Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2024

Береке ауылындағы кадет сыныбы

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында орта білім беретін 225 мектеп бар, оған 150 мыңнан аса оқушы барады. Кеше бірінші сыныпқа 15 977 оқушы қабылданды.

Береке ауылындағы кадет сыныбы

Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, 205 мектеп интернет желісімен 99 пайыз қамтылған. Оның ішінде 175 білім ордасы талшықты оптикалық байланыс желісіне, ADSL технологиясына арқылы – 20, радиорелелі байланысқа –  3, спутник жүйесіне 7 мектеп қосылып отыр.

Алайда 30 мектептегі интернет жылдам­дығы 20 мбит/с-тен төмен. Өйткені 23 білім ошағы өткізу мүмкіндігі төмен технологиямен қосылған. Мердігер компаниялар 7 мектептегі интернет жылдамдығын арттыру үшін жұмыс істеп жатыр.  20 - 100 мбит/с аралығында 163 мектеп, 100 мбит/с жоғары 22 мектеп бар.

енг

Былтыр интернетке өткізу мүмкіндігі төмен технологиямен қосылған 42 мектептің тізімі жасақталған. Мұндай мектептер Жылыой, Индер, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат ауданында бар. Қазір «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге аталған аудандардағы 13 білім ордасына талшықты оптикалық байланыс желісі жүргізіліп, «ВОЛС» жүйесіне қосылған. Ал 26 мектеп «Starlink» жүйесіне қосылып отыр. Енді 3 мектепті қосу үшін «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-мен келісімшарт жасау қолға алынған.

«Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ал сабақ басталған мектептер модификацияланған кабинеттермен 100 пайыз қамтылды. Әр жыл сайын 25 мектептің кабинеті жаңартылады. Биылғы оқу жылында 25 мектепке 64 кабинет сатып алу жоспарланды», дейді Марат Әбуов.

Білім күні Атырау қаласының маңын­дағы Ақжар-2 елді мекенінде №44 мектеп-гим­назия ашылды. Мұнда бір ауысымда 600 оқу­шы оқиды. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданған ­70 оқушы бар.

Мектеп-гимназия директоры Абай Ақмұр­зиевтің айтуынша, түстен кейін қосымша са­бақтар ұйымдастыру жоспарланған. Білім ордасында 30-дан астам сынып, 10-нан аса зертха­на кабинеті жасақталған. Мұнда ағылшын тілі, ­лингафон, алғашқы әскери дайындық каби­неттеріне қоса еңбекке баулу шеберханалары, атыс тирі жабдықталған. 

Қыздарға арналған шеберханаға асхана жабдығы мен тігін машинкасы қойылған. Ал ұлдарға лайықталған шеберхана ағаш ұстасы мен токарь мамандығын меңгеру үшін арнайы станоктар алынған.

Ал Береке ауылындағы орта мектепте полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев атындағы кадет сыныбы ашылды. Осы білім ордасында оқыған ол 5 жыл бұрын Жайық өзеніне батқан қызды құтқару кезінде қаза тапқан еді. Анасы Ләззат Мұқанованың айтуынша, Шалқар бала күнінен полиция қызметкері болуды арман­да­ған. Әскерден оралғаннан соң Атырау қала­лық полиция басқармасында 5 жыл жұмыс істеген.

«Досыңа, қызметіңе адал бол. Уәдеңе берік бол, аманатқа қиянат жасама» деуші едім. «Анашым, алаңдамаңыз, айтқаныңыздың бәрін орындаймын, бәрі сіз айтқандай болады», деп еркелейтін еді. Жұмысын адал атқарды», дейді анасы Ләззат Мұқанова.

Ұстаздарының айтуынша, мектепте алғыр­лы­ғымен танылып, сабақты жақсы оқыған. Әсі­­ресе жаратылыстану бағытындағы пәндерге қы­зы­­ғушылығы басым болған. Кадет сыныбын­да Шалқар Ақымғалиевтің өмірбаяны, әр кезең­дегі суреттері, қызметтік куәлігі мен ма­ра­пат­та­ры туралы мәліметтер қойылған. Мұнда по­ли­­цей­дің көзі тірісінде тұтынған бұйым­дары да бар.

Кадет сыныбындағы алғашқы дәрісті поли­ция капитаны Рүстембек Сүндетов өткізіп, әріптесі Шалқар Ақымғалиевтің өмір жолы мен адами қасиеттері, батырға тән батылдығы, бірге қызмет атқарған жылдары туралы естелігімен бөлісті. Сондай-ақ полиция қызметкерінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы міндеттері туралы әңгімеледі. Ол Шалқар Ақымғалиевпен бірге Жайық өзеніне батқан әйелді құтқаруға атсалысқан.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұрын Шалқар Ақымғалиев атындағы кадет сыныбы Индер ауданында ашылған. Ал бүгін Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №9 мектепте, Исатай ауданындағы бір білім ордасында ашылып отыр.

 

Атырау облысы