кітаптар Мемлекет басшысының атынан еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, соғыс ардагерлерінің, белгілі қаламгерлер мен мәдениет майталмандарының, ғалымдардың туып-өскен ауылдарына жолданды.
Акция аясында Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, қазақтың қаһарман қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанованың, режиссер Шәкен Аймановтың, жазушы Герольд Бельгердің туып-өскен ауылдарындағы кітапхана қорлары толықты. Сондай-ақ Біржан сал, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Төлеу Көбдіков, Кенен Әзірбаев, Әбілхан Қастеев, Қасым Аманжолов, Кемел Ақышев, Шәмші Қалдаяқов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова секілді белгілі тұлғалардың ауылдарына, басқа да бірқатар ауылдарға кітаптар топтамасы жолданды.
Ауыл кітапханаларына берілген кітаптар арасында әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары, балалар әдебиетінің жауһарлары, комикстер, қазіргі заманғы проза мен поэзия, тарихи, танымдық-ағартушылық әдебиеттер бар.
Мемлекет басшысының атынан барлығы 100 ауылға 10 мың кітап сыйға берілді. Айта кетейік, «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясына Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, министрлер, түрлі ұйымдардың басшылары мен белсенді азаматтар қолдау көрсетіп жатыр. Аталған акция әлі жалғасады.
Айта кетейік, көктемде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясын бастап, үш өңірге кітаптар жолдаған еді.
«Мен өзім Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға, Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға, өз туған ауылыма әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еттім. Бұл акцияны өзге де әріптестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді», деп жазған сала басшысы.
Сондай-ақ министрлік жанынан құрылған «Alqa» әдеби клубы да акция аясында Мағжан ақын туған ауылға 100 кітап тарту еткен. Жүз кітаптың ішінде түрлі жанрдағы көркем туындылар, атап айтқанда, астаналық 30 қаламгердің кітабынан бастап, танымдық-тарихи шығармалар, заманауи қазақ әдебиеті сериясымен шыққан кітаптар және клуб мүшелерінің төл туындылары бар.
Аталған бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға сеп болары сөзсіз.