Қатарластары, замандастары, шәкірттері Ахмет Байтұрсынұлын аялап «Ақаң» деп атады. Бұл қазақы ұғымның астарында «ақ адам, таза кісі, жарқын жан, сыйлы тұлға» деген ой тұр.
«Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» депті ұлт ұстазы. Осы сөзді балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарының маңдайына жазып қоюға болады. Мысалы, дәл қазір елімізге, әділетті Қазақстанға не керек екенін жете түйсіну үшін қарапайым білім мен парасат қандай қажет болса, ел алдындағы парызды өтеуде ата-анадан, қоғамнан берілетін шынайы адами жауапкершілік сондай маңызды. Бұл – «аспандағы айды әпер» деу емес, табиғи тәрбие, қалыпты қасиет. Ақаң мұрасына, өсиетіне адал болсақ, мұны орындау қиындық туғызбайды.
Ахмет Байтұрсынұлы осы күнімізді де болжап, «Жақсы шықса, жаман қалар» дейді. Біз әрқашан жақсылықтан, жауапты азаматтардың бастамасынан үміттенеміз. Ақаң туған күн елімізде Тіл мерекесіне айналуының рәміздік мәні бар. Бұл – тіл мен дәстүрге адалдықтың белгісі.
Білім мен парасатты, саясат пен елшілдікті тең ұстаған Алаш кезеңі, ұлт зиялылары тәжірибесі қазір жауапты, намысты барша азаматты ойландырады, толғандырады.
Неге? Біріншіден, бүгінгі болмысымызды, қадір-қасиетімізді сол шақпен салыстырады. Екіншіден, сапалы жаңаруда, әділеттік ұстанымында ұлттың «алпыс екі тамырына» әсер беретін Алаш жолын қалайды. Үзілмеген үміт һәм рухани-тағылымды сабақтастық үшін бұған қуанамыз.
Дәл бүгін Алаш бізге неге жақын және неге алыс?
Мемлекетті маңызды істерге, шешімді қағидаттарға жұмылдыратын – елдік саясат болса, ұлттық код санасын жігерлендірген ел одан Алаш тағылымын іздейді, аңсайды. «Алаш тағылымы» деген не? Ол – иман мен тазалық, ой мен іс бірлігі.
Елшіл ғылыми қауым айтып-жазып жүргендей, күрделі саяси жүйе бойымызға, ағзамызға батпандап енгізген қиындықтан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Осы бағдарда Алаш – біздің әрі әліппемізге, әрі нұсқаулығымызға жарар темірқазық. Бірақ, өкінішке қарай, кешегі күнге дейін Алаш жалпыхалықтық рухани сұраныс емес, 20-30 ғалымның ғылыми нысанасы болып қалды. 90-жылдары Қазақстан идеологиясының басы-қасында жүрген кісінің кейін Алаш көрмесінен бұрылып «қашқанын» өз көзімізбен көргенбіз...
Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны мен тетігі – білім. Күнде сөз болып жүрген тазалық та, отарсыздандыру да, идеология да осы білімнен басталып, біліммен аяқталады. Аталған сала Алаш рухына, тәжірибесіне, мұрасына сусап, шөлдеп келді... Шүкір, қазір жағдай түзелді. Астанадағы Абай көшесі (бұрынғы Ленин) бойына Алаш ескерткішінің орнауы елде ұлт қайраткерлерін танудың бағын ашты. Ұлт тағдырын өз тағдырымен сабақтас қараған біртуар зиялылардың мерейтойын атап өту ЮНЕСКО деңгейіне көтерілді.
