Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2024

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні

1140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні

Фото: qaznews.kz

Мереке датасы неге өзгерді?      

1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бастап тойланады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.

Алайда жиырма жылдан соң атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен 2018 жылдан бастап атаулы датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте мерекелене бастады.

Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату өмір сүріп жатыр. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Қазақстанда 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Қазақ тілінің жағдайы

Мемлекет тарапынан қазақ тілінің қолданыс кеңістігін кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүргендердің саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.

Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересектерге қазақ тілі тегін оқытылады.

Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істеп тұр және тіл мәдениетін арттыру үшін «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқаулары, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар жыл сайын өтеді.

«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгермеген отандастарымызға қысым жасауға болмайтынын да ескертті. Президент қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды.