Сурет: ашық дереккөзден
Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқалидың айтуынша, Жер кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес енді жер телімінің 50 пайызы пайдаланылмаса, мемлекет меншігіне қайтарылады. Биыл мұнайлы өңірде игерілмеген 90 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланыпты.
«Қазір облыс аумағында пайдалану мерзімі өткен жер телімдері әлі бар. Сондай жер учаскелері ғарыштық мониторинг арқылы анықталады. Осыған орай мониторингтік топ мүшелері иелеріне пайдалану мерзімі өтіп кеткен жер телімдерін өз еркімен қайтару жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алды. Соның нәтижесінде тұрғындар жер телімдерінің көп бөлігін өз еркімен қайтарды. Енді оларға қайтадан конкурсқа қатысып, жер телімін иелену мүмкіндігі беріледі», дейді Ә.Ермекқали. Оның дерегіне сүйенсек, 2022–2023 жылдары 400 мың гектардан астам жер телімі мемлекеттің иелігіне қайтарылған. Былтыр 275 жер телімі мемлекет меншігіне өткізілген.
«Мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері үшін қайтадан конкурс өткізіледі. Биыл жеті айда 87 жер учаскесі конкурс арқылы қайтадан жер пайдаланушыларға берілді», деп мәлімдеді Ә.Ермекқали.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың мәліметіне жүгінсек, Атырау облысында жер теліміне немқұрайды қарау дерегі кездеседі. Сондай дерек жерді бүлдіру және жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбауға байланысты анықталған.
«Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің қызметкерлері топырақтың құнарлы қабатын заңсыз сыдырып алу және жою фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 337-бабының 1-бөлігімен «АссанаДорСтрой» ЖШС-ға нұсқама беріп, 1 млн 292 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір департаменттің нұсқамасы негізінде аталған жер учаскесі қалпына келтірілді», деп хабарлады М.Теміржанов.
Мақат ауданында кәсіпкерлікті дамыту үшін берілген жалпы көлемі 130 гектарды құрайтын 3 жер учаскесі нысаналы мақсатына сай игерілмеген. Осыған байланысты өңірлік департамент мамандары жер иелеріне 1 жыл мерзім ішінде нысаналы мақсатына сай игеру қажеттігі туралы нұсқама берген екен. Мақат ауданының соты департаменттің Жер кодексінің 94-бабына сәйкес жер учаскелерін мәжүрлеп алып қою туралы талап-арызын қанағаттандырды. Жер учаскелері мемлекет меншігіне өтті.
Атырау облысы