Жоба • 05 Қыркүйек, 2024

Мансап компасы – мамандық таңдауға көмек

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Мансап компасы» атты жаңа платформаны іске қосты. Цифрлық шешім пайдаланушыларға еңбек нарығындағы өзекті трендтерді зерделеуге, әртүрлі кәсіптердің сұранысын салыстыруға және оңтайлы білім траекториясын таңдауға бірегей мүмкіндік береді.

Мансап компасы – мамандық таңдауға көмек

Сурет: gov.kz

Платформа 2019 жылдан бергі еліміздің еңбек нарығындағы деректерді талдайды. Бұл пайдаланушыларға өзгерістер динамикасын бағалауға және болашақ үрдістерді болжауға мүмкіндік береді.

Жоба азаматтарға ең көп сұранысқа ие кәсіптерді бағдарлауға және ең жақсы еңбек жағдайы жасалған аймақтарды таңдауға септеседі. Сонымен қатар платформа жоғары оқу орындары, мамандықтар және мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет береді.

Жобаны бастау үшін жоғары білім алуды талап ететін 400-ден аса кең таралған мамандықтарға терең талдау жүргізілді. Келесі кезеңдерде осындай жұмыс негізгі техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша, сондай-ақ қосымша білім саласында жүргізіледі.

2024 жылдың соңына қарай мамандықтар туралы деректерді дәлірек болжау және талдау үшін машиналық оқыту модельдерін енгізу жоспарланып отыр. Порталда жаңа функционал пайда болады. Мысалы, кәсіптер, білім бағдарламалары мен жұмыс орындары туралы ақпаратты сақтауға арналған мәліметтер базасы, сондай-ақ пайдаланушылардың дағдыларын бағалау және жақсарту құралдары сияқты басымдықтар қарастырылады.

«Мансап компасы» жобасының аудиториясы өз мансабын жоспарлауға және кәсіби дамуға мүдделі адамдардың әртүрлі санатын қамтиды. Бірінші кезеңде – мектеп түлектері мен студенттер. Олар үшін платформа сұранысқа ие мамандықтар, жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптар және гранттар алу мүмкіндіктері туралы ақпарат көзі бола алады. Сондай-ақ таңдалған мамандықтың болашағын бағалау, тағылымдамадан өту және болашақ жұмысты іздеу үшін мәлімет береді», деп атап өтті ЕРДО вице-президенті Шалқар Байқұлақов.

Сонымен қатар портал мамандығын өзгерткісі келетін адамдар үшін де өз пайдасын тигізбек.