Ауыл • 05 Қыркүйек, 2024

Бекі ауылының қуанышы

109 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім күні Маңғыстау облысындағы Бекі ауылының тұрғындары көл-көсір қуанышқа кенелді. Өйткені бүгінге дейін 1995 жылы кеңшар клубында ашылған бастауыш мектеп ауылдың талай баласын бастауыш біліммен сусындатып келген еді. Сондықтан ауыл тұрғындарының толыққанды мектеп сұраған өтініші биыл жүзеге асып отыр.

Бекі ауылының қуанышы

«NKOK» компаниясының қар­жыландыруымен былтыр мамыр айында қазығы қағылған мек­­тептің құрылысы биыл жаңа оқу жылы қарсаңында толықтай аяқ­талып, пайдалануға берілді. Білім күнінде ауылдың 62 оқушысы жаңа мектеп табалдырығын аттады. Білім ошағы 100 оқушыға арналған. Онда 11 оқу кабинеті, 2 информатика, 1 лингафон кабинеті, акт және спорт залы бар. Екіқабатты мектеп ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүге­дектер көтергіші орнатылған. Білім ордасының аумағы заманға сай абаттандырылып, спорт алаңы салынған.

– Бүгін Бекі ауылының тұр­­ғын­дары көптен күткен қуанышты жаңалықпен қауышып отыр. Ауы­лы­мызда пайдалануға беріл­ген жаңа мектеп заман талабына сай жабдықталған. Сынып бөлме­ле­рінде сабақ беруге қажетті құрал­дардың бәрі бар. Мәселен, қыз бала­ларға ас пісіріп үйрететін арнайы бөлме, ер балаларға арналған еңбек кабинеті, спортзал – бәрі де көз тартады. Сондай-ақ мектеп ауласы толықтай абаттандырылған. Бізге осындай заманауи мектеп салып берген Маңғыстау облысы мен Маңғыстау ауданы әкімдігіне, облыстық білім басқармасына және «NKOK» компаниясына ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы атынан алғысымыз шексіз, дейді мектеп басшысының міндетін атқарушы Айжан Молдашева.

Бұған дейін бастауыш сынып қана оқып келген мектепте енді 1–9 сынып оқушылары білім алады.

Биыл Маңғыстау облысы бо­йын­ша Ақтау қаласынан – 10, Жаңаөзен қаласынан – 2, Мұ­най­лы ауданынан 2, барлығы 6 120 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды.

Ал жаңа оқу жылында пай­да­лануға беріліп, Білім күні шә­кірт­­терін қабылдайды деп есеп­тел­генімен, түрлі мәселелерге бай­­ланысты ашылуы кейінге қал­ды­рылған мектептер де жоқ емес. «Білім беру инфрақұрылымын қол­дау қоры» арқылы салынған 4 800 орындық 4 мектеп, яғни Ақтау қаласының 18-шағын ауданын­да 1 200 орынға арналған жалпы бі­лім беру мектебі, Ақтау қаласы­ның 19А шағын ауданында 1 200 орынға арналған жалпы білім беру мектебі, Мұнайлы ауданы Бас­құдық ауылдық округінің Алау тұр­ғын алабында 1 200 орындық жал­пы білім беру мектебі мен осы аудандағы Қызылтөбе ауыл­дық округінің Қызылтөбе-2 тұрғын алабында 1 200 орынға арналған жал­пы білім беру мектебі бала қабыл­дау­ға дайын болмай шықты. Білім басқармасы қызметкерлері­нің айтуынша, аталған мектептер­дің құжатына байланысты жұмыс­тар аяқталса, қыркүйек айының ішін­де балаларды қабылдайды.

Сондай-ақ Ақтау қаласына кө­шіп келуші тұрғындардың қата­ры артқан сайын, оқушылардың да саны көбейіп отыр. Мысалы, биылғы жаңа оқу жылында Маң­ғыстау облысы бойынша 188 мың­ға жуық оқушы мектепке білім алу­ға келсе, соның ішінде 1-сыныпқа 19 мыңға жуық бала қабылданған. Білім басқармасының мәліме­тін­ше, мектеп оқушылары биыл өт­кен жылмен салыстырғанда 3 пайыз­ға, ал соңғы үш жылда 7 пайыз­ға артқан.

 

Маңғыстау облысы