ЖОЛДАУ • 05 Қыркүйек, 2024

Халық үніне құлақ асқан құжат

77 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың биылғы Жолдауы ел күтіп отырған көптеген маңызды мәселені қамтыды. Жолдаудың мазмұны – «есітуші мемлекеттің» нағыз көрінісі. Бірнеше мәселеге тоқталғанды жөн көрдік.

Халық үніне құлақ асқан құжат

Бірінші, банктерге қатысты жаңа заң қабылдау туралы. Ашығын айту керек, бүгінгі таңда елдегі банктер жүйесінің экономикаға жасап жатқан қызметі төмен. Олардың ішкі тірлігіне ешкім де араласа алмайды. Араласқымыз да жоқ. Өкініштісі – банк­тердің экономика саласындағы кәсіп­орын­дар мен кәсіпкерлерді нақты жобалар бо­йынша қаржы­ландырмауы. Мүмкін санаулы жобалар, таңдаулы кәсіпкерлер бар шығар. Менің білетінім – орта және шағын кәсіпкерлердің олардан қаржы алуының қиындығы, пайыздық көлемінің жоғарылығы, қағазбастылықтың көптігі.

Бірақ банктердің барлығының да қар­жылық жағдайы мықты, топ-менед­жер­лерінің жалақасы жоғары, трил­лион­даған қаржы қозғалыссыз есепшоттарында жатыр. Сондықтан да Президенттің бұл саладағы салық мөлшерін әділ белгілеу, банктердің акцио­нер­­лерінің дивидендтеріне сәйкес салық төлеуі керек екендігі туралы айтқаны өте орынды. Қабыл­да­натын заңда осы және басқа да мәселелер нақтылануы керек.

Екінші, шағын және орта бизнесті қолдау жайы. Пре­зи­дент орта бизнестің ел эконо­ми­­касындағы үлесін 2029 жылға қарай 15 пайызға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма бер­ді. Қазір бұл көрсеткіш –  7 пайыз ғана. Дамыған мемлекеттер­де шағын және орта бизнестің үлесі 60-70%-ға дейін жетеді. Яғни, халықтың басым бөлігі өз кәсібімен айналысады, өзін-өзі қамтамасыз етеді. Президенттің тұрғындардың орта буын санатын қалыптастыру керек дегені – осы. Егер тұрғындардың жартысынан астамында өз баспанасы, автокөлігі, балаларын оқытуға мүмкіндігі, өзіне жетерлік табысы болса, эко­но­миканың дамығандығының не­гізгі көрсеткіші де сол болмақ.

Үшінші, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша айтылған нақты мәселелер. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсі­ліне біртіндеп көшіру керек. Шар­уа­лардың біраздан бері айтып жүргені де осы: ұзақ мерзімге, арзан пайызбен несие берілсе – жауапкершілік те артады, мем­ле­кеттің қаржысы да шығын болмайды.

Ауыл шаруашылығындағы ста­тистиканы шынайыландыру осы саланы дамытудың нақты не­гізін қалайды. Мемлекеттік қол­дау көбейгенімен, нақты көрсет­кіштердің жақсармауының себебі де осында.

Ауыл тұрғындарына өз өнім­дерін өндіруге, өңдеуге және сатуға мүмкіндік бере­тін инфра­құрылым құру – ауыл шаруа­­шылығы өнім­дері көле­мінің артуына, баға­ның төмендеуіне оң әсер ететіні даусыз. Ауыл азаматтарының, жақсы қолдау болса, есігінің алдын­да­ғы шаруа­шылықпен өзін де, өзгені де көкөніспен, бау-бақша өнім­де­рімен, ет, ірімшік, сүт-маймен қамтамасыз ететін мүм­кін­дігі то­лық бар. Тек оларды сатып алу, сақ­тау, нарыққа шығару инфра­құры­лымын жасау керек.

Президент Жолдауында қаржы-несие, салық саясатына, индус­трия­ны дамытуға, инфра­­­құ­рылымды, кадрлық әлеуетті арттыруға, экология, медицина, білім, спорт салаларына қатысты көптеген ма­ңызды тапсырмалар беріліп, нақты мақсаттар бел­гіленді. Солар­дың заңнамалық негіз­дерін қа­лып­тас­тырудағы зор жауап­кер­шілікті Парламент депутаттары да толық сезінеді деп се­нім­мен айта аламын.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты