24 Қаңтар, 2015

«Атты әскерлерді» әрең жеңдік

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана Арланс 06АСТАНА. 24 қаңтар. Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғайтын «Астана арландары» қонақта «Польша атты әскерлерімен» («HussarsPoland») жекпе-жек өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Тартыс Польшаның Любин қаласында өтті. Алдымен шаршы алаңға 52 кило салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. «Арландар» сапынан Олжас Сәттібаев шықса, алаң қожайындары Замза Туба есімді саңлақтарына сенім артыпты. «Ә» дегеннен Олжас тізгінді қолына алды. Тіпті, өз үйінде айқасып жатқандай Сәттібаев Тубаның түгін қалдырмады. Нәтижесінде, төрешілер құрамы бірауыздан қазақ жігітінің жеңісін мойындап, қоржынымызға алғашқы ұпайды салды. Қос боксшы арасындағы ресми көрсеткішке келер болсақ,Олжас 3:0 (50:45, 48:47, 49:46) есебімен басым түсті. Сәттібаев өткен жылғы ел біріншілігінде топ жарып, осындай сын сағатта өзіне сенім артуға болатынын дәлелдеген боксшы. Келесі болып 60 килодағы боксшыларға кезек келді. Бұл салмақта біздің намысымызды Зәкір Сафиуллин қорғады. Польшалықтар оған қарсы сан мәрте өз елінің үздігі атанған Давид Михелус есімді мықтыны дайындапты. Зәкір «арландар» қатарына жақында қосылды. Сондықтан бұл оның ресми жарыстардағы алғашқы жекпе-жегі. Ал Михелус кәсіпқой рингте төселіп қалған боксшы. Дегенмен, біздің «арлан» қарсыласының атақ-даңқынан еш қаймыққан жоқ. Алайда, төрешілердің шешімімен жеңіс «атты әскердің» еншісінде кетіп, таразы басы теңесті. Бұл тартыста да 3:0 (48:47, 48:47, 48:47) есебі тіркелді. Тек біздің пайдамызға емес. Үшінші болып 69 килодағы саңлақтар сайыс алаңына шықты. Аталған салмақта «арландар» қатарында әлем чемпионы (Алматы, 2013 ж.) Данияр Елеусіновтің де бар екені белгілі. Дегенмен, осы жолы мамандар Польшаға Мадияр Әшкеевті апаруды ұйғарыпты. Мадияр қарсыласы Стивен Джерард Донеллимен соңғы сәтке дейін жұдырықтасқанымен, польшалықтың шеберлігі бір саты жоғары тұрды. Соған сәйкес, төрешілер бұл сайыста Донеллидің пайдасына 3:0 (48:47, 49:46, 49:46) есебін тіркеді. Яғни, жалпы есепте алаң иелері 2:1 есебімен алға шықты. Егер біздің жігіттер бұл кездесуде жеңіліс табар болса, отандық бокссүйер қауымға ауыр тиер еді. Себебі, олар Марат Жәкиев жаттықтыратын командамыздың «атты әскерлерден» оңай айласын асыратынына бек сенімді болған. Жанкүйерлердің сол сенімін «арландар» сапындағы қос легионеріміз ақтады. Алдымен 81 килодағы Хрвое Сеп қарсыласы Матеуш Трыцты жеңді. Аталмыш жекпе-жекте Трыцтың тек соңғы кезеңдерде ғана осалдық танытып, тізгінді Хрвоегеберіп қойғанын айта кетейік. Берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген Хорватиядан келген «арлан» тартысты 2:1 (47:48, 48:47, 48:47) есебімен өз пайдасына аяқтады. Осымен қос команда арасындағы жекпе-жекте екінші рет таразы басы теңесті. Яғни, аса ауыр салмақтағы (+91 кило) соңғы шайқас шешуші болмақ. Сол себепті, қос тарап та өздері сенім артқан спортшыларына ақыл-кеңестерін айтып, шаршы алаңға қоя берді. Біздің жақтан Хрвоенің отандасы Филипп Хргович шықты. Қарсы тараптың намысын Павел Вержбицки есімді боксшы қорғады. Жанкүйерлер «қос алыптың тартысы», «нағыз шайқас енді болады» деп тақым қысып, қиқуға басқанымен, Хргович олардың сенімдерін су сепкендей басты. Себебі, жарыс жолына шыға салысымен тізгінге ие болған «арланымыз» Вержбицкиді білгенінен жаңылдырды. Барлық кезеңде де басым болған Филипп 3:0 (50:44, 50:43, 50:44) есебімен жеңіске жетіп, командамызға маңызды жеңіс сыйлады. Жаңа маусымды қатарынан екі жеңіспен бастаған «Астана арландары» қазіргі таңда 6 ұпаймен өз тобында көш бастап тұр. Келесі жекпе-жек 31 қаңтар күні сырт алаңда әзербайжандық «Баку оттары» командасына қарсы өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com. Астана Арланс 03 Астана Арланс 04 Астана арланс 05 Астана  Арланс 01 Астана Арланс 02