Соңғы отыз жылда Алаш мұрасы біршама жарияланды, халыққа жетті. Алайда мұраны тану, бүгінгі өмірде қолдану, олардан тағылым алу жағынан тәуелсіздіктен кейінгі буынға үлгі көрсете алдық па? Бүгінде көп мекемеде Алаш зиялыларына «жансыз портрет ретінде қарау» көзқарасы берік орныққан. Оқығандар арасында олардың мұрасын «кезеңдік дүние» есебінде бағалау көрініс беріп қалады. Егер біз «Алаш мұрасы ХХ ғасырдың басындағы шындықтың ғана ауқымын танытады, бүгінге жарамайды» десек, онда біз арыстарымызды, тіпті тарих тәжірибесін қажетсінбеген болып шығамыз. Ал егер олардың аманат-мұрасынан сол күннің мұнарасынан қарағанда да, бүгіннің биігінен шолғанда да ұлт тіршілігін ілгерілететін негіздерді байқасақ, мәселеге түпкілікті, әлеуетті күшпен оралғанымыз жөн. Алашты зерттеу мен танымалдандыру – қазақ ғылымының, ұлт мәдениетінің қашанда басым бағыты болып қалуға тиіс.
ХХ ғасыр басында жалпы ұлт руханиятында сапалы жаңаруды кешенді жүйелеген, іске асырған ірі тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол – Ресей империясына амалсыз бағынған дәуірдегі қазақтың негiзгi ағартушысы, «Тіл-құрал» (1912) және «Әдебиет танытқыш» (1926) секілді ізашар еңбектердің және көптеген саяси, танымдық мақалалардың авторы. Қайраткерлігіне келсек, 1913-1918 жылдары «Қазақ» атты газет шығарып, қазақ жұртына өркениет дүниесі мен әлемдегі жаңалықтарды таратты. 1920-1921 жылдары Ағарту министрі болып, қазақ тілінде алғашқы оқулықтардың шығуына мұрындық болды. Жаңашыл білім жүйесінің негізін қалады. 1926 жылы Бакуде өткен І Түркология съезіне қатысты. Бірақ кеңес өкіметі оның шығармашылығы мен қайраткерлігіне толық еркіндік бермеді.
Ағартушының елужылдық мерейтойы қарсаңында Мұхтар Әуезұлы оның ұшан-теңiз еңбегiн нақты үш тiркеске сыйдырған болатын: «Ақаң ашқан қазақ мектебi, Ақаң түрлеген ана тiлi, Ақаң салған әдебиеттегi елшiлдiк ұран».
Мiне, осыған қарап, А.Байтұрсынұлы өз кезеңiнде ұлттың рухани ұстазы әрі ұстыны болғанын ұғынамыз. Әлбетте, жәдитшiлдiктiң Алаш қозғалысына ұласар шағында Ахметтiң мол күш-жiгерi елдi ағарту (баспасөз, оқулық шығару) iсiне жұмсалды. Орайы келгенде көркем өнерге қатысты ой айтты. Бiрақ бұл ойы темiрқазықтай едi. Осы уақытта тұлғатанудың алтын қорына қосылған «Қазақтың бас ақыны» атты зерттеу мақаласын жазды.
Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол – поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-iлiмде де ағартушы. Өзi: «Әуелi бiз елдi түзеудi бала оқыту iсiн түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билiк те, халықтық та оқумен түзеледi. Қазақ iшiндегi неше түрлi кемшiлiктiң көбi түзелгенде оқуменен түзеледi», деп жазғандай, аталған шақта Алашқа сауатты, бiлгiр Ахмет ағартушы-қайраткер ретiнде қажет-тін.
«Қазақ» газетiнiң бастапқы уақытында әлгi ойын Ақаң былай деп өрбiтедi: «Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кiтаптар жазуға мүмкiн нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кiтаптар жазуға мүмкiн нәрсе; оқыту жайын жақсы бiлетiндер мектеп кiтаптарын жақсылап шығаруға мүмкiн нәрсе; әдебиет ауданында жүйрiктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегi бар жақсы романдар уа ғайри (және басқа – Д.Қ.) сондай сөздер шығаруға мүмкiн нәрсе».
