Галереяның атауы ұлттық киелі орындар тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық орнымен байланысты.
Салтанатты жиынға қатысқан Ғауез Торсанұлы баға жетпес ұлттық киелі жәдігерлер тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық орнының ерекшелігін атап өтіп, адамның жылқыны алғаш қолға үйретуі нақ осы жерден басталғанына тоқталды. Бұған еліміздің солтүстігінде орналасқан «Ботай» қонысынан табылған қазбалар дәлел бола алады. Ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдыққа, яғни энеолит дәуіріне жатады. Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен 1980 жылы ашылған.
«Жұртшылық жаңа өнер орталығында түрлі көрмелерді қызықтап, кездесулерге қатысып, жергілікті қылқалам иелерінің туындыларын да тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығармашылық даму аймағына айналарына сенімдіміз. Жаңа нысанның ең ұзын Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасуының рәміздік мәні бар», деді өңір басшысы.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуованың айтуынша, 1980 жылы археологиялық экпедициясының жетекшісі болған тарих ғылымдарының докторы, археолог Виктор Зайберт ежелгі адамдар мекенін Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайынан тапқан. Содан бері Ботай қонысының жетістіктері әлемдік деңгейде үзбей насихатталып келеді.
«Осы Ботай қонысының ашылуы мен жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттау, бұл туралы мәліметтер беру – облыстық музей бірлестігі жұмысының бағыттарының бірі. Осы заманауи галерея қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының тартымды орны, өңірдің мәдени орталығының бірі болады деп сенеміз», деді ол.
Сондай-ақ галереяның ашылу рәсімінде Суретшілер одағының мүшелері, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысушы, «Азия көшбасшылары» сыйлығының лауреаты Ғалия Мақашева, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сембіғали Смағұлов сөз алып, аталған өңірдегі айтулы мәдени оқиғаның маңызына тоқталды.
«Осындай көрме залдары суретшілердің еркін шығармашылық дамуына, тәжірибе алмасуына, өнуіне өріс ашады. Олардың шығармалары жылдан-жылға бағасы өсетін инвестиция тәріздес. Сондықтан әр қаланың өзіндік муниципалдық көрме залы болуы заңдылық», дейді суретші Сембіғали Смағұлов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова да өзінің жүрекжарды лебізімен бөлісіп, солтүстікқазақстандықтарды Ботай заманауи көркемсурет галереясының ашылу салтанатымен құттықтады. Ботай мәдениетінің ашылуы төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге көшпелілер мәдениетінің бесігі өркениеттің бастауы болғанын айғақтайды.
Галерея экспозициясына қазақ өнерінің негізін қалаушы суретшілердің картиналары, облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын қылқалам иелерінің, I және II халықаралық «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» симпозиумына қатысушы суретшілердің туындылары ұсынылған.