Пікір • 05 Қыркүйек, 2024

Еңбек адамы құрметке лайық

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ішкі және сыртқы саясаттарын жетілдіре түсудің айшықты міндеттері нақты көрініс тапты.

Еңбек адамы құрметке лайық

Сурет: ашық дереккөзден

Биылғы Жолдаудың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты тақырыппен ұсынылуының өзі ел ертеңіне деген сенімді нығайтып, мемлекет болашағына деген оптимистік үмітке от беріп отыр.

Саяси құжатта отыз жылдан астам қолданыста болған банк жүйесін жетілдіруге арналған жаңа заң қабылдау мәселесі орынды көтерілді. Сонымен қатар еліміздің эко­­номикалық әлеуетінің берік іргетасын қалыптастыру мақ­са­­тында жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыра түсу жолдарын да қарастыру туралы өте маңызды тапсырмалар берілді.

Президент Жолдауда барлық салада инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс жүргізуді тағы да баса айтты. Оның ішінде агро­өнер­кәсіп кешеніне инвестиция тарту өте маңызды міндет екеніне айырықша тоқталды.

Президент: «Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз», деп мемлекеттік даму саясатының нақты жолдарын айқындап берді. Сонымен қатар өткен жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасының табысты нәтижелеріне кеңінен тоқталып, ендігі жерде осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттігін көрсете келе, «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылып жатқан осы оң тәжірибені басқа да аймақтарға тара­туды ойластыруы керектігін Үкімет пен әкімдерге міндеттеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы қоғам ішінде үлкен серпіліс туғызары ақиқат. Өйткені еліміздің барлық саласы қазіргі таңда орта кәсіби мамандар жетіспеушілігін сезініп отыр. Ал бұл мәселенің техникалық және кәсіби білім жүйесін табысты реформалау арқылы оң шешімін табарына күмән келтіруге болмайды. Жалпы, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты арқылы еңбек адамына қашанда құрмет, сый көрсетіп, биікке көтеру бүгінгі Әділетті Қазақстанның жарқын көрінісі болуға апарар жасампаз жол екені даусыз.

Бұлардан басқа да аса үлкен ке­лелі де өзекті мәселелерді көтер­ген жаңа Жолдаудың түпкі мақ­саты ел игілігін арттыруға, қоғам тыныштығы мен ынты­мақты сақ­тауға негізделген.

Ендігі алда тұрған аса жауапты жұмыс – Жолдауда айқындалған межелі міндеттердің табысты орындалуына барынша ықпал ету. Жолдау соңында Мемлекет басшысының «Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік бере­тін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет» екенін жария етуі құжатта нақтыланған әрбір міндеттің барша отандасымызға ортақ екенін айқын білдіреді.

 

Сәкен АРУБАЕВ,

Сенат депутаты