Ахмет Байтұрсынұлының ендiгi бiр бас мақаласынан мүдделестері нелiктен тездете жаңа руханиятты жандандыруды қолға алғаны мәлiм болады. «Тарих жолына қарағанда келiмсек жұрт күштi болса, тұрғын жұрт аяқасты болып, азып-тозып, жоғалмақшы. …Басқа жұртпен араласқанда, өз алдына ұлт болып, өз алдына тiлi бар, өз тiлiнде жазылған сөзi (әдебиетi) бар жұрттарға не тұрады? Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды», – дейдi ол.
Мiне, осының бәрі Ахметтiң – әлеуетті ағартушы және рух қағанатына қазақтың жоғын жоқтап келгенiн айғақтайды. Әлбетте, ол нағыз өнердің (мысалы, Абай санатындағы ақындықтың) қадiр-қасиетiн бiлдi. 1909 жылы Петерборда басылған «Қырық мысал» жинағының (мұны да Әлихан бастыртқан, бұл жинақты жарияламақшы болғанын ол тiптi 1905 жылы айтқан-ды: тез шықпауына себеп – Абай кiтабындағыдай жағдай) бiр қайырымында қаламгер:
Ахмет, осы айтқаның жетер, тоқта!
Көрдiң бе, сөзiң онша ажарлы емес,
Ұялмай сынатарға салып топқа.
Алайда тыңдағандар бiр ойланар… –дейдi өзiне. Мұндай сөз иманды адамның ғана аузынан шықса керек. Осыны айту арқылы ол алашта сөзiнен бiр кiнәрат таппайтын Абайдай тұлға барын нұсқағандай. Руханияттағы алыптарды меңзегендей. Көркемдiк кілтін тапқандай.
Қоғам мен білім арасындағы байланысты қайраткер: «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек» деп түсіндіреді. Ахмет Байтұрсынұлы осы арқылы бір жағынан, сол кезеңдегі даму туралы алғышарт әліппесін айтса, екіншіден, ұрпаққа аманат жүктеп, жалпы адамдардың сөзі мен ісінің бір жерден шығуын міндеттеп отыр. Ал осы қарыз бен парыздай сөзді біз қаншалықты ескердік?
Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Бәріміз бұл сұм дүнияға қонақ. Артыңда орынбасарың табылсын!» деп жазады. Осы ойдың жалғасын Ахмет Байтұрсынұлынан табамыз: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар. Адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер!».
Дәстүр сабақтастығына байланысты айтқан Ақаңның ақиқат сөзі де әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы». Ағартушы осы пайымы арқылы Алаштың арқауы үзілмейтін мемлекетшілдік тұжырымдамасын қалыптастырды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының таңдаулы көп ойын «Әдебиет танытқыш» еңбегінен табамыз. Жалпы, ғалымның бұл зерттеуін – «энциклопедиялық жинақ» деуге де келеді. Әдебиет қисыны немесе теориясы аясында қазақ көркем сөзін жіті талдағанда, Ахмет мысалдың бәрін дерлік ұлтты ағарту мен ояту мұратына бағындыра білген. Мәселен:
1) «Халық басына қайғылы күндер туған заманда қайрат көрсетпеген азамат – азамат емес».
2) «Бақ – ерікте, ерік – ерлік пен бірлікте. Ерлік – ұранымыз, бірлік – құранымыз болсын!».
3) «Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттың сырын, мінезін танытып көрсету – мінездеме болады».
4) «Мәдени жұрттың адамында заманында болған көзге түсерлік уақиғаларды яки өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, әңгіме ретінде тіркеп отыратын ғадет болған».
5) «Тарихшылар тарих басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға алып, мінсіз етіп, дұрыстап жеткізеді. ... Тарихшылардың мақсаты уақиғаның уақытын ғана көрсету яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісін таныстыру».
А.Байтұрсынұлының «қазақ тарихының төрт жүз жылын алып» құрастырған «23 жоқтау» жинағы да (Мәскеу, 1926) – ұлт қаһармандығына қойылған ескерткіш. Осындағы «Кенесары-Наурызбай» жоқтауына назар аударалық:
«Қоғамы күшті ер еді,
Киімді бала тудырған.
