Саясат • 05 Қыркүйек, 2024

Ынталы ынтымақтастық

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Ислам даму банкі, Сауд Арабия­сының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейт экономикалық даму қоры және Абу-Даби даму қоры сынды институттарды біріктіретін Араб үйлестіру тобының (АҮТ) отырысы өтті.

Ынталы ынтымақтастық

Сурет: primeminister.kz

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер, Араб инвестициялық қорлары мен еліміздің мемлекеттік органдары әрі квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – Араб үйлестіру тобының Қазақстан үшін басымдыққа ие инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру.

«Бүгін Қазақстан Республикасында Араб үйлестіру тобының бірінші дөңгелек үстел отырысын өткізу арқылы берік әрі ұзақмерзімді ынтымақтастық бағытында бірлескен алғашқы қадам жасаймыз. Қолдауларыңыз бен ынтымақтастыққа дайын болу­ла­ры­ңыз біз үшін маңызды еліміздің әлеуетін мойындау болып саналады», деді Нұрлан Байбазаров.

Дөңгелек үстел барысында көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары ұсынылды.

Өз кезегінде Араб үйлестіру тобы делегациясының өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дөңгелек үстел отырысының хаттамасына, ОПЕК қорымен жеке сектордағы операциялар туралы негіздемелік келісімге, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі арасындағы келіссөздер хаттамасына қол қойды. Қол қойылған құжаттар одан әрі ынтымақтастық салалар мен әлеуетті жобалардың алдын ала тізбесін айқындайды.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақ­стан экономикасына ұзақмерзімді тікелей инвес­тициялардың сомасы бастапқы кезеңде $7 млрд құрауы мүмкін. Болашақта қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.