Алтынды қылыш будырған.
Абылайлатып ат қойып,
Дұшпанды көрсе қудырған.
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болды?..».
Иә, Ақаңның тұлғатану, тарихтану, мұратану бастамасынан, жобасынан кінәрат таба алмайсыз. Мысалы, ұлт ұстазының әдебиеттануға қатысты кітабында мысал алынған мұралар, авторлар (ақын-жазушылар) шығармалары ауқымы таңғалдырады. «Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар» эпостарынан, «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейфүл-Мәлік» қиссаларынан, тарихи «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» жырларынан, «Кеншімбай мен Ақсұлу», «Жанақ пен бала», «Есентай мен Балық», «Жарылқасын мен Айқын» айтыстарынан, Мөңке би, Шортанбай, Мұрат, Жүсіпбек қожа, Әбубәкір, Сүгір, Шернияз, Нысанбай, Мәделі, Байтоқ, Досқожа, Орынбай, Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсары, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Мұхамеджан Серәліұлы, Нұржан Наушабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Әуез, Смағұл Садуақасұлы, Бейімбет Майлыұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Қубала, Жүсіпбек Басығараұлы, молда Мұса, Алтыбас Ақмолда, Бұдабай, Жақып, Жорабай, Айқын, Жарылғасын, Сейдахмет, т.б., шет жұрттан – Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов, Пушкин, Толстой, Ядринцев, Потанин, т.б. шығармасынан үзінді, есімдеріне сілтеме үзінді, дәйек беріледі. Осы тізімнен тыс біршама бүркеншік есімдер мен жинақтардың құпиясын ашу да – ғылым шарты. Бұл – иен рухани байлық. Тіпті бұл мысалдар – теңіздің тамшысы ғана. Мұратанушылардың бәрі іздеп жүрген, Ақаң осы еңбегінде сілтемесін көрсетіп қоятын «Нұсқалыққа» (хрестоматия) десте-дестесімен енгенін шамалауға болады.
Осы ниетінің бәрін ұлт ұстазының ұлан-ғайыр ағартушылық парызы көтеріп тұр. Алаш зиялылары 1917-1920 жылдары жер-жерде облыстық, уездік мұғалімдер сиезін, жиынын ашып, ағымдағы мәселелерді шұғыл шешіп отырды. Бұл жиындарда А.Байтұрсынұлы бастамасымен (Алашорданың Білім комиссиясы) ана тілінде маман даярлау, оқу құралдарын жазу, орыс тілін бастауыштан кейін оқыту, мектептерді алтыжылдық ету, мұғалімдер курстары мен семинарияларын ашу, мектептерді үкімет тарапынан қаржыландыру сияқты өзекті мәселелер қарастырып, тиімді ұсыныстар берілді.
Түркістан Республикасының орталығы Ташкент қаласына тоғысқан Алаш оқығандары Түркістан университеті (кейін САГУ) мен жергілікті зиялыларды тарта отырып, өлкедегі жаңа қазақ мектептері үшін мұғалім даярлау мәселесін көтерді. Түркістан кеңестік автономиясы Халық ағарту комиссариаты 1918 жылы 12 қарашада «Орыс педагогикалық училищесі жанынан 6 айлық қазақ педагогикалық курсын ашу туралы» қаулы қабылдады. 1919 жылы 1 маусымда Түркістан АССР үкіметінің қаулысымен қазақ педагогикалық курсы жеке «Қазақ педагогика училищесі» болып қайта құрылды. Оның жанынан Өлкелік педагогикалық даярлық курсы ашылды. 1920 жылы маусымда Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты қазақ, орыс, өзбек, татар тілдерінде жеке Халыққа білім беру институттарын ашу туралы ереже қабылдайды. Осы жылы 17 қыркүйекте қазақ педагогика училищесі мен оның жанындағы еңбек мектебі базасында Қазақ халық ағарту институты (Киринпрос) ашылады. 1922 жылы осы оқу орнында А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы алғаш аталып өтті.
1918 жылы Ташкентте ашылған мұғалімдер даярлайтын Алаш рухты курс, кейінгі қазақ педучилищесі мен «Киринпрос» – ұлтымыздың тұңғыш жоғары оқу орны, бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің іргетасы. Ақаң негіздеген Алаш мектептері осылай еліміздің жоғары мектебіне ұласты. Өкінішке қарай, бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ өзінің 10 жылдық тарихын «мойындамай», Алматыға көшкен уақытын яғни 1928 жылды тиянақ санап отыр.
Айтқандайын, тағы бір ерекше дерек бар. Алаш мектептерін маманмен қамтамасыз еткен елеулі бір оқу орны – Орынбордағы «Хұсаиния» медресесі еді. Ол 1891 жылы ағайынды Құсайыновтардың қаржысымен ашылған. Бұл жәдит медресесінде 10-14 жылға есептелген оқу бағдарламасымен дүниелік пәндер оқытылған. Мұнда әр жылдары Р.Фахретдин, М.Бигей, З.Қадыри, Ф.Кәрими, Ж.Уәлиди, Қ.Сағди секілді ғұламалар сабақ берген. 30 жыл ішінде осы оқу орны 2 мыңнан аса мұғалім тәрбиелеп шығарды. Ақаң Орынборға келгеннен бастап «Хұсаиния» және «Ғалия» (Уфа) медреселерімен тығыз байланыс орнатты. Екеуінде де қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, құмық, қарақалпақ, т.б. ұлт өкілдері оқыды. Мысалы, алғашқысында білім алған Хайретдин Болғанбайұлы, Құдайберген Жұбанұлы «Қазақ» газетімен араласып тұрды. «Хұсаиния» медресесі ғимараты кейін Алаштың Қазақ халыққа білім беру институтына (КИНО) айналды. Осы ғимаратта А.Байтұрсынұлы 1921 жылы Қазақ мемлекеттік университетін ашуды көздеген. Бірақ министр (комиссар) лауазымынан босауы себепті бұл жоспары орындалмай қалған. Ақаңның мәдениет пен білімді тең ұстауында, әлемдік мәдени таным аясында ұлт жетістігі туралы арнайы кітап жазуында терең мән жатыр. Бұдан Әл-Фарабиден Абайға дейінгі даналықтың ізі, жаһандық дәстүрдің үлгісі аңғарылады.
Ахмет Байтұрсынұлының құбылысын бажайлай келе, төмендегiдей қорытынды жасаймыз:
Бiрiншiден, жаңа да серпінді ағарту ісінің, мәдениеттің, тіл-әдебиет ғылымының тез қалыптасуына бастамашыл болған тұлға елдің ой-сын-бiлiм бiрлiгiне бой түзеуiн қалады. Бұл ретте Абай iзденiсiн үлгi еттi. Ол Шығыс пен Батыс құндылықтарын ұлт мүддесіне сай меңгеріп, ел деңгейін көтеруді көздеді.
Екiншiден, ұлт қайраткерлігіне кең өрiс нұсқады. Томаға-тұйықтық пен өткендi ғана өнеге етудi бiржақтылық деп есептедi. Адамзатқа ортақ игiлiк, iзденiс – қазаққа жат емес деп шештi. Осы орайда «Қазақ» газеті жобасы, төте жазуы мен оқу құралдары – ұлт санасындағы шынайы жаңарудың, сапаға бет түзеудің басы еді.
Үшiншiден, ол руханиятты байыптау, талдау, жүйелеу, халыққа насихаттау үдерісінің ағартушылық функциясына ерекше үмiт артты. Қолынан жазу келетiндерді елдік ортақ iске батыл жәрдем етуге шақырды.
Ұлттың сын сағатындағы Ахмет Байтұрсынұлының қаламгерлік және қайраткерлік еңбегі, қағидаты – заңғар зиялы өнеге ретінде тарихқа